Sport

Айдос пен Айбол алыптар аламанында айќасады

Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан ұшан-теңіз қолдаудың, ұлттық спорт жанашырларының демеушілігінің арқасында қазақ күресі қанатын кеңге жайып келеді. Төл өнеріміздің төрге озып, текті жұрттың асыл қасиеттерін төрткүл дүниеге таныта бастағаны жанды семіртеді. Талай Әлем чемпионаттары, құрлық біріншіліктері де өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Қазақстан барысы» турниріне де жұрт ықыласы ерекше. Сайын дала саңлақтарын боз кілемде біріктірген жарыстың мәртебесі жыл санап артып, жүлдесі де қомақтыланып келеді. Тиісінше қызығушы балуандар қатары да көбейіп, жеңіске жеткен мықтылар ел мақтанышына айналуда. Алайда, аталмыш турнирге қатысу да оңай емес. «Қазақстан барысының» боз кілеміне шығу үшін алдымен ауданда, содан соң қала немесе облыс біріншіліктерінде топ жаруың керек.

Жуырда Тараз қаласындағы «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының» спорт кешенінде ағымдағы жылдың шілде айында сегізінші мәрте жалауын желбірететін Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы-2018» турнирінің іріктеу кезеңі өтті. Спортшылардың дарынын ұштап, қадамына қанат байлатар ұлттық жобаға жолдама алу мақсатында Тараз қаласынан және барлық аудандардан іріктеліп келген көрік кеуде 19 балуан айқасқа түсті.

Турнирдің шымылдығын түрген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков өңірімізде спорт саласын дамыту, материалдық жағынан нығайту мақсатында жасалып жатқан игі істерге тоқталды. Сондай-ақ, соңғы жылдардағы жерлестеріміздің жеткен жетістіктерін саралаған Нұрбол Әбдімәжитұлы ұлттық спорт түрлерінен де бағындырған биіктерімізді жіпке тізгендей етіп атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жахитов, спорт саласының ардагері Жетен Медеуов қазақ күресіне тілеулес болып жүрген сала мамандарына ризашылықтарын білдіріп, балуандарға сәттілік тіледі.

Сөйтіп, дуы басым доданың дабылы қағылып, бұла күштің иесі, күрес өнері майталмандарының басын қосқан бәсеке басталып та кетті. Алғашқы жекпе-жекте Мойынқұм ауданының намысын қорғаған қазақ күресінен екі дүркін Азия чемпионы Бегімхан Әділбеков сарысулық Ізбасар Ералиевтің осал тұсын тауып, қапы қалдырғанымен, келесі белдесуде қазақ күресінен Әлем чемпионы, шиыршық атқан жас балуан Дәулет Пахриденовке есе жіберді. Алайда, Дәулет балуан «Қазақстан барысы» турнирінің қола жүлде иегері, алғашқы бәсекелерінде байзақтық Құмар Сәрсенов пен сарысулық Ертуған Төреновтен басым түскен Айбол Айтбектен айналып өте алмады. Бір-бірін жақсы білетін сыралғы балуандар байыппен жүріп белдесті. Текетіресті сәттердің бірінде айла-тәсілін асырған Айбол қарсыласының жауырынын жер иіскетті.

Ал, бұған дейін де талай мықтының мысын басқан таластық Айдос Теңгебаев алдымен Жасұлан Көрпебай (Жамбыл ауданы) мен Бақтияр Жаңабекті (Тараз қаласы) көп күш жұмсамастан жарыс жолынан шығарғанымен, жартылай финалдық белдесуде Ғалымжан Қырықбаевпен бәсекесі ұзаққа созылды. Бірден әдіске кіріскен екі мықты нағыз күрес өнерін көрсетті. Белдесудің соңғы минуттарына дейін меркілік балуан Ғалымжан жамбас ұпайымен алда тұрғанымен, соңғы секундтарда шеберлік танытып екі бүк, бір жамбас ұпайын еншілеген Айдос жеңісті жұлып алды.
Мықтылар іріктеліп, жүлдені сарапқа салатын кез де жетті. Ақтық сында тараздық Айбол Айтбек пен Таластың тастүлегі Айдос Теңгебаевтың жолы түйісті. Салмағы мен бойы деңгейлес екі балуан жан алып, жан берісті. Ақырында «Шын мықтыға тұсау жоқ» демекші, Айбол ұпай санымен басым түсті. Енді іріктеу кезеңіндегі нәтиже бойынша «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде облысымыздың намысын Айбол Айтбек мен Айдос Теңгебаев қорғайды.

Бұл күні апайтөс балуандардың білек күші мен әбжіл тәсілдері жанкүйерлерді тамсандырды. Осылайша, облыстық іріктеудің жоғары деңгейде өткенін көзіміз көрді. Қазақ күресінің басты бәсекесіне айналған алыптар аламанында белдесетін балуандарымыз анықталды. Боз кілемдегі шеберліктерін көріп шын сүйсіндік. Барлығы да сен тұр, мен атайын жігіттер. Алайда, бізді толғандырғаны, сенім артқан саңлақтарымыз бұрнағы жылдардағы нәтижелерді қайталай ала ма?

Жалпы, осы уақытқа дейінгі турнир тарихына шолу жасар болсақ, ең көп жүлдеге ие болғандар жамбылдықтар екендігі дау тудырмайды. Мәселен, «Үш дүркін «Қазақстан Барысы» атанам» деп ел алдында уәде берген Бейбіт Ыстыбаев сөзінде тұрды. Міне, мықтылық! Ізін басып келе жатқан балуан інілеріне жол берген Бейбіт Ыстыбаев былтырғы жылдан бері көрермендер қатарын толықтырып келеді. Сол секілді 2014 жылы қарсыластарын алып та, шалып та жыққан Дәулетхан Жақыпов ерекше шеберлігімен көзге түсіп, «Көрермендер көзайымы» номинациясымен марапатталғанын да ұмыта қойғанымыз жоқ. Алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, кіл мықтының арасынан топ жарып шыққан Айбол Айтбек өңірімізге қола жүлдемен оралғанда да бөркін аспанға атпаған жамбылдық қалмады. Сонымен қатар, 2016 жылы өткен турнирде жартылай финалға бес балуан жолдама алып, жүлдеге таласса, соның үшеуі бірдей Жамбыл облысының жампоздары болатын. Міне, бұл жетістіктердің барлығы да өзге аймақтарға қарағанда облысымызда ұлттық спорттың жоғары деңгейде дамып келе жатқанының айғағы болса керек.

Осы орайда, көңілдегі көп күдікті сейілтпек мақсатта облыстық іріктеуде жеңіс тұғырынан көрінген балуандармен тілдесіп, бірнеше айдан кейін өтетін байрақты бәсекеге дайындықтары туралы аз-кем тілдескен едік.

– Ең алғаш рет «Қазақстан Барысына» 2013 жылы қатыстым. Бәлкім, тәжірибем аз болғандықтан шығар, ол кезде еліміздің түкпір-түкпірінен келген балуандар арасында жүлдеге іліне алмадым. Әрі салмағым да өзге қарсыластарыма қарағанда аз болды. Қазір салмағым 115 келі. Араға бес жыл салып биылғы бәсекеде облысымыздың намысын қорғау мүмкіндігі туып тұр. 2013-2018 жылдар аралығында түрлі облыстық, республикалық турнирлерге қатысып, шеберлігім шыңдала түсті деп ойлаймын. Бүгінде «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының» спорт кешенінде шүмектеп тер төгіп, дайындалып жатырмын. Дәл қазір кесіп-пішіп ешнәрсе айта алмаймын. Бір анығы, Бейбіт ағамыздың жолын жалғап, облысымыздың мерейін үстем ету үшін боз кілем үстінде барымды саламын, – дейді самбодан Әлем чемпионатының күміс жүлде иегері, қазақша күресте «Жауатар» бүркеншік атымен танымал Айдос балуан.

Айбол Айтбек те дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бабы мен бағы қатар шапса «Қазақстан Барысы» белбеуін тағып келу түпкі мақсаты екенін жеткізді.
Біз де тәжірибелері толысып, боз кілем шеберлеріне айналып үлгерген қос балуанның облысымыздың мақтанышы Бейбіт Ыстыбаевтың жеңісті жолын жалғай алатындарына сенімдіміз. Әрдайым сәттілік серік болып, абырой асуынан көрінулеріне тілекшіміз.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР