Аяз ақынды ардақтайтын кез келді

ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНЕ А.БЕТБАЕВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛСЕ

0 9

Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген киелі Шу өңірі даңқы жер жарған қаған Шу батыр, ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн, халқымыздың төбе биі Төледей нар тұлғалы бабалардың ата мекені. Сондай-ақ сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, қыл қобызды Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай және басқа да халқымыздың маңдайына біткен тұлғалардың кіндік қаны тамған Отаны.

Әрине, Шу өңірінің өнегелі өнері жөнінде сөз қозғала қалса, ең алдымен, Сауытбек ақын ойға оралатынына талас жоқ. Ал екінші дүниежүзілік соғыстың ызғарлы күндері – 1942 жылы ақпанның 13-і қасиетті мекенде дүниеге келіп, әкеден ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін татқанына қарамастан өнерге жастайынан қанат қаққан Аяз Бетбаевты «Сауытбектің сарқыты» десек, ешкім дау тудыра қоймас. Кешегі кеңестік кезеңде ұлттық өнердің ұлы тұлғаларын насихаттай алмай жатқанымызда Аяз ақын Сауытбек шығармаларын орындау арқылы махаббаттың жаршысына арналған «Ақбөпе» әнін асқақтай әуелетті. Жастайынан Жамбыл, Кенен, Жидебай ақындардың әндерін ұнатқандықтан Аякең жасынан жалықпай жаттап өскен. Ауылына арнайы ат басын бұра келген Кенекеңнің алдынан кетпей, таң атқанша оның өлеңдерін тыңдайтындығын айтатын. Сондықтан бүкіл республика жұртшылығы көлемінде аталып өткен Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық тойында Аяз Бетбаевтың:
Жамбыл мен Сарыбастан алған бата,
Ассалаумағалайкум, Кенен ата!
Арыны басылмаған албырт едім,
Сөзімде кешіріңіз болса қата.
Арнайы ат арытып сонау Шудан,
Кеп тұрмыз тойыңыздың дәмін тата.
Жидебай, Сауытбектің жолын қудым,
Өнерге жүрген жаспын үміт арта.
Мен едім Бетбайұлы Аяз атым,
Өлеңге жастайымнан болдым жақын.
Шамамның келгенінше жеткізейін,
Жүректің сізге деген махаббатын.
Үстіне тойыңыздың кезім келді,
Қасиетті алдыңыздан бата алатын, – деп, төгілте-термелетіп арнау арнағаны дүйім жұртқа белгілі. Осы тойда Кенен атамыз жыр дүлділі атана бастаған ақын ұлына ақ батасын береді.
Аяз Бетбаевтың орындауындағы он ғасырдан астам бұрын өмір сүрген Шығыстың жеті жұлдызының бірі – Омар Һаямның рубайлары, сонымен қатар «Жас туралы», «Қадірлейік достарды» және басқа да жыр-термелерімен қатар «Ақ қайың», «Сағыныш», «Махаббат жұлдызы», «Жұлынған гүл» секілді лирикалық әндері Әулиеата аспаны мен Шу өңірінен тысқары жерлерде де әуелете шырқалып келеді. Ал Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ мәдени ұйымының президенті Жәнібек Елікбаевтай дархан азаматтың демеушілігімен жарық көрген «Жетісу әуендері» ән-күйлер жинағы Ресей, Қытай, Моңғолиядағы қандастарымызға кеңінен таралды.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп аталарымыз бекер айтпаған, оның ұзақ жылғы шәкірті Базарбай Мамытұлынан басқа да Әзімбек Жанқұлиев (марқұм), Алтынкүл Қасымбекова, Бейбіт Шошабаев, Мұхамеджан Тазабеков, Мейрамбек Бесбаев, Ертай Тазабеков сынды өнер майталмандарының Аякеңді ұстаз тұтқаны жасырын емес. Алаш жұртына танымал ақын, жыршы-термеші А.Бетбаев 1970 жылдан бастап табан аудармастан аудандық мәдениет үйінде 40 жылға жуық автоклуб меңгерушісі қызметін атқарып, шалғайдағы малшылардың ризашылығына бөленіп отырды.
Шу ауданының Құрметті азаматы Аяз Бекетайұлының өнер саласындағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын иеленді. Өкініштісі, Алланың жазуына қарсы келер шара бар ма, 2018 жылдың 8 сәуірінде «халықтың Аязы» атанған ағамыз 76 жастан асқан шағында мәңгілік мекеніне аттанды.
Арамызда аман-есен жүргенінде Аякең келесі 2022 жылдың ақпанында сексеннің сеңгіріне шығып, бүкіл ел болып құрметпен атап өтер ме едік, амал қанша. Артындағы ел-жұртына аманат – есімін халықтың жадында қалдыру үшін, әсіресе жастарымызды тәлім-тәрбиеге, өнерге баулу мақсатында Төле би ауылы орталығындағы мәдениет үйіне Аяз Бетбаевтың есімі берілсе екен дейміз. Біздің бұл ұсынысымызды төлебиліктер ғана емес, исі қазақ жұрты қолдайды деген сенімдеміз.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Базарбай АСҚАРОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
Тұңғышбек БАЙҚҰЛОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері,
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.