Диагноз

Ауырғанға «ауа» таситын Абдулдаева

Written by Aray2005

Дауасыз дерттің алдында кез келген адам дәрменсіз. Ал аурудың жақсысы жоқ. Әсіресе түйені түгімен жұту былай тұрсын төрткүл дүниеге қатер төндіруде араны кеңінен ашылған коронавируспен күресте халыққа жәрдемші жан нәсіп. Бұл ретте елдің өмірі үшін ажалдың елшісімен тәулік бойы бетпе-бет кезігіп, адам жанын арашалап жүрген дәрігерлердің еңбегі шынында тау қопарғанмен бірдей. Қазір әлем бойынша індетке қарсы мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Қатерден қаймықпай, сол соғыстың алдыңғы шебінде арпалысып, індет басталғалы бері жанұясымен жүздеспей, ауруханада таң атырып, кеш батырып, Гиппократ антына адалдығын, елінің шын патриоты екенін сын сағатта ілкімді ісімен дәлелдеп жүрген ел жанашыры да осы ақ халатты абзал жандар.

Ауруханаға ешкім еріккеннен бармайды. Шыбын жаны шүберекке түйіліп, жаны қиналған адам соңғы үмітпен ғана аурухана табалдырығын аттайды. «Қанша батыр болса да, жалғызды жауға жіберме» деп халқымыз айтқандай, індетпен күресуге де тек адамның ағзасы төтеп бере алмайды. Бұл ретте науқастарды қызғыштай қорып, қамқорлық танытып жүрген медбикелер мен санитарлық қызметкерлердің жанқиярлығы, ерен еңбегін атап өтпеске болмайды.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жұқпалы блогтың аға медбикесі Гүлнар Абдулдаева жиырма жыл бойы науқастардың риясыз ризашылығына бөленіп жүр. Қарапайым, мейірімді, жауапты маман өз ісінің қыр-сырын бес саусағындай біледі. Қазіргі қатерлі дертпен күресу кезінде оған үлкен жауапкершілік артылған. Ол тынысы тарылған науқастарға, қарапайым тілмен айтқанда ауа тасиды. Ал адамзат баласы үшін бір жұтым ауадан артық ештеңе жоқ екенін ескерсек, аға медбикенің жарғақ құлағы жастыққа тимей атқарып жүрген жұмысы сөзсіз құрметке лайық.
– Мен салалық білімді Қырғызстандағы Талас облысы, Талас қаласындағы медициналық училищеден алдым. Ал еңбек жолым Тараз қаласындағы көпбейінді балалар ауруханасынан басталды. Содан бері осында еңбек етудемін. Менің саналы өмірімнің басым бөлігі осы ауруханада өтіп жатыр. Жиырма жылда ауруханаға келіп түскен әрбір науқастың жайын жасап, сауығып кетуіне іштей тілеулес болып жүремін. Коронавирус індеті пайда болғалы бізде тыным жоқ. Науқастар өте ауыр халде түсіп жатыр. Оларға дәрігер тағайындаған дәрілерді дер кезінде салып тұру біздің міндетіміз. Оған қоса пневмония кезінде науқастарға ауа жетпей, тынысы тарылады. Адамның жаны қиналғанын көрудің өзі оңай емес. Жанары сығырайып, еріндері көгеріп кетеді. Сол сәтте әрбір қиналған жанға оттегі концентратын қосамын. Мұнда әрбір секунд маңызды. Науқас қиналып жатқанда беймарал түскі асыңды ішіп отыра алмайсың ғой. Оның үстіне таңертеңнен кешке дейін қазіргідей шілденің шіліңгірінде обаға қарсы арнайы киіммен жүреміз. Жұмыстың оңайы жоқ. Қаншалықты қиындық болса да науқасты өлімнен арашалап алу үшін барымызды саламыз. Қазір бізде отыздан аса адам осындай оттегі концентратында жатыр. негізгі сатурация көрсеткіші 90-100 болғаны жөн. Ал сатурация көрсеткіші төмендеп кетсе адам өздігінен дем ала алмайды. Осындай халдегі науқастардың барлығын егде жастағы кісілер құрайды. Сондықтан карантин кезінде өзімізді, отбасымызды, жақындарымызды мұндай күйге душар етпейік. Халықты мүмкіндігінше үйде болуға шақырамын,– дейді Гүлнар Әшірбекқызы.
Ауруханаға алда-жалда науқастанып қалған таныстарыңның немесе жақыныңның халін сұрап бара қалсаң, медициналық құралдарды, ауруы жанына батып қиналғандарды көріп арқаңнан аяз жүгіреді. Ал науқастар үшін аурухананың жылуы осындай мейірімді медбикелер екені жасырын емес. Сондықтан аты жаман аурумен арпалыс кезінде медбикелердің еңбегі де кез келген құрметке лайықты.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР