Аялдамаларда залалсыздандыру жұмыстары жүруде

0 0

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Махашов қоғамдық көліктерді дезинфекциялық тазалау шаралары туралы баяндады.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзінше, аймақта 29 мекеме 1324 автобуспен жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Оның ішінде Тараз қаласында 10 тасымалдаушы мекеме 575 автобуспен 41 бағытқа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 1 автобекет, 9 автостанция және 7 жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар екен.
Коронавирус инфекциясына қарсы бағытталған іс-шараларды қоғамдық көлік саласында ұйымдастыру мақсатында автобекет, автостанция және жолаушыларға қызмет көрсету пунктерінің ғимараттарының көрнекі жерлері мен кассалар маңына, сондай-ақ 1324 автобустың барлығына алдын ала дайындалған коронавирус инфекциясы туралы және оның алдын алу, қорғану тәсілдері көрсетілген ақпараттық қағаздар таратылып, көрінетін жерлеріне орналастырылыпты. Бұдан өзге автобус парктерінің жүргізушілері мен жолсеріктеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
– Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 12 наурыздағы №20 Қаулысына сәйкес және облыс әкімдігінде құрылған штабтың тапсырмасы бойынша қоғамдық көліктердің тұтқаларына, орындықтарына, еденіне әр рейс сайын дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. «Халықтың Денсаулық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 16 наурыздан бастап қала аумағындағы 513 автобус аялдамасын вирусқа қарсы дезинфекциялап жатыр. Сонымен қатар әуежай мен теміржол вокзалында бейнероликтер көрсетілуде. Көрнекі жерлерге ескерту жадынамалары және антисептик құралдары орнатылып, дезинфекция шаралары тұрақты жүргізілуде, – деген Н.Махашов.
Қоғамдық көлік қызметін пайдалануда барынша сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Ш.БИДІЛДАҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.