Облыстық әкімдікте

Аяулым президент алғысына ие болды

Written by Aray2005

Елдегі төтенше жағдай кезінде волонтерлік қызмет пен белсенділіктің үлкен үлгісін көрсетіп, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасау ісіне барынша атсалысқаны үшін Тараздың жас волонтері Аяулым Расылхан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды.

Нұр-Сұлтаннан жеткен Алғыс хатты иесіне облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев еріктіге салтанатты түрде тапсырды.
Ержан Жұматұлы А.Расылханға Президент Алғыс хаты мен гүл шоқтарын ұсына отырып, карантин режиміндегі қысылтаяң шақтың машақатына қарамастан қайырымдылық жасау ісіне белсене араласқаны үшін өз атынан да ризашылығын білдірді.
– Жастардың бүгінгі күніне қарап, елдің ертеңін болжауға болады. Өңірімізде өзің сияқты белсенді, мейірімді, жалынды жастардың бар екендігі қуантады. Төтенше жағдай кезінде тәуекелге бел буып, халқыңа көмектесіп жатқаның үшін өзімнің атымнан да алғыс білдіремін,– деді ол.
Аяулым Расылханқызы 2020 жылдан бері облыстық «Жібек Жолы жастары» волонтерлік қозғалысының жетекшісі. Ол еріктілікпен 1-курстан бері айналысып келеді екен. Бұл іспен шұғылдануды өзі қалап, волонтерлер қозғалысы қатарына қосылған.
– Президенттің Алғыс хатын алу мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұл марапат мені одан сайын талпындыра, қанаттандыра түспек. Әрине, басынан түрлі жағдайды өткізіп, біз елестете алмайтын жағдайда өмір сүріп жатқан адамдар арамызда өте көп. Қарт және көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, сол кісілердің батасын алу біз үшін бәрінен де қымбат. Сонымен қатар бізді біріктіретін ортақ дүние – өзгелерге қуаныш сыйлау. Волонтер болып жүрген жастардың баршасы ең алдымен өзін емес, өзгені ойлайды. Соңғы уақытта елімізде волонтерлікке деген оң көзқарастың қалыптасып келе жатқаны қуантады, – дейді Аяулым.
Жалпы облыста волонтерлік қызметпен құрамында 6 мыңнан аса еріктісі бар 13 ұйым айналыcады. Төтенше жағдайға байланысты облыс аумағында барлығы 717 волонтер нақты жұмыс жүргізуде. Олардың көмегімен 6605 адамға азық-түлік қораптары үлестірілсе, 785 адамға дәрі-дәрмек жеткізіліпті. 317 жалғызілікті қарияның үйіне барып, шаруашылық жұмыстарына көмек көрсеткен. Осы уақыт аралығында облыс бойынша барлығы 8 мың адамға зейнетақысын, 4 500 адамға жәрдемақысын үйлеріне жеткізіп беріп, тұрғындарға 266 360 тегін бетперде таратыпты.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР