Аяулы асыл жандарға құрмет

0 0

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Достық» үйінде облыстағы аналар қауымымен кездесті. Жиынға мемлекеттік қызмет, өнер, кәсіпкерлік секілді салалардың дамуына айрықша үлес қосып жүрген нәзікжандылар мен көпбалалы аналар, зиялы қауым өкілдері, іскер әйелдер мен қоғам белсенділері қатысты. Басқосуға жиналғандармен емен-жарқын әңгімелескен облыс әкімі тіршілік тұтқасы саналатын әйелдер қауымын айтулы мерекемен құттықтады.

– Біз аналарға әрдайым бас иеміз.Қазақта «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген қанатты сөз бар. Сондықтан да ана алдындағы қасиетті борышымызды өтеу барлығымыз үшін парыз. Ғалымды да, дананы да, батырды да өмірге әкелетін – ана. Қазақта «Адам бойындағы барлық асыл қасиет ананың ақ сүтімен беріледі» деген жақсы сөз бар. Бұл ұлт ұрпағының болашағы мен келешегі аналар қолында дегенді білдіреді. Сіздер тек аналық міндетті орындап қана қоймай, мемлекеттің, қоғамның дамуына да айрықша үлес қосып келесіздер. Соның ішінде ұрпақ тәрбиесіне, денсаулығына жауапты салаларда еңбек етіп жүрген нәзікжандылардың қатары көп. Сондай-ақ бүгінде бизнес саласында да маңайына шуақ шашып, іскерлігімен көзге түсіп жүрген және қоғамдық пікір көшбасшылары саналатын әйелдер қауымының да саны жыл өткен сайын артып келеді.
Жалпы, елімізде орнаған тұрақтылық, тыныштық, бірлік-берекеге сіздердің арқаларыңызда қол жеткіздік. Әрқашан еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін. Көктемнің алғашқы күндерінде келіп жеткен аналар мерекесі құтты болсын! – деді Бердібек Машбекұлы.
Шарада бірқатар аналар өздерінің қоғамдағы негізгі рөлі мен атқарып отырған жұмысы жайында ой қозғап, қоғамдық, ұлттық тәрбие мәселесіне қатысты пайымды пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында өңір басшысы қоғам дамуына үлес қосып отырған аналар қашанда өзгеге үлгі екенін жеткізді. Ең негізгі міндет ата-баба салтын сақтап қалу, мемлекетіміздің аты Қазақстан болғандықтан тәуелсіз еліміз үшін тұрақтылықты сақтау алдымен қазаққа керек екенін баса айтты. Қазіргі жағдай рухани жағынан дамуымызды қажет етіп отырғанын айтып, бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды.

* * *

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллина мен көпбалалы ана Айжарқын Сарықованы мерекемен құттықтап, үйлеріне арнайы барып, ізгі лебізін білдірді.
Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарында жүзу бойынша алтын медаль иегері Зульфия Габидуллина ешқандай қиыншылықтарға мойымай табандылық пен еңбекқорлығы арқасында өмір сүрудің жарқын үлгісі болып табылады десек артық айтпаймыз.
– Мен сізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізгім келеді. Сіздің мінезіңізді, төзімділігіңіз және еңбекқорлығыңызды құрметтейміз. Сіз тек даңқты спортшы ғана емес, адам ретінде де көпке үлгісіз. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, өз қаражатыңызға балаларға арналған спорт алаңын салдыңыз. Басқа да игі істермен айналысып келесіз, – дей келе облыс әкімі Зульфия Габидуллинаны мерекемен құттықтап, оған гүл шоғын және Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыс етті.
– Мен үшін облыс әкімінің өзі үйге келіп лебізін білдіруі, ел Президентінің құттықтау хаты тосынсый болып отыр. Арнайы көңіл бөлгені үшін шын жүректен ризамын. Сондай-ақ барша әйелдер қауымына әрдайым жарқын өмір пен ізгілік тілеймін, – деді З.Габидуллина.
Сондай-ақ, аймақ басшысы көпбалалы ана Айжарқын Сарықованы да арнайы құттықтап барды. Ол бүгінде жолдасы екеуі жеті бала тәрбиелеп отыр. Олардың бірі ерекше күтімді қажет етеді. Бұл отбасы тұрақты түрде атаулы әлеуметтік көмек, мүгедектігі және мүгедектігі бар балаға күтім жасау бойынша жәрдемақы, балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер алып тұрады.
Бердібек Сапарбаев көпбалалы ананы мерекесімен құттықтап, гүл шоғын табыс етті. Ал, балаларына тәттілер мен жұмсақ ойыншықтар сыйлады.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.