"Топжарған"

Аяласаң, табиғатты аяла

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтуға тілі жоқ» дейді халық нақылы. Расында, Табиғат-ананың адамзат игілігіне арнағаны ұшан-теңіз. Айтып жеткізе алмаспыз, сірә. Бірақ, қолда бардың қадірін білмей, нәрін, барын берген табиғатты аяусыз пайдаланып, ластап жүргеніміз жасырын емес. Зауыт-фабрикалар мен көліктерден шыққан зиянды қалдықтардан бөлек, күл-қоқысты бейберекет шашып кетуге көпшіліктің еті әбден үйренген. Оның залалы өз денсаулығымызға тиетінін білсек те, қоршаған ортаны қорғауға немқұрайды қараймыз. Таяуда осы мәселеге қоғамның назарын аудару үшін қоршаған ортаның жас жанашырлары арасында «Табиғатты аяла» тақырыбымен форум өткізілді.
Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған форум жеткіншектерді табиғатты қорғауға баулып, өз өлкесінің табиғи мұрасын сақтап, зерттеуге, жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға негізделді. Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназиясының базасында өткен шараға 109 оқушы қатысты.
Шара «Қалдықтардан – табыстарға» шығармашылық көрмесімен басталды. Онда оқушылардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар қойылды. Қалдықтардан көз сүйсіндірер алуан түрлі бұйым жасаған жет­кіншектер бұл еңбектерімен ой-қиялдары­ның бай екенін байқатты.
Ізденімпаз жасөспірімдер қолөнер туындыларымен қатар, табиғатты қорғау және қорық аумақтары, ескерткіштер туралы зерттеу жұмыстарын, табиғат ресурстарын саналы пайдалануға бағытталған жобаларын да ұсынды.
Тараз қаласы мен 10 ауданның және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелердің командалары 7 номинация бойынша сайысқа түсті. Нәтижесінде, «Туған өлкені зерттейміз» номинациясында Талас ауданы лицейінің оқушысы Ф.Абдрашидова үздік деп танылды. Ал, Жамбыл ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Қ.Шаханов «Жасыл экономика», осы аудандағы Б.Бесбаев атындағы орта мектептің оқушысы Е.Қайрат «Мерейтойыңмен, Астана!», Жуалы ауданындағы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Өмірбекова «Денсаулық және қоршаған орта», Талас ауданы лицейінің оқушысы М.Якияев «Экоәлем» аталымдары бойынша жеңімпаз атанды. «Қалдықтардан — табыстарға» номинациясында Тараз қаласының №24 мектеп-гимназиясының оқушысы Л.Халевич бірінші орынды олжалады. Барлық номинациялар бойынша 42 оқушы жүлделі орындарға ие болып, солардың ішіндегі ең үздік деген 18 жеткіншекке бағалы сыйлықтар табысталды.
Ал, командалық жұмыстар бойынша өткен «Табиғаттың құтқарушы шеңбері» экологиялық квест номинациясында 5 команда бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Жеңімпаздар Ақтау қаласында өтетін республикалық форумға жолдама алды.
Форум аясында аудандар мен Тараз қаласынан келген қатысушылар мектеп ауласындағы «Жас натуралистер» аллеясына 100 түп раушан гүлдерін отырғызды. Жеткіншектер осындай өнегелі жұмыстарымен Табиғат-анаға деген перзенттік парыздарын білдіріп, өзгелерге үлгі көрсетті.

Қамар Қарасаева

ПІКІР