Sport

Айбек Нұғымаров – екі дүркін «Қазақстан Барысы»

Written by Aray2005

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұзайдынында тоғызыншы мәрте түндігін түрген «Қазақстан Барысы» турнирі өз мәресіне жетіп, қазақ күресінің дүлдүлін анықтады. Биылғы «Барыс» шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров атанып, екі дүркін ел чемпионы болды.

Газетіміздің өткен санында КСРО мен Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Жақытов «Турнирде Айбек топ жарады» деген болжам жасаған еді. Даңқты бапкердің айтқаны айдай келіп, апайтөс балуан жеңіс тұғырынан көрінді.
Дүбірлі доданың өзіне келсек, биылғы аламанда барлығы 36 балуан бақ сынады. Алыптардың айқасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей тамашалап, балуандарға қолдау білдірді. Сондай-ақ жарыстың ашылуында Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, жерлесіміз Жақсылақ Үшкемпіров сөз сөйлеп, додаға түскен дүлдүлдерге сәттілік тіледі.
Кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтайтын аламан ә дегеннен қызықты басталды. Бұрындары ширек финалға дейін бірін-бірі аңдысып жүретін балуандар бұл жолы бірден шабуылға көшіп, алып та, шалып та жығып жатты. Мәселен, жарыстың екінші айналымында қатарынан төрт кездесу уақытынан бұрын аяқталды. Ал алматылық Руслан Әбдіразақов қарсыласы атыраулық Бекболат Салықовты
14 секундта-ақ бозкілемге етпетінен жатқызды.
Ширек финалдық белдесулердің ішінде 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров пен 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» атанған Мұхит Тұрсыновтың арасындағы жекпе-жек ерекше есте қалды. Әккі қарсыластар алғашқы екі минутта тік тұрып күресіп, тәуекелге бара қоймады. Десе де белдесудің бел ортасында Айбек Нұғымаров бүк ұпай иеленіп, Мұхит Тұрсыновты жарыс жолынан шығарып тастады. Дәл сондай алматылық Руслан Әбдіразақов пен қызылордалық Мақсат Исағабыловтың арасындағы белдесу жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Қос мықты ширек финалға дейін қарсыластарын қоғаша жапырып келген болатын. Сондықтан бұл белдесу «не бел, не белбеу кетеді» деген күреске сайды. Дегенмен қарсыласына қарағанда тәжірибелі балуан Руслан Әбдіразақов Қызылорда өңірінің үкілеп қосқан үміті Исағабыловты екі минутта тазаға тастап, жартылай финалдың жолдамасына ие болды.
Ал жамбылдық қос жампоз Айбол Айтбек пен Дәулетхан Жақыпов алғашқы айналымда-ақ жеңіліс тапты. Айбол түркістандық балуанға жол беріп қойса, Дәулетхан өзінен сан есе салмағы ауыр Айбек Нұғымаровқа есе жіберді. 2013 жылы осы Айбек қазақ күресінің «қаршығасына» баланып жүрген жерлесіміз Жақыповты жарыс жолынан ерте шығарып тастаған болатын. Сондықтан Дәулетханға биыл да жеребе жолдас болмағаны анық.
Жартылай финалдық жекпе-жектерді жанкүйерлер қиқулап, орындарынан тік тұрып тамашалады. Алғаш болып бозкілемге көтерілген дзюдо күресінің дүлдүлі шығысқазақстандық Ерасыл Қажыбаев елордалық балуан Айбат Сейтті белдесудің аяқталуына 52 секунд қалғанда таза жеңіп, финалдық жолдаманы жеңіп алды.
Ал екінші жартылай финалдық жұпта 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров пен 2015 жылғы турнирдің күміс жүлдегері Руслан Әбдіразақов «жан алысып, жан беріскен» айқас көрсетті. Алғашқы екі минутта Руслан бір жартылай жеңіспен алда келе жатқанымен, соңғы сәтте Айбек әдемі әдіс жасап, жеңісті қолдан жұлып әкетті.
Сонымен, ақтық айналымға кезек келіп, алты сағат бойы қазақ күресінің қызығымен сусындатқан сайыстың жүйріктері Айбек Нұғымаров пен Ерасыл Қажыбаев ортаға шықты. Ә дегеннен Ерасыл ерлік танытып, алғашқы ұпайды еншіледі. Алайда артынша Айбек жамбас ұпайына қол жеткізіп, таразы басын өзіне аударды. Десе де көп уақыт өтпей Ерасыл тағы бір әдіс жасап, есепті теңестірді. Осылайша алма-кезек шабуылмен өрбіген жекпе-жектің нүктесін соңғы секундта Айбек Нұғымаров қойды. Қарсыласын жамбасқа тастаған ол екі дүркін «Қазақстан Барысы» атағына ие болды.
Ерасыл Қажыбаев екінші жыл қатарынан финалға шығып, тағы «күміс белбеуді» қанағат тұтуына тура келді. «Қола белбеу» сарапқа салынған белдесуде Руслан Әбдіразақовтың айы оңынан туып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жарыс соңында жеңімпазға «Алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты берілсе, бапкеріне
3 миллион 500 мың теңге сыйақы тапсырылды. Ал турнирдің күміс жүлдегері Ерасыл Қажыбаев 5 миллион 500 мың теңге, қола жүлдегер Руслан Әбдіразақов 1 миллион 800 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ олардың да бапкерлеріне ақшалай сыйақы үлестірілді.
Әрине, Айбектің жеңісіне қуанамыз. Алайда енді балуан бір мәрте топ жарса, Бейбіт Ыстыбаевтың биігін бағындырғалы тұр. Осы ғана ойға қалдырады. Келер жылы «Қазақстан Барысы» турниріне әр өңірден тек бір ғана балуан қатыса алатынын ескерсек, бұл қазірден бастап електен өткізетін мәселе. Бәлкім, Бейбіт балуанға боз кілемге қайта оралу керек шығар. Бұл жағын Жамбыл спортына жауапты тұлғалар терең зерделейді деп сенеміз.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР