Аяқдопшылардың ақхалаттыларға алғысы

0 0

«Тараз» футбол клубының ұжымы әлемдік пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлер мен медицина саласының барлық қызметкерлеріне құрметпен қарап, адам жанын арашалаудағы істеріне бас иеді. Күн-түн демей денсаулық күзетінде сырқаттанған жандардың жанынан табылып, жәрдем жасап жүргендер қандай құрметке болса да лайық.
Кеше футбол клубының әкімшілік құрамы мен ойыншылары коронавирус жұқтырғандар мен пневмониямен ауырып жатқан жандарды емдеп жүрген инфекциялық стационардағы 100 медицина маманының түскі асына ыстық тамақ пен жеміс-жидек жеткізді.
– Қауіпті инфекциямен күресте ерлік танытып, алғы шепте жүрген дәрігерлерге деген шынайы құрметімізді білдіргіміз келеді. Бастысы ақхалатты абзал жандарға рухани демеу көрсету. Біз қарапайым азаматтар дәрігерлермен бірге екенімізді көрсетіп, олардың ісін ерлік санаймыз, – дейді клуб басшысы Талғат Тұрлыбайұлы.
«Тараз» футбол клубының басшылығы шетелдік 5 дана өкпені жасанды желдету аппаратына тапсырыс беріп қойыпты. Олар алдағы уақытта ауруханаларға жеткізілмек. Айта кету керек бұл құрылғыларды сатып алуға футбол клубының қызметкерлері мен футболшылары өздерінің жеке қаражаты есебінен демеушілік танытты.

«Тараз» футбол клубының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.