"Тарих. Таным. Тағылым."

Аяласаң, табиғатты аяла!

Written by Aray2005

Қазіргі таңда адами факторлардың әсерінен астаң-кестеңі шығып, уысымыздан уатылып, көз алдымызда жойылып бара жатқан табиғи құндылық­тары­мыз жетерлік. Салдарынан құрғақ­шы­лық, ауызсу тапшылығы, ауа райының құбылуы, табиғи апаттар, аң-құстардың жойылуы секілді экологиялық дағдарысқа душар еткізетін жайттар да ғаламды алаңдатып отырған мәселе екені жасырын емес. Осындай келеңсіздіктер мен кедергілердің себеп һәм салдарынан өмірге Табиғат-Ананың тағдырын қаузап, жоғын жоқтаған «Қызыл кітап» келді. Бүгін Жамбыл өңірі бойынша осы жинақтың трагедиялық тізіміне еріксіз еніп кеткен жануарлар мен өсімдіктер дүниесі жайлы сөз еткенді жөн көрдік.
Жалпы, адамзат аудиториясына «Қызыл кітап» ұғымы ғылыми тұрғыда 1966 жылдан бастап енгенін айтады мамандар. Осындағы «қызыл» деген сөз «қауіп төніп тұр» деген адамзат баласына ескерту ұғымы екені еңбектеген балаға да түсінікті шығар. «Қызыл кітаптарға» жер бетінде жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың түрлері тіркеліп, ондай түрлерді сақтап қалудың және қорғаудың қажеттігі тайға таңба басқандай нақты көрсетілген. Әрбір «Қызыл кітап» шығарылу дәрежесіне сәйкес ең қажетті мемлекеттік құжат болып саналады.
Қазақстанда алғашқы «Қызыл кітап» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1978 жылғы 16 қаңтардағы №20 арнайы қаулысына сәйкес жарық көре бастады. Қазақстанда шыққан алғашқы «Қызыл кітаптың» 1-бөлімі омыртқалы жануарларға арналды және оған 87 түрі тіркелді. Ал Қазақстанның өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабы» 1981 жылы жарық көріп, ондағы түрлер 2 санатқа бөлініп берілді. Атап айтқанда, оның біріншісі жойылып кету қаупі төнген түрлер болса, ал екіншісі сирек кездесетін түрлер. Жалпы мамандардың айтуынша, мемлекеттік «Қызыл кітаптар» әрбір 10 жылда өзгертіліп әрі толықтырылып отырылуы қажет.
Ақынға жер-су ортақ, қызу да ортақ,
Жыр боп жүр жиі-жиі «Қызыл кітап».
Жүз жүрек кеудесінде бола қалса,
Береді табиғатқа жүзін матап, – деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлаған «Қызыл кітаптың» қысқаша ғұмырнамасы осындай. Киелі Жамбыл, әсем табиғаты әсерлі тарихымен астасқан Әулиеата жерінде де бұл кітапқа енген тіршілік иелері аз емес.
Мәселен, Жамбыл облысының мемлекеттік орман қоры аумағында «Қызыл кітапқа» енгізілген 21 аң-түрі мекендейді. Атап айтқанда, олар 606 арқар, 1 128 қарақұйрық, 59 үнді жайрасы, 65 бүркіт, 30 жек дуадағы,
1 705 бұлдырық, 556 безгелдек,74 ұбақ, 16 ителгі, 40 жапалақ, 14 үкі, 16 қарақұс. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, оларға жыл сайын жүйелі түрде санақ жүргізіледі екен. Санақ нәтижесі көрсеткендей, олардың өсімі байқалған. Мысалы,
2 жылдың ішінде «Қызыл кітапқа» енгізілген Қаратау арқарының саны 25,9 пайызға, қарақұйрықтың саны 11,5 пайызға, үнді жайрасының саны 37,2 пайызға, бұлдырықтың саны 13,2 пайызға артқан.
– Облыс аумағында сирек кездесетін және жойылу қаупі бар аңдар мен құс­тар­ды, жалпы табиғатты сақтау және да­мы­ту бойынша декларация қабылдан­ды. Облыс аумағында жануарлар дүние­сін, оның ішінде өте сирек кездесетін және жойылу қаупі бар аңдарды, әсіресе тұяқтыларды, олардың мекендейтін орта­сын қорғау және өсімін молайту мақса­тын­да құрылған жергілікті маңызы бар «Үмбет» және «Меркі» зоологиялық қаумалдары нәтижелі жұмыс атқаруда. Басқарма тарапынан жануарлар дүниесін қорғау шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Басқарманың атқарған жұмыстары нәтижесінде Қордай мен Шу аудандарының аумағында көлемі 369,9 гектар «Қордай-Жайсан» және Жуалы, Талас және Жамбыл аудандарының аумақтарында көлемі 148,3 гектар «Жуалы-Қарашат» қаумалдарын құру жұмыстары жүргізілуде. Мұның мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру арқылы биологиялық саналуандықты сақтап, өсімін молайтуды көздейміз. Бұл аумақтарда заң бойынша аң аулауға тыйым салынады. Демек, сирек кездесетін және жойылу қаупі бар аңдар біздің басты назарымызда,– дейді аталған басқарма басшысының орынбасары Айбар Әділбақов.
«Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ерекше атап өткен Кауфман мен Грейг қызғалдақтарының да орны орасан.
– Қаратаудың солтүстік-шығыс сілемдерінде өсетін, биіктігі 1,5-2,5 метрге жетіп, тамыры өте тереңге кететіндіктен жер асты суынан нәр алатын әсем бұта – Шренк гүлтобылғысы өсімдігі бүкіл әлемде тек Қазақстанда, онда да Бетпақдаланың орталық, батыс бөлігінде және Қаратауда ғана кездесетіндігімен ғалымдардың назарын өзіне аударып отыр. Әсемдік және дәрілік маңызы зор бұл бұта «Қызыл кітапқа» енгізілген. Сондай-ақ Берікқара шатқалында өсетін ғылымға «Берікқара терегі» деген атпен белгілі ағаш түрі де «Қызыл кітапқа» енген. Альберт жауқазыны, Грейг қызғалдағы, Талас кекіресі, Талас қайыңы, Қаратау ақшешегі тағы басқа да өсімдіктерге қатысты осылай деуге болады. Орман-тоғайларда өсетін қарақат, таңқурай, жабайы жүзім, алма да сұранысқа ие. Дәрілік шөптерге де сұраныс еш кеміген емес. Айталық, сұңғыла, қызылмия өсімдігін жинауға рұқсат сұраушылар көп. Қарақыстақ жазығының Меркі шатқалымен түйісер тұсында да бетеге, қылтаңды селеу, көк қоңыраугүл, сауыр аршасы секілді көптеген шөптесін өсімдіктер мен бұталар кездеседі. Ал жалпы Жамбыл облысында өсімдіктің
2 038-ге жуық түрі бар. Оның ішінде пайдалы түрлері де аз емес. 100-і эндемик түрлер, 102-сі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген, ал 9 түрі қорғауды қажет етіп, саны азайып бара жатыр. Солардың бірқатары жерсабын, долана, Грейг қызғалдағы, Островский қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Колпаковский қызғалдағы, биік шырыш, Северцов жалған шөлмасағы, жалған шандра, Шренк тобылғысы, жабайы жүзім, Регель алмұрты, Сиверс алмасы, Берікқара терегі, тораңғы терегі, Согдий шағаны, Саур аршасы мен Зеравшан аршасы. Дәрілік өсімдіктердің 150-ден астам түрі белгілі. Бірақ бұл түрлерінің барлығын дәрілік шикізат ретінде жинау мүмкін емес. Өйткені олардың кейбіреулері аз мөлшерде кездессе, кейбір түрлері адам аяғы жете бермейтін жерлерде өседі. Сондықтан тек сиреп, жойылып бара жатқан түрлерімен қатар, шаруашылық маңызы зор, жемшөптік, дәрі-дәр­мектік, азықтық, сәндік, омарталық өсімдік түрлерін де қорғауымыз қажет, – дейді басқармаға қарасты орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің маманы Данияр Башанов.
Өз сөзінде сала мамандары аталған жануарлар мен өсімдіктердің ерекше қорғалатынын да алға тартуда. Себебі Ұлы даладағы бір жусанның өзі алтынға айырбасталмас аманат екені анық.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР