Жамбыл жаңалықтары

Ауызсу мен газ мәселесі – басты назарда

Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өңір тұрғындарын ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жиын өтті. Басқосуда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндама жасап, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға және түйіні тарқамай тұрған түйткілдерге тоқталды.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, 2018 жылдың 1 қаңтарына өңіріміздегі 4 қаланы орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 84,7 пайызды құрапты. Десе де, көрсеткішті ағымдағы жылдың соңына дейін 86,0 пайызға жеткізу көзделуде екен. Бұл межеге қол жеткізу үшін Тараз қаласында «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабында сервистік желілердің құрылысына биыл республикалық және облыстық бюджеттен 334,6 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 46,2 шақырым болатын құбыр жүйелері жүргізілмек. Сонымен қатар, осы алқаптың 12,3 шақырым су құбыры желілерін кеңейтуге арналған құны 183,5 миллион теңге болатын жобаға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда осы екі жоба бойынша құрылыс жұмыстары басталуда.
Бұдан бөлек, «Тараз су» кәсіпорны Қант зауыты аумағындағы жобалық құны 205,6 миллион теңге тұратын 8 көшеге 7,2 шақырым су құбырларын тарту жұмыстарымен айналысуда.
Ауызсу мәселесі Қаратау және Жаңатас қалаларында толығымен шешімін тапқан болса, Шу қаласының орталықтандырылған ауызсумен қамтылу көрсеткіші төмен. Жиын барысында Нұрлан Жанұзақұлы Шу ауданы әкімдігінің осы бағытта жобалар әзірлеп, басқа шағын қалалардағыдай халықты толық сапалы ауызсумен қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді.
Жалпы, облыстағы 373 елді мекеннің
189-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылса, қалған 181-і таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Ал, 3 ауыл суды тасымалдап тұтынуда. Облыс әкімі бұл мәселені жіті бақылауға алып, елді мекендерді таза ауызсумен қамту жұмыстарын жүйелеуді жауапты мамандарға тапсырды.
Сондай-ақ, жиын барысында қалалар мен аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамту мәселесі де жан-жақты талқыланды. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінде өңірде 377 елді мекен бар болса, соның 181-іне газ тартылған екен. Осы орайда, 2018-2025 жылдары қосымша 173 ауылға газ құбырын тарту жоспарлануда. Ал, 23 елді мекен магистральды газ құбырынан 50-100 шақырым қашықтықта жатқандықтан аталмыш ауылдар газдандырылмайтын болды.
Баяндамашыны мұқият тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР