"Көңілашар"

«Ауызашар»

Written by Aray2005

Қайбір жылы… Досым әрі бауырым Бейсенбай Тәжібаев қазіргі Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактор кезі болса керек, ауылында ауызашар беруге ниеттеніпті. Малын сойып, дастарқанын жайып, кешке ауыл адамдарын күтеді. Мезгіл қоңыр күз болса керек, Бейсеннің ауылдағы ағасы қырда «К-700» тракторымен жер айдап жүр екен. Оған Бейсен: «Әке орнына әке боп жүрген үйдің үлкені боласыз, кешке ақсақалдар келгенде алдынан шығып амандасыңыз, ауызашар уақыттан бұрын кеп қалыңыз», деп ескертеді. Шынында ағасы жер дүниені тарылдатып, үлкен тракторымен ауызашар уақытысынан әлдеқайда ертерек келеді.
Қас қарая шалдар да келе бастайды. Бұлар құрақ ұшып қарсы алады. Ауыз ашылып, ел ет жеп, нарын ішеді. Тәребе намазын оқиды. Осы кезде Бейсеннің шаруақор ағасы «Менің миссиям осымен аяқталды» дегендей өзі бата қылып, «Мен түнімен біраз жер жыртып, жұмысты өндіріп тастайын» деп, тракторымен қырға кетіп қалады.
Шалдар шай ішіп, әжептеуір әңгіме-дүкен құрып, түннің бір уағында тарасады. Осы кезде қараңғы көше жақтан шу шығыпты. Бейсен жүгіріп барса, көрші ауылдан келген бір шал есегін таппай тұр екен. «Ата, есегіңізді қайда байлап едіңіз?» деп сұраған ғой. Сөйтсе шал «Соған өзім де аң-таң болып тұрмын ғой, қарағым… Осы жерде тұрған бір трактордың соқасына байлаған сияқты едім» дейтін көрінеді…
Шынында шал есегін ұп-ұзын соқаның ең ұшына байлаған екен. Бейсеннің ағасы қараңғыда «К-700» тракторына асығыс мінген де, соқасын тік көтерген күйі қыр асып кетіп қалған ғой. Есек байғұс, сөйтіп, Ораза айында қылғынып, шейіт болып кетіпті. Тағы жаны жәннатта болғыр көк есекті шал көршісінен сұрап, мініп келген екен. «Қап, көршіден ұят болды-ау» деп, шал шапанының сыртынан санын соға берген көрінеді.

Оралхан ДӘУІТ,
журналист

ПІКІР