Жастар.kz

Автокеруен жұмысын аяқтады

Мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі – өрелі өрендерге дұрыс жөн сілтеп, құқықтық сауаттылығын арттыруға негізделген. Осы орайда, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы таяуда «Елбасы Жолдауы – дамудың жаңа бағыты» атты автокеруен ұйымдастырып, аудандарға аттандырған болатын. Енді, міне әр саланың өкілдері қамтылған автокеруен өңірлерге жасаған сапарын Тараз қаласында түйіндеп, кеңес беру алаңының бел ортасынан табылды.
Тараз қалалық мәдениет үйінің алдында өткен шара барысында әр түрлі санаттағы жастар өздерінің көкейінде жүрген сан салалы сауалдарына тұшымды жауап алды. Әсіресе, мамандарға мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, жұмысқа орналасу, оқуға түсу мүмкіндіктері туралы сауалдармен келген азаматтар көп болды.
Осы ретте біз облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкері Ықылас Балтабековты сөзге тартып, іс-шара жайлы пікірін білдік.
– Бұл жоба көптеген адамдардың алтындай уақытын үнемдеуге таптырмас мүмкіндік болды. Көбіне ауылдық жерлерде өзін алаңдатып жүрген сауалдармен кімге жүгінерін білмей немесе басқа да жағдайлармен мекемелердің есігін ашуға мүмкіндіктері болмай жүрген азаматтар көп екен. Өздеріңіз көріп тұрғандай, Тараз қаласында да жиылған жұртшылықтың қарасы қалың. Жастар жағы көбіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы сұрайды. Бұл бағдарлама әлеуметтік, мәдениет, білім, медицина, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істегісі келетін мамандарға үлкен мүмкіндік. Себебі, мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан әр жасқа көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие төленеді.Міне, біз осындай қаржылақ қолдауларға қалай қол жеткізуге болатындығын түсіндіріп жатырмыз,– дейді Ықылас Қоянтайұлы.
Биылғы 21 мамыр мен 8 маусым аралығында 10 ауданды қамтыған автокеруен халыққа, әсіресе жастарға барынша тиімді ақпарат беруде аянып қалған жоқ. Тараз қаласында өткен шара да жалынды жастардың ертеңге деген сенімін нығайтып, еңбекке деген құлшынысын арттыра түсті.

Сәндібек ПІРЕНОВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 2-курс студенті

ПІКІР