Жамбыл жаңалықтары

Ауызсу мәселесі алаңдатып тұр

Written by Aray2005

Кеше аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен жиында елді мекендердің ауыз су жүйесін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен саладағы түйткілді мәселелер талқыланды. Білгеніміздей, біздің облыс тұрғындарды орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші жөнінен елімізде ең соңғы орындарда тұр екен. Осыны ескере келе Асқар Исабекұлы ұзын-сонар хабарламаға уақыт жоғалтпай, жиынды бірден проблемалық нысандардың қазіргі ахуалымен танысып, нақты шешу жолдарын қарастырудан бастады.

Жиында өңірдегі елді мекендердің ауызсумен қамтылуы туралы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров әңгімеледі. Алдымен қалалардағы жағдайды таныстырып өткен Н.Алдамжаров облыс қалаларында тұратын 444 425 адамның 385 080-і, яғни 86,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылғанын айтып өтті. Оның ішінде Қаратау мен Жаңатас қаласы 100 пайыз қамтылса, тараздықтардың 87,7 пайызы, ал, Шу қаласы тұрғындарының 57,2 пайызы ғана орталықтандырылған ауызсу ішіп отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы 373 елді мекеннің тек 189-ы ғана орталықтандырылған ауызсумен қамтылып, 181 елді мекен тұрғындары құдықтан немесе өз ауласынан шығарып алған колонкалардан су ішіп отыр. Бұдан бөлек, үш ауылдың тұрғындарына таза ауызсу әлі күнге сырттан тасымалданып келеді екен.
Жалпы, жекелеген елді мекендердегі жылдар бойы қордаланған ауызсу жүйесі төңірегіндегі мәселелермен жіті танысқан А.Мырзахметов өз орынбасарлары мен тиісті мекеме басшыларына жұмысты жүргізудің жүйелі жоспарын жасау керектігін тапсырды. Басқосу барысында облыс әкімі әлеуметтік мәселелердің ішіндегі ең өзектілерінің бірі – таза ауызсу проблемасын уақыт созбай шешу керектігін ескертіп, орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған 184 елді мекенге су жүргізудің тиімді жолдарын ұсынды. Мәселен, жер асты суын іздеу үшін жер бұрғылайтын арнайы техниканың облыста жоқтығы миллиондаған қаржыны шығындағалы отыр. Яғни, ашық су көздерінен су алу мүмкіндігі жоқ 31 елді мекен маңынан бұрғылау жұмыстарын жүргізгені үшін әлгіндей техникасы бар мердігерге шамамен 450 миллион теңгедей қаржы кетеді екен. Одан қайта, аймақ басшысы сол техниканы өз балансымызға сатып алып, қыруар қаржыны үнемдеп, әрі ауызсу жүйесі жаңғыртуды қажет ететін өзге де елді мекендердің игілігіне пайдалану жолдарын айтып өтті.
Жиынды қорытындылаған Асқар Исабекұлы алда бұл мәселе бойынша тағы бір мәрте бас қосып, сапалы әрі терең талдауларды негізге алып, саладағы, әсіресе, аудандардағы жылдар бойы қордаланған проблемаларды шешу жолдарын нақтылау керектігін жауаптыларға тапсырды.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР