Жастар.kz

Авиациялық орталық асқар асуларға бастайды

Written by Aray2005

Жастарға патриоттық тәрбие беру – бұл мемлекеттік жастар саясатының бір бағыты. Елінің патриоты болу – өзінің ар-намысы және жеке қадір-қасиеті бар кез келген адам үшін әрқашан парыз саналады. Бұл орайда құрылғанына 18 жыл болған жамбылдық жастардың авиациялық орталығының маңызы зор. Себебі онда тәлім алушылар еліміздің әуе қорғаныс күштеріне дайындықтарынан өзге елді қорғауға деген патриоттық сезімдерін де арттырады.

Негізінен, 2001 жылы запастағы подполковник Анатолий Кисильдің идеясымен құрылған орталық алғаш өңірдегі №14057 әскери бөлімінің базасында ашылыпты. Әскери-азаматтық авиацияның резервті дайындығын күшейту, облыстың спорттық авиациясының әлеуетін көтеру, жастарды қылмыс пен радикалды ағымдардан қорғау мақсатында жұмыс жасап келе жатқан орталық 2004 жылы әскери құрылымның жаңадан жасақталуына байланысты Тараздағы «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының базасына көшкен. Айта кетерлігі, қоғамдық бірлестік ретінде патриотизм бағытындағы жұмысын жандандырып отырған орталықтың құрамында екі негізгі оқытушыдан өзге 6 Ауған соғысының ардагері болашағын әуе қорғанысы күштерімен байланыстырған жастарды тәрбиелеу үстінде.
Аталған орталықты тәмамдаған курсанттар оқуды аяқтағаннан кейін авиациялық жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, ұшқыш мамандығын иеленуге толық мүмкіндіктері бар. Олар осындағы екі жыл ішінде парашютпен секіруді, парапланмен ұшуды және әскери топография, физикалық, саптық, таудағы және авиациялық дайындық, төтенше жағдайлардан аман қалу тәсілдерін, қоян-қолтық ұрыс ережелерін меңгеріп шығады. Сондай-ақ аэродинамика, навигация, ұшақ пен тікұшақ құрылысына қанығып, болашақ мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіреді. Дегенмен орталық басшысы Анатолий Кисильдің сөзінше, басты мақсат курсанттарға патриоттық тәрбие бере отырып, өз Отанының мүддесін ойлау, туған жерге деген адалдық пен азаматтық сезімдерін ояту екен.
– Бүгінгі қоғамның маңызды бөлігі болып отырған жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулу мәселесінің маңызы зор. Сондықтан орталықтың да алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – жастарды маман ретінде тәрбиелеу ғана емес, олардың елі мен жеріне деген махаббаттарын оятып, қоғамдағы әртүрлі жағдайларға бейжай қарай алмайтын саналы ұрпақ ретінде қалыптастыру. Сол себептен біз өз әдістемемізде оларды сабақтан тыс уақытта қоғамдық ортада орын алатын кез келген жағдайға дайын болуға тәрбиелейміз. Мысалы, тосыннан техногендік апат бола қалған жағдайда көпшілік қандай қадамға баратындарын білмей жатады. Ал біздің курсанттар ондай жағдайға әрдайым дайын. Осы мақсатта олардың физикалық дайындықтарын арттырып, алғашқы медициналық көмек көрсету жағдайларына бейімдейміз. Бүгінде 25 курсантымның кез келгені көпқабатты үйлердің балкондарына емін-еркін шығып, қол ұшын соза алады. Міне, патриоттық сезімнің алғашқы баспалдағы осы. Содан кейін барып мамандыққа машықтандырамыз. Бүгінде базамызда «Ту-154» және «Ан-74» сынды тікұшақтарымыз бар. Парашюттер мен парапландарымыз курсанттардың теориялық білімдерін практикалық негізде үйренуге жеткілікті. Айта кетерлігі, қазіргі таңда курсанттарымыз ақылы негізде аптасына 3 рет білім алуда. Олар айына бар-жоғы 1 000 теңге ғана төлейді. Себебі бізге келушілердің көпшілігі облыс орталығына жақын елді мекендерде тұрады. Алдағы уақытта грант алу жағын қарастырып отырмыз, – дейді Анатолий Николаевич.
Аталған орталық жұмыс істеп келе жатқан 18 жыл ішінде облыс орталығы мен жақын жерлерде орналасқан елді мекендерден 1 500-ден астам жасөспірім тәлім алған. Сонымен қатар үшінші дәрежелі 300-ге тарта спортшы-парашютші дайындалса, олардың арасынан төрт тәлімгер парашюттен Қазақстан командасының құрамына қабылданыпты. 300-ден астам жігіт пен бойжеткен бастапқы деңгейдегі спортшы-парапланерист атанған. Авиаорталықтың 27 түлегі Қазақстан, Ресей және Беларусь әскери жоғары оқу орындарын тәмамдап, ұшқыш, штурман, ҚР Әуе қорғаныс күштерінің әскери бөлімшелерінің мамандары қатарынан табылған. Бұдан өзге бірқатар тәлімгерлер Қазақстан Республикасының азаматтық авиация академиясын тәмамдаған. Олардың арасынан оқу мекемесінің тарихында алғаш рет Тараз қаласынан үш бойжеткен «Ұшу» факультетіне қабылданып, ұшқыш дипломын алған. Атап айтқанда, Әйгерім Молдашева, Полина Павлова және Евгения Гончарова «Боинг» компаниясының халықаралық орталығында (Флорида штаты, АҚШ) дайындықтан өтіп, екінші ұшқыш ретінде «Эйр Астана» компаниясында қызмет етуде. Әйгерім Молдашева – Қазақстанда «Боинг» ұшағының қыр-сырын жетік меңгерген екінші бойжеткен ұшқыш екен. Міне, осының өзі орталық жұмысының жемісін, жеткен жетістігін көрсетсе керек.
Аталған орталық әскери авиациялық жоғары оқу орындарында оқығысы келетін жастарға алғашқы баспалдақ қызметін атқаруда. Мұнда білім алған жастар жоғары оқу орнына барғанда теориялық білімінен бөлек, физикалық жағынан да дайын барады. Сол секілді осында білім алып жатқан курсанттың бірі Махаббат Аманжол болашағын әуе қорғаныс саласымен байланыстырып, орталық табалдырығын аттапты.
– Ұшқыш болу – бала кездегі арманым. Сондықтан алдағы уақытта Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында білім аламын деп шештім. Ол оқу орнына түсу үшін талап қатаң, екінің бірі түсе бермейді. Сол себептен авиациялық орталыққа келіп, қазірден білімім мен физикалық мүмкіндігімді арттырып жатырмын. Мұнда теориялық білімімізді әрдайым практикамен ұштастыруға болады. Өйткені біз арасында ұшаққа мініп, парашютпен секіріп, тауға барып парапланмен де ұшып тұрамыз, – дейді курсант М.Аманжол.
Мүмкіндігінше болашақ әскери мамандарды, оның ішінде парашютистер мен парапланистерді, ұшқыштарға тәлім мен тәрбие беріп келе жатқан орталықтың жұмысы көңіл қуантады. Алдағы уақытта да оның болашағы баянды болатынына сенім мол.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР