Ауыз бекіту иммунитетті төмендетпейді

0 5

Ораза ұстаудың не нәрсе екенін бала күнімізде онша түсіне бермейтінбіз. Алайда оның жақсы амал екенін іштей түйсінуші едік. Шатаспасам бесінші әлде алтыншы сынып оқып жүргенімде әжем ауыз бекітті. Мезгіл көктем еді. Оразаның алғашқы күні таң атпай ол кісімен бірге мен де сәресі ішіп алдым. Бірақ мектептен келгенде түскі шайға дейін шыдамай, әрі ораза тұтқаным есімнен «тарс» шығып, бұралақтап нан жей бастадым. Осыны көрген әжем: «Тұқымың өскір-ау, сен ауыз бекітпеп пе едің?. Мейлі ертеңнен бастап қайтадан ораза тұта берсең болады. Алла жастың тілеуін қабыл етеді ғой», – деп діннен айтарлықтай хабары болмаса да, ауыл қарияларынан естіген шариғат заңына менің бұл қылығымды сыйыстырып жібергені есімде. Балалықтың желігімен бірнеше күн осылай сәресі ішіп шыққаным бар.

Ол уақытта ауылдағы ағайын арнайы кезекке тұрып, үйме-үй ауызашар беруге асығатын. Бірді- екілі қариялар есегін тепеңдетіп көшеден өтіп бара жататын. Бұрын ауыз бекіту тек шал-шауқан, кимешекті әже секілді жасы үлкендерге тән іспетті көрінуші еді. Өсе келе бұл үрдіс жасарып, уақыт өткен сайын жастың да, жасамыстың да бес парыздың бірі – ораза ұстауына деген құлшынысы арта түсті. Қазір ауыл тұрмақ, қаланың қазақтары да бұл парызға адалдық танытып келеді. Бұл да бір мұсылман үшін мереке іспетті. Дегенмен биыл жағдай басқаша болғалы тұр. Оған коронавирус пандемиясы сеп болғаны баршаға аян. Өйткені елімізде төтенше жағдай 1 мамырға дейін ұзартылды. Ал Рамазан айы 24 сәуірден басталып, Ораза Айт мерекесі 24 мамырға белгіленіп отыр.

Осы ретте біз облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевке хабарласып, мұсылмандардың Рамазан айында қандай сақтық шараларын ұстануы керектігін сұраған едік.

– Аталған мәселеге қатысты біз қала және аудан имамдары арасында онлайн режимде жиналыс өткіздік. Оған «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің наиб имамдары мен мешіт қызметкерлері де қатысты. Жиында айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айындағы іс-шаралар мен айтулы күндер, діни рәсімдер мәселесі тілге тиек етілді. Мұндағы басты мақсат – халықты коронавирустан қорғау.

Қазақ негізі ақкөңіл, қолы ашық халық. Бірін-бірі ауызашарсыз да шайға шақырып үйренген. «Үйіме топырлатып қонақ шақырып жатқан жоқпын ғой, Құдай сақтасын, тек бір ғана көршімді шайға шақырғанда тұрған не бар?» деп біреуді-біреу үйіне шақыруға дәл қазіргі жағдайда болмайды. Егер тұрғындар көпшілікке тапсырыс беру арқылы ас таратуға жағдайы келмей, бірақ ауызашар беру арқылы сауап жинағысы келіп тұрса, әркімнің бөгде адамды қатыстырмай, ауызашарды өз отбасына арнап беріп, тарауық намазын өз үйінде оқуына да болады. Тұрғындар осындай сақтық шараларына қатаң мән бергенде ғана, пандемияның тездетіп жойылуына, таралмауына жол ашылады, – деді ол.

Имамдар денсаулығы жақсы адамдардың ораза тұтуына болатынын айтқанымен қарапайым тұрғындар арасында адам ауыз бекіткенде иммунитеті төмендеп, әлсірейтіні, мұндай жағдайда олардың вирус жұқтырып алуы мүмкін екені жөнінде екіұшты пікір қалыптасқан. Осыны ескере отырып Тараз қаласындағы №5 емхананың иммунолог дәрігері Минаш Абылаеваға хабарласып, пікірін тыңдадық.

– Қазақ нақ осы мезгілді «Ұзынсары» деп атайды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында адамның иммунитеті төмендейтіні рас. Бірақ мұны оразамен байланыстыруға болмайды. Жалпы жүрек қан тамырларында ақауы бар, қан қысымы жоғары, қант диабеті секілді тағы да басқа созылмалы дертке шалдыққандардың карантин болмаса да ораза ұстамағаны дұрыс. Себебі мұндай жағдайда ашығу, асқазанға салмақ түсіре тойынып тамақтану қауіпті. Ал денсаулығы қалыпты адамдар қайта ауыз бекітсе пайдалы. Ораза тұту арқылы ашыққан адамның иммунитеті әлсірейді деген жаңсақ пікір. Тек жеке бас тазалығын барынша ұстанып, көпшілік жиыннан аулақ болып, үй жағдайында ораза тұтуына болады.

Кейінгі кезде «Иммунитетімізді көтерейік!» деп жұрттың ас талғамай, мезгілсіз тамақтанып жатқанын әлеуметтік желі арқылы көріп отырмыз. Ол да дұрыс емес. Артық нан жеу де зиян екенін ұмытпауымыз керек. Бір айта кетерлігі, осы күні мектеп оқушылары да ораза ұстайтын болып жүр. Мұны құптамаймын. Балалардың ағзасы оған дайын емес. Жүйкесіне салмақ түсуі мүмкін, – деді Минаш Расылханқызы.

Ауызашар бергісі келетіндердің онлайн тапсырыс арқылы өзгелерге ауызашар ретінде ас-су таратуына да болады. Осы орайда Тараз қаласындағы бірқатар мейрамханаларға хабарласып көрдік. Олар кез келген тапсырысты қабылдауға, көрсетілген мекенжайларға жеткізіп беруге құлшынып отыр. Соның ішінде «Изюм» дәмді палау орталығының жетекшісі Алихан Айтбаев 100 адамға арналған ауызашар мәзіріне онлайн тапсырыс қабылдай алатындарын айтты. Ол өз кезегінде ауызашар үшін палау мен етке тапсырыс түседі деп күтіп отырғандарын да жасырмады. Мәзірдегі палаудың бір адамға шақталған мөлшерінің бағасы 500-800 теңге аралығында, бір отбасындағы бес адамға арналған бір табақ етті 2500-3000 теңгеге, бір адамға арналған осындай асты 500-700 теңгеге шаһардың кез келген бұрышына жеткізіп беруге әзір. Тапсырыстың бағасы 5000 теңгеден асатын болса жеткізіп беру құны тегін көрінеді.

Жалпы, денсаулық болса, ораза тұтқанға не жетсін. Ал оған мүмкіндік болмаса, сауапқа ауызашар беру арқылы кенелуге болатыны шариғатта бар. Сондықтан жұрт белгіленген тәртіп бойынша ораза тұтқандарға ауызашар берсе, мұның дәл қазіргі жағдайда қайырымды іс ретінде де салмағы арта түсетіні сөзсіз.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.