Мәдениет

«Ай астындағы Кентавр»

Written by Aray2005

Белгілі ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылық кеші Алматы қаласында жоғары деңгейде өтті

Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлының 50 жылдық мерейтойына арналған «Ай астындағы Кентавр» атты жыр кеші өтті. Кешке ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткерлері, өнердегі замандастары мен қаламдас інілері, жалпы жырсүйер қауым қатысып, рухани сөз өнерімен сусындады.

Әнмен өріліп, жауһар жыр төгілген кештің «Ай астындағы Кентавр» деп аталуы да тектен-тек емес. Жалпы, Маралтай Райымбекұлы әдебиетімізге «Кентавр» ұғымын енгізген ақын болып есептеледі. Өзі де кентавр рухтас болмыс-бітімімен сонау аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдары әдеби ортаға тыңнан түрен салып қосылды.
Отты жырды жалындатқан тағылымы терең кеште Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев шаһар басшысы Бауыржан Байбектің құттықтау хатын жеткізіп, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Кентавр бейнесін бойына сіңірген ақынның түнде жанған алаудай тағдырлы жырларын жастардың кие тұтатынын атап өткен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын сахна төрінде ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет оқып берді.
Бұл кеште бірқатар лауазымды тұлғалар да жүректегі жылы лебіздерін мерейтой иесіне құттықтау хаттары арқылы жеткізді. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин өзінің құттықтау хатында: «Бұралаңы мол өмір жолыңыз бен шабытты өнер жолыңыз бүгінгі ұрпаққа сабақ аларлық тағылым. Осылайша ердің жасы елуді абыроймен еңсеріп отырсыз! Қазақ қара өлеңінің ақтаңгері атануыңыз соның айғағы»,деп ақын өлеңдерінің ұрпаққа тағылымы мол екендігін атап өткен.
Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев та құттықтау хатында өжет рухты ақынның жырсүйер қауымды өзінің талантымен тамсандырып келгенін айтқан. «Сіз тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қазақ поэзиясындағы сабақтастықты жалғастырған тұтас бір буынның талантты өкілдері қатарында кең танымалдылыққа ие болдыңыз. Азаматтық өр рух пен лирикалық нәзік сезімге толы жырларыңыз әдебиет сыншылары мен жырсүйер қауымнан жоғары баға алған туындылар», деп Бақытжан Сағынтаев ақынның төл әдебиетіміздегі таудай таланттар шоғырын толықтырып тұрғанын жеткізген.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің құттықтау хатында да ақынды шабыттандыратын ақ ниет пен таза тілек айтылған. «Өз басым өзіңнің осынау табиғатыңа тән ерекше ақындық шабытыңнан туған творчестволық мирасың ұрпақтар санасында мәңгілік хатталған ұлттық қазына деп білемін. Осынау өміріңнің кезекті белесі тың қажыр-қайрат әкелсін!», деп Иманғали Тасмағамбетов ұрпаққа тағылымды тәрбие берудегі ақын мұрасының рухани маңыз­дылығын атап көрсеткен.
Сондай-ақ бұл кеште ақынның туған жері Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин құттықтау хаттары арқылы арқалы ақынға жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты сәтте Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы, Ресейдің мәдениет саласының үздігі, ақын Владимир Бояринов сөз алып, мерейтой иесін «Литературный Олимп» халықаралық әдеби сыйлығымен және медалімен марапаттады.
Көрерменнің қошеметінен шабыттанған ақын сахна төрінде шабыт шыңына шығып, отты жырларының алауын жалындатты. Кеш барысында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімұлы, Нұрлан Өнербаев, Азамат Сатыбалды, Дулыға Ақмолда, Айгүл Иманбаева, Ерлан Біләл тәрізді белгілі өнер өкілдері ақын жырларын оқып, шайырдың шығармашылығына суарылған шараның мазмұнын байытып, поэзияның құдіретімен құнарландыра түсті. «Кентаврдың қазақшасы– Маралтай» деген ақын Иран-Ғайып сахна төрінде шабыттана ақынға арнау оқып, қазақтың қара өлеңінің күшімен көрерменнің бойына рухани қуат құйды.
Дәстүрлі өнерімізді дәріптеп жүрген Еркін Шүкіман, Сәуле Жанпейісова бастаған бірқатар дүлдүл әншілер де өнер көрсетіп, көптің ықыласына бөленді. Әкесінің жалынды жырын тебірене оқыған ақынның туған перзенті Арнұр Маралтайқызы өршіл өлеңнің өрнегі арқылы бір сәтке шайырдың көңіл терезесіне, сырлы сезім әлеміне үңілдіріп, жан дүниесіне жақындата түсті.
Кешке жиылған қауым осылайша ақынға айрықша қошемет көрсетті.

Талғат НҰРХАНОВ

Тараз – Алматы – Тараз

ПІКІР