«Әйелімді арзан кезде алып алғаныма қуанамын»

0 77

«Күлкі – өмірдің кілті» дейді әзіл әлеміндегілер. Ал күлкіні зерттейтін гелатология ғылымы күлкінің адам өміріне айтарлықтай ықпал ететінін айтады. Ағылшын ғалымы Чарльз Дарвин «күлкі адамның жүйке жүйесін емдей алады» деген пікірді алға тартқан. Расында, «күлкі адам өмірін ұзартады» деген байлам байырдан бар. Осы орайда 1 сәуір – Күлкі күні мерекесіне орай «ТТТ» театрының әртісі, әзілкеш, вайнер, асаба, жерлесіміз Дидар Пернебекпен сұхбаттасу­дың сәті түскен еді.

– Дидар, әлемдік пандемия өнер адамдарына қиын соққаны белгілі. Әсіресе тойдың тоқтауы әртістердің қалтасына салмақ салды. Карантин кезінде, жалпы коронавирус пандемиясы жағдайында қалай күн көріп жүрсіз?
– Карантин әртістерді аш қалдырғаны жасырын емес. Алайда бала-шағаның қамы үшін қолдан келгенше әрекет етіп жатырмыз. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп, амалын тауып отбасымды асыраудамын.
– Сонда той-томалаққа тығылып шығып жүрсіз бе? Әнші Қайрат Нұртас сияқты ұсталып қалып, масқара боламын деп қорықпайсыз ба? Жалпы тығылып той жасап жатқандар мен той жүргізіп жүрген асаба, әнші, бишілердің әрекетін қалай бағалайсыз? Бұл коронавирустық пандемия жағдайында өзіне және жақындарының өміріне қауіп төндіру емес пе?
– Мұндайда енді не айтуға болады. Мейрамханалардың артқы есігі аман болсын дейміз (күліп). Бірақ қазақ бір жыл той тойламаса да ешнәрсесі бұзылып кетпейтіні анық. Сондықтан талап пен тәртіпке бағынған дұрыс. Алайда той иесінің өзі амалын жасап, жолын көрсетіп тойға шақырып жатса, бала-шағаның қамы үшін нартәуекелге барасың.
– Демек, коронавирус кеселіне қарамастан тойдан келетін табыс тоқтаған жоқ. Ал пандемия жағдайында Дидар Пернебектің той жүргізетін бағасы қанша? Тексеріс тобына ұсталып қалсаңыз, айыппұл төлеуге тойда тапқан табысыңыз жетпей қалып жүрмей ме?
– Расын айтқанда, қазір той көп емес. Айына бір рет 50 адамдық тойлар шығып жатады. Ал асабаларға Үкімет қойған баға жоқ. Егер той иесі 100 мың теңге беріп жатса, тойды тегін де өткізіп беремін (күліп).
– Өнер адамдарының дені бүгінде күнін көру үшін мемлекеттік қызметке немесе үлкен қалалардағы мәдениет мекемелеріне жұмысқа орналасып жатыр. Сізде ондай ой болған жоқ па?
– Кезінде біраз жыл облыстық филармонияда жұмыс істегенмін. Алайда мемлекеттік қызмет менікі емес екенін түсіндім. Үкіметтегілер үй құсы болса, мен дала құсы екенмін. Сол себепті қанша шақыртулар түсіп жатса да, айлыққа қарайтын қызметке бармай жүрмін.
– Әлеуметтік желіде түрлі тақырыптарда қағытпа әзіл видеолар жариялап жүрсіз. Бұл оқырман санын көбейтудің амалы ма? Одан кейін вайндарда бірге түсіп жүрген келіншек жұбайыңыз ба, әлде өнер жолындағы танысыңыз ба?
– Сахнаға жол жабылғаннан кейін іштегі өнерді сыртқа шығарудың бір жолы вайн болып тұр. Бірге әзіл роликтер түсіріп жүрген келіншек – әйелім. Басында түспеймін деп қашқаннан кейін жұбайыма әр видеоға 500 теңгеден төлейтін болдым. Егер алдағы уақытта видеолар жарық көрмей қалып жатса, демек, ақшам таусылды деген сөз (күліп).
– Дидар Пернебектің кезінде «Шымкент шоу» театрында жұлдызы жанды дейтіндер көп. Аталған театрмен байланысыңызды үзуге не себеп болды?
– «Шымкент шоуда» бір жылдай жұмыс жасадым. Концерттердің бірінде Жүсіп Ақшора ағам «Дидар сенің жеке монолог орындауың өте әдемі. Бірақ мұнда жүретін болсаң, «Шымкент шоудағы» Күлпәштің көлеңкесінде қалып қоясың. Жеке шық, дара шап, сонда ғана тез таныласың», деп ақылын айтқан. Үлкеннің осы кеңесін дұрыс қабылдап, жеке шығармашылығыммен айналысып келемін.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар? Шығармашылық жағынан қандай жаңалықтар күтсек болады?
– Әзіл деген бүгінгі күнмен қатар жүретін өнер. Қазір сценарий дайындайын десең карантин созылып, әзірлеген әзілдерімнің «срогы» өтіп кетіп жатыр. Сондықтан карантиннің толық аяқталғанын күтіп отырмыз. Одан кейін көпшілікті қуантар жобалар болады.
– Вайндарыңызға идеяны қайдан аласыз? Кейбір әртістер секілді өзгелерден ұрлайсыз ба немесе келісетін, кеңесетін адамдарыңыз бар ма?
– Вайнды негізі базардағы әйелдерден жинаймын. Одан кейін апалармен әңгімелессең, олардың кеудесі толып тұрған сатира-юмор ғой. Әрбір ауылдың, белгілі бір ортаның өз айтқыштары болады. Сондай жерлерде көп жүрсең, әзіл мен қалжыңды өмірдің өзінен аласың.
– Жеке басыңызда тіркелген қандай мүліктеріңіз бар? Қора-қора қой, үйір-үйір жылқы жинап тастаған боларсыз?
– Аллаға шүкіршілік, әйелімді қалыңмалы 50 мың теңге кезде алып қалыппын. Қазір болғанда үйлене де ала алмас па едік (күліп). Басымда баспанам, астымда темір тұлпарым бар. Мұның бәрі елдің арқасында келген дүние. Ал үйір-үйір жылқы жинайтындай бай бола қойған жоқпын әзірге.
– 1 сәуір – Күлкі күніне орай жылы лебізіңізді білдірсеңіз…
– Қазақ халқы тек рухани жаңғырсын деп тілеймін. Азияның барысына айналып, төрткүл әлемге таныла берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Аллам қойдан жуас қазағымды күлкі мен қуаныштан айырмасын. Әрдайым күліп жүрейік!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.