Олжалы 10 округ

Айдарлы ауылының «айбары» – еңбек

Written by Aray2005

Ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба Мойынқұм ауданындағы айдарлылықтардың да ынтасын арттыра түскен. Оған журналистер облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған баспасөз туры барысында көз жеткізді.

Жобаға енген ауылда 2,4 мың халық, яғни 363 отбасы тұрады екен. Пилоттық жобаның бірінші бағыты бойынша ондағы аулалардың 95 пайызы қамтылған. Ал екінші бағыты аясында 127 отбасы несие алуға өтінім беріп, оның 55 пайызы тиісті қаражатына қол жеткізген. Олар қазіргі таңда 537 бас мал алған. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетовтің сөзіне сүйенсек, мал шаруашылығы бойынша тұрғындар сүт бағытына басымдық беріп отыр. Ол үшін алдағы уақытта танкер және сүт таситын арнайы көлік те сатып алу жоспарларында.
– Негізінен, аталған жобаға Айдарлы ауылының таңдалуы бекер емес. Себебі аудандағы 16 ауылдық округтің ішінде бұл елді мекен жобадағы бес бағытты дамытуға ыңғайлы. Өйткені мұндағы жердің егін егуге қолайлылығынан бөлек, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенде тұрғындардың өздері құлшыныс танытты. Оның үстіне ауылдағы халықтың да тұрмыстық жағдайы салыстырмалы түрде төмендеу болатын. Ендігі жерде жоба олардың тұрмыстық жағдайын жақсартатын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Б.Қалымбетов.
Айта кетерлігі, бүгінгі күннің өзінде алған түліктері төлдеп, тұрғындардың ауыздары аққа тиіп отыр. Мәселен ауыл тұрғыны Талғат Абдраймов «Мерей» жеке кәсіпкерлігін ашып, несиеге 4,2 миллион теңге алыпты. Бұл қаржыға ол көрші Қордай ауданындағы «Қақпатас» шаруа қожалығынан «Алатау» тұқымды ірі қараның 7 аналығын сатып алған. Қазіргі таңда ол сиырлар тәулігіне 10-15 литр сүт беруде.
– Бұл қанатқақты жоба тірлігімізді тіктеуге зор мүмкіндік беруде. Себебі осы уақытқа дейін екі қолға бір күрек таба алмай келген жұмыссыз азаматтар өз-өздерін жұмыспен қамтып отыр. Өзім алдағы уақытта сүт бағытын дамытсам деп отырмын. Ол үшін мемлекеттен сүттің әр литріне 12 теңгеден субсидия да беріледі екен, – дейді Т.Абдраймов.
Сол секілді тағы бір тұрғын Досымбек Қожағұлов та жоба бойынша 2,4 миллион теңге несие алып, 50 қой сатып алыпты. Мал санын көбейтуді мақсат тұтқан тұрғын түлігін дала төсінде өргізіп, төлдетуде. Кеңес уақытында 8 жыл қой баққан оны бұл саладан хабарсыз деп айтуға болмайды. Облыс басшылығының жасап берген мүмкіндігінің арқасында қайтадан атакәсіпке оралған шаруаның жоспары да, мұраты да айқын.
Сонымен қатар ауылда жылқы санын көбейту үшін де несие алған азаматтар да баршылық. Соның бірі – Мұқан Мұқашбаев. Ол 3,2 миллион теңгеге 6 бие, 1 айғыр сатып алыпты. Қамбар ата тұқымын көбейтуді қолға алған шаруа алдағы уақытта қымыз өндіруді де жоспарлап отыр.
Облыс жер көлемінің 43 пайызын алып жатқан ауданда шаруашылықтың қай саласын болмасын өрістетуге мүмкіндік мол. Ондағы жайылым төрт түлікке жылдың кез келген мезгілінде де жайлы. Ал егіншілік саласы бойынша өңірде құрылған механикалық жасақ каналдарды тазартып, судың көзін ашуда үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Сондықтан Айдарлыдағы халық тек ерінбей еңбек етсе, қара жер берекесін бергелі тұр.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Мойынқұм ауданы

ПІКІР