Мәдениет

Айдана Атыраудан олжалы оралды

Written by Aray2005

Атырау облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Атырау облысының тарихи-өлкетану музейі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Нариман Үлкенбайұлының құрметіне алғаш рет байқау ұйымдастырған болатын.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына орай өткен І Республикалық байқаудың басты мақсаты – музей мамандарының алдыңғы қатарлы тәжірибелерін тарату, кәсіби шеберліктерін арттыруға қолдау көрсету.
Байқау арқылы музей қызметкерлері мен оған келушілер арасындағы талғамдық құндылықтарға қол жеткізу, музейге келушілермен жұмыс істеуде жаңа әдістерді енгізу көзделген сайысқа Қазақстанның әр өңірінен келген 19 музей қызметкері қатысып, бақ сынады.
Дүбірлі додада облыс намысын қорғаған өңіріміздің «Жамбыл облысы тарихи-өлкетану музейінің» экскурсия жүргізушісі Айдана Мекемова «Үкілі үміт» номинациясына ие болды.
– Бұл мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне арналған өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқау болды. Заман жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Мен жастарға елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақ мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында еңбек ет дегім келеді, – дейді Айдана.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, күйші, белгілі композитор Н.Үлкенбайұлының 80 жылдығына арналған музей қызметкерлері арасындағы бұл сайыс өз жалғасын тауып, бұдан былай да дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады.

«ARAI»-ақпарат

ПІКІР