Әйгілі Махноның жары мен қызы Әулиеатаны паналаған

0 12

Кез келген қоғамдық жүйені жүйелеушілер құрсаудың құпия кілтін құрдымдағы құдықтың түбіне жасырады. Ақиқаттан айналып, айласын асырып жатады. Құрсаудың табанына көнгендер, оларды көндіре білгендер ұлықталады, құтылуға, құтқаруға құлшынғандар құрықталады. Келгендер кеткенді қаралайды, алайда ақ-қарасын тарих өзі саралап жатады.
Өмір ағысында тарих ақтаған тұлғалар орасан көп. Сондай тұлғалы жанның бірі – украин халқының азаттығы жолындағы күрескердің бірі, анархистер көсемі – Нестор Махно. Ақ пен қызылдың тайталасында коммунист-анархистердің көсеміне айналған тұлғаның отбасы – әйелі мен қызының ұзақ жылдар бойы Жамбыл қаласында тұрып, осы қалада жерленгендерін біз білмей келдік. Білдік, бірақ кеш.

Біз Жамбылда Махноның отбасының тұрғаны туралы хабарды белгілі баспасөз менеджері, журналист Шәмшидин Пәттеевтен осыдан он жыл бұрын естіген болатынбыз. Алайда ол кезде бұл туралы айту да, жазу да мүмкін емес еді. Себеп – олар «халық жаулары». Бәрі де кеш болды. Анархистер көсемінің жесірі Галина Кузьменконың сол кездері жазған естеліктері ресейлік журналистің қолында кетті. Сол сияқты Ресейдің қос үкіметі тұсында Қорғаныс министрі болған генерал-лейтенант Ханжинмен де сұхбаттаса алмадық. Ол да осы қалада тұрып, осы жерде жаны жай тапты. Әттең…
Бұл – кезекті ақтау да емес, қаралау да емес. Оларды тарих баяғыда ақтап алған. Ресей де, Украина да оларды ұлттық батыр ретінде насихаттап, кино, көркем шығармалар жазды. Біздің мақсат – украина халқының ұлтшыл батыры Махноның отбасының, әйелі мен қызының ұзақ уақыттар бойы Жамбыл қаласында тұрып, осында жерленгенін айту ғана. Нестор Махноның әйелі өзіне бір кездері кеңестік жүйе тағайындаған ортада өмір сүрді. Кесімді мезгіл олардың өмірінің ақырына айналды. Олардың Әулиеата топырағына бойын үйретіп алғаны соншалық, одан өзге жерді сүйе алмастай еді.
Махноның әйелі Галина Кузьменко– Киев қаласында 1896 жылы дүниеге келіпті. Мұғалімдер семинариясын, Ұлы Владимир университетін бітірген. Гуляй-Поледе мектепте сабақ беріп, кейін Еңбек министрлігінде түрлі қызметтер атқарған. 1919 жылы Деникиннің ақ гвардияшылар майданын қолдаушы ерікті көтерілісшілер армиясының командирі Махномен бас қосқан. Ол туралы 1990 жылы 1 желтоқсанда «Казахстанская правда» газетінің тілшісі А.Вотчель «Махноның қызында қонақта» деген репортаж жариялады. Бары осы ғана. Алайда сол жылдары Жамбыл қаласына Германия, Франция, Польша, Ресей журналистері ағылып жатты. Сондай-ақ Жамбылға әлемнің түкпір-түкпірінен мұражай қызметкерлері деген жасырын атпен түрлі эмиссарлар да келіп жатты. Ол туралы жергілікті атқару билігі де, қырағы көздер де ештеңе білмеген.
Айта алмайтын заман болғанда, айтқызбайтын амал да болады. Мұндай сәтте ақиқаттың қол-аяғы кісенделеді, тілі байланады. Ағыстың екпінімен жаңқа да жүзеді, қарсы ағысқа арыстың арысы ғана төзеді. Абайлағыш адам өзін сырттай бақылап тұрғандай қимылдайды. Ол төрт қабырғаның құлағы бар екенін, жамандық сыртқа ұмтылатынын біледі. Тіпті ол оңаша қалған кезде де өзіне бүкіл әлем көз тігіп тұрғандай қылық жасайтынын, соңынан бәрі белгілі болып қалатынын сезеді. Оны осы ойы адастырмайды. Оны қазақ даласына не айдап келді?
1934 жылы Нестор Иванович Махно Парижде қайтыс болады. Сүйегі Морис Торез бен Сергей Есениннің әйелі Айседора Дунканның қабірінің жанына жерленеді. Осылайша оның әйелі отыз жеті жасында жесір қалады. Ол жаңа отбасын құрмайды. Карабан есімді эмигрант офицер ізінен қалмай, өз ойын білдірген көрінеді. Бірақ ол оған көзін сүзіп, өз ынтықтығын білдірмейді.
Галина Андреевна Кузьменко жастық шағынан өмірінің соңына дейін сенімді атеист болып қалады. Жан азабы мен тән азабын бір адамдай шексе де, шыбын жанын Құдайға қарай бұрмаған күйі өмірден өтеді. Бұл шынымен оның революциялық қатаюын көрсетеді. Соғыс басталған 1940 жылы маусымда немістер Парижге баса-көктеп кіреді. Немістің қарсы барлау қызметіне Махно есімі өте жақсы белгілі болатын. Сондықтан Галина Кузьменко өзінің некесін сырт көзден жасырын ұстауға тырысып, қолдан келген барлық амалдарын қарастырып бағады. 1943 жылы немістер оның қызы Елена Махноны Берлинге қара жұмыс үшін алып кетеді. Кейін анасы қызын іздеп барады. Екеуі сол жерде зауыттарда қара жұмыс істейді. Галина Андреевна қаланы ағылшындар мен американдық ұшақпен бомбалау кезінде ауыр күйзеліске ұшырап, бойын қорқыныш үрейі билегенін жасырмайды. Нацистік Германия күйрегенде де ол осы қорқыныштан бойын жинай алмайды. 1945 жылы Жеңіс туының Рейхстагтың төбесінде желбіреуі де оны азапты ойлардан жеңілдеткен емес. Қызыл Армияның Германияны жеңгені де оны қуанта алмайды. Берлинде ол бір қарт эмигрант қалмақтармен (Франциядан келген) таныс болады. Ал ол немістермен жұмыс істейтін қалмақ ұйымымен байланыста болып шығады. Олар Берлиннен кеткенде оның өмірін тағы да жалғыздық басады. Осыдан соң құжаттарын заңдастырып, Ресейге кетудің жолын қарастырады. Бірақ оған батылы жетпейді.
Осылайша олар халықты жаппай тексеру және құжат беру басталған кезге дейін тыныш өмір сүреді. Бірде оның үйіне бір неміс және бір орыс ұлтының өкілі келіп құжаттарын тексереді. Қызы Лена үйде жоқ болатын, ол аудармашы болып істейтін. Сондықтан офицерлер оны ресми, бейресми кездесулерге алып кететін. Олар құжаттарды қарап болғасын кетіп қалады. Алайда араға уақыт салып қайтып келіп, оны комендатураға шақырады. Ол бұл істің жағымсыз шақыру екенін түсінсе де баруға мәжбүр болады. Қашып, із жасыруға кеш болатын. Комендатурада оған Махноның әйелі екенін мойындауына тура келеді. Сол күні Галина уақытша қамауға алынып, түнемелікке қалдырылады. Түнде оның жанына неміс солдаты келіп, өзін дәмді тамақтандыруды және онымен бірге төсектес болуды ұсынады. Қайдағы жату, Галина бірден айқайға басады. Қамақ орнынан тыныштық қашады.
Алла Тағала құлдарын ешқашан жазаламайды, есіріп кетуден сақтандырып, ескерту жасайды. Ескерткенді елемесе, сынаққа салады, сынақты көтермесе, бергенін қайтарып алады деп жатады. Тағы бір күні оны басқа әскери мекемеге ауыстырады. Бақылаушылар оған қағаз бен қалам беріп, бөлек бөлмеге қамап, білгенінің бәрін жазуды тапсырады. Бір айдан кейін оны қарапайым пәтерден жасалған ортақ камераға ауыстырады. Бұл жерде бірнеше әйел болады. Содан кейін олар ғимараттың жертөлесіне ауыстырылып, ол қызы Ленамен кездеседі. Бір күні оны бір бастыққа шақырып, өзімен бірге Францияға баруды және сол жерде оларға қарсы жұмыс істеген эмигрантты көрсетуді ұсынады. Галина одан бас тартады. Шындығында, ол ақ гвардияшыларды жіті танымайтын. Күйеуінің жұмысына да араласпаған. Ал эмиграция сатқынының рөлі оған да ұнамаған көрінеді. Оны қала маңындағы екі қабатты нары бар қарапайым лагерьге ауыстырады. Осы жерде ол қызы Ленамен қайта табысады. Осыдан соң оларды Киевке пойызбен жеткізеді. Киевте оларды перронда «қара қарғаға» отырғызады. Киевте олардың қозғалысқа қатысып, қатыспағаны туралы сұраққа алады. Сұрақ ауаны Махноның Францияда көтеріліс ұйымдастыруға араласуы тұрғысында болады. Тергеуден кейін қызы екеуін қылмыскерлермен бірге ортақ камераға қамайды. 1945 жылдың желтоқсан айының басында оларға үкім шығарылып, Галина 8 жыл лагерьге айдалу жазасына кесіледі, ал Лена 5 жылға жер аударылады. Тергеу аяқталғанға дейін олар бір камерада отырып, сол жерде қоштасады. Махноның әйелін көп ұзамай Қазақстанға жібереді. Осыдан кейін оны жылы орнынан қайта қозғайды. Өмір – азап, мүлде тумаса жақсы болар еді. Бірақ ондай мүмкіндік мыңның біріне ғана бұйырғанын біледі.
Өмір мен түс – бір кітаптың беттері. Ол осының екеуін де қатар көреді. Қыстың қақаған желтоқсан айының соңында оны жылы аймақтан КСРО-дағы ең көне саяси лагерьлер шоғырланған Мордовияға жер аударады. Ол жерде соғыста қолға түскен немістер мен галичандықтар (Батыс украиндықтар) көп болады. Махноның жесірі лагерьде шәркей тігіп, қораптар желімдеуге бейімделеді. Бұл қосымша табыс табуға да болатын қара жұмыс еді. Содан кейін ол тігін фабрикасында алдымен тазалаушы, содан кейін пішу цехында бақылаушы болып жұмыс істейді. Арада көп уақыт өтпей Галина мүгедектер лагеріне ауыстырылады. Бұл жерде оған жұмыс істеуге мүмкіндік болмайды. Галина ол жерде қағаздан түрлі гүлдер жасайды. Олары жаман шықпайды. Уақыт өте келе қолқасы асқынып, сырқатқа ұшырайды. Мұнда тоғыз ай отырады. Ол ешкімге көмекке жүгінбейді, өйткені оған көмек қолын созатын адамдар да жоқ болатын. Үш жылдан кейін босап, Киевке барады, осы жерде қызын табады. Ол туралы Галина былай дейді: «Мен 1954 жылдың 9 мамырында таңертең босатылдым, өз-өзіме сенбедім. Станцияда қызыммен кездескенде біз бір-бірімізді танымадық. Менімен бірге лагерьде комкор Якирдің әйелі мен генерал Власовтың әйелі тұтқында болды. Олардың жастары 35-40-та болатын. Екеуі де қарапайым, ұстамды, ақылды әйелдер еді…»
Әлемді күйреуден, күйзелуден сақтайтын ең мықты қуат көзі – адамның адамға деген махаббаты. Дүниенің тартылыс заңын таразылайтын да ақ тілеуден туған адал сезім. Ол осылайша азапты абақтыдан аман-есен шығады. Мұның өзі әлі жарты жеңіс еді, алда азапты жылдар күтіп тұрған еді. Енді Галина Андреевнаның қызынан алған хаттарының бірінен үзінді келтірейік: Бұл хат 1953 жылдың шілдесінде жазылыпты.
«Құрметті ана!
Мен сенің хатыңды шілде айында алдым. Мен сізге кішкене түйіншек жібердім, негізінен олар сіз сұраған дәрі-дәрмектер. Мен астық отырғыздым, бірақ оның орнына жабайы көкнәр шықты. Барлық емтихандарды сәтті аяқтадым. Енді менің қолымда жеті жылдық мектеп бітіргенім туралы куәлік бар. Мен сіздің келуіңізді асыға күтемін, қарт анамды асырауыма аламын. Жолға шығу кезінде қай пойызбен келе жатқаныңызды телеграфпен хабарлаңыз. Мен сізді перронда күтемін, егер станциядан шыққанда қандай да бір себептермен мен болмасам, онда «қалаға» баратын автобусқа отырыңыз да «Қонақ үй» станциясынан түсіп, Малая Қарабакирская 43-үйге келіңіз.Оған әлі бір ай бар. 1 қыркүйекте кездесеміз деп үміттенемін. Мен асыға күтемін және қатты сүйемін. Тамыздың басында ақша салып жіберемін. Луся».
Елена (хаттарда ол өзін Люси деп атайды) анасымен кездесу үшін бәрін қарастырып, оның алды-артын ескерген де сияқты.
Галина осыдан соң өзі үйренген Жамбыл қаласына қоныс аударады. Себебі оның сырқатына байланысты құрғақ, жылы ауа райы керек болатын.
1968 жылы оны Жамбыл қаласына Ленинградтан арнайы жазушы-журналист С.Семанов іздеп келеді. Артық әңгімеден қашқан ол арнайы іссапармен Жамбыл мұрағатына келіп, әрнәрсені қарағандай кейіп танытады. Оның іссапар құжатына Жамбыл архивінде жұмыс істеу үшін келгендігі жөнінде белгі соғылады. Алдын ала жасалған келісім бойынша олар теміржол вокзалында кездесуге ұйғарым жасайды. Бір жағынан қорқыныш пен үрей де болады. Қазіргі стандарттарға қарағанда 50-жылдардың басында қала маңындағы платформада вагондар өте аз болатын. Вокзал басында адамдар да, пойыздар да аз болады. Олар әлденеден сезіктеніп, шулы жерде базар аралап жүріп әңгімелеседі. Махноның жесірі өз қиналысын сездірмейді. Қонағына сеніммен қарап, оған көп нәрселерді айтады. Кетерінде оған бір бума құжаттар беріп жібереді. Ал онда не бары әрине, бізге енді белгісіз.
Тіршілік қиын болса, өмірді жек көру оған, қайғыда ізгі бола алған жандыкі – ерлікпен пара-пар. Ол еркіндікте болса да үреймен өмір сүреді. Араға уақыт салып, оны қызы Елена іздеп келеді. Олардың сегіз жыл бойы бір-бірін көрмеуі аса бір шексіз мерзім емес еді. Кішкентай стансада ана мен қыз бір-бірін танымайды. Көптен күткен кездесуден кейін Галина Андреевна Жамбылда қалатынын білдіреді. Олар қызымен бірге бір пәтер алып, үзіп-қағып жұмыс істейді. Уақыт өте келе, олардың жеке өмірлері жақсы жағына қарай өзгереді. Бірнеше жылдан кейін Галина Андреевна қарттығына байланысты болмашы зейнетақыға қолы жетеді. Парижде өткізген жылдары мен Кеңес одағында өткізген он бес жылының босқа өтпегенін де сезеді. Бұл оның алғашқы «үлкен табысы» болады. 1960 жылдардың басында ол туған жеріне барып қайтады, бірақ туыстарын таппайды. Оның жиені Галяны немістер Киевтен Германияға қара жұмысқа айдап әкеткен-ді. Бауырының 1945 жылы ақпанда америка-ағылшын авиациясының қаланы бомбалау кезінде Дрезден қаласында қайтыс болғанын естиді. Олар балалық шағын еске алуға тырысқанымен, онда көңіл қуантарлық ештеңе жоқ еді. Сондықтан атақты Нестор Махноның жесірі Галина Андреевна Кузьменко қалған өмірін қазақ даласында өткізуді жөн санайды. Енді 1968 жылы 28 қазанда жазған хатынан үзінді келтірсек. Онда ол Могилевте ата-анасымен өткізген балалық шағы туралы баяндайды. Оны естелік демесе де болады, себебі хат қайғы мен ащы өксікке толы еді. Ол оны қуаты қайтқан қолымен көзінің ащы жасын төге отырып жазған сыңайлы. Ол хатты Галина Андреевна жазушы С.Семановқа жолдаған көрінеді:
«Менің он жасымда алғашқы рет бес-алты қыз болып сабақ аяқталғаннан кейін мектептен шығып, моншаға барғаным есімде қалыпты. Мұнда біз сабынданып, буға түстік, одан кейін үйлерді араладық. Менің үстімде жаздық жеңіл пальто болды. Ұзақ қыдырыстан суық соғып тастапты. Мен қатты суықтап, көп ұзамай бүйректің қабынуымен ұзақ ауырдым. Жоғары қысымнан қатты әлсіреп қалдым. Байғұс анам мен ағам Николай менің бұл ісіме қатты ренжіді. Олар бірнеше ай қатарынан, көктемге дейін, сағаттар бойы мені бөлмеде құндақтап жүрді. Жылылық келген кезде ғана баяу қалпыма келе бастадым.Толығымен қалпыма келген кезімде олар маған мүлдем үмітсіз болғанымды айтты. Дәрігерлер маған көмектесе алмады, ал ата-анам мені жерлеуге табыт жасау үшін тақталар, бір қап ұн сатып алып, киімдерді дайындапты. Олар менің 1918 жылы өлмегенімді тілеген болар деймін. Бүгін мен оларға қаншама қайғы мен бақытсыздық әкелдім деп ойлаймын…».
Бақыт қақпасынан кірген қайғы кейде қуанышын да алып келіп жатады. Сондай күндердің бірінде оның қызына үкіметтік жеделхат келеді. Хат Украина Кеңестік Социалистік Республикасының Прокуратурасынан Михненко Елена Несторовнаға арнайы жіберілген екен. Онда:
«КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығы негізінде Сіздің қуғын-сүргінге ұшырауыңыз бойынша қылмыстық істің тоқтатылғанын және қазіргі уақытта ақталғаныңыз туралы хабарлаймыз», делініпті.
Оған Украина КСР Прокуратурасының алқа мүшесі В.И.Лесной қол қойған.
Дәл осындай құжат Галина Андреевнаның атына да жіберіліпті. Екі соғыстан, жер аударылудан, лагерьден, кедейлік пен заңсыздықтан аман қалған Нестор Махноның жесірі ұзақ уақыттар бойы өзінің не істеу керектігін де білмеген еді.
Енді Махноның қызы Елена Несторовна туралы айта кетсек. Елена анасы Галина Андреевнаны іздеп, Жамбылға келгенде өзінің бұл қалада мәңгілік тұрақтап қалатынын білмеген еді. Елена Махно орыс тілін теріп сөйлепті. Оның әйел сипатындағы сұлу бейнесі бақытсыз тағдырына әдемі реңк беретін. Олардың сол кездегі лагерьде болған күндерінен естеліктер мен хат-хабарлардың қолды болып кеткендігі, әрине, өкінішті-ақ! Сондықтан жер аударылған қыздың сотталған анасына жазған хаты тарихи қызығушылық тудырады деп ойлаймыз. Өйткені хат екеуінің қазақ топырағында кездесуінен бұрын жазылыпты. Байғұс қыздың да көрмегені жоқ екен. Елена Махно 1950 жылғы 25 сәуірде анасына жазған хатында:
«Құрметті анашым! 7 ақпанда сізден хат алдым. Ендігі хатыңызды мына мекенжай бойынша: Қаз. ССР, Жамбыл обл, Луговая станциясы (Луговое ауылы) Октябрь көшесі, № 17 тігін цехы. Е.Н. Михненкоға деп жазыңыз. Роза Котлерге жазбаңыз, ол кетіп қалды, тек менің фамилиямды ғана көрсетіңіз… Лусия». Лусия Жамбыл қаласына 1948 жылы қоныс аударып келеді. Өз еркімен. Еуропаның сән-салтанаты жарасқан елдерінде тұрып келген ол мұнда алғашқы күннен бастап түрлі қиындықты басынан кешіреді. Бас сауғалап баратын танысы болмай, ауырған күндері өлім құшқысы келеді. Аудандық тұтынушылар одағында буфетші және асхана еденін жуушы болып жұмыс істейді. Белгісіз аяқкиім жөндеушінің қамқорлығын көреді. Іш сүзегімен ауырып, екі ай ауруханада жатады. Аяқкиім жөндеуші бар киімін сатып жіберіп, ақшасына тамақ әкеліп, оны өлімнен аман алып қалады. Ауруханадан шыққан кезде бауыр мен құлақтың асқынуын сезінеді. 1948 жылы қазан айында теміржол мейрамханасына ыдыс жуушы болып кіреді. Желтоқсан айында штаттың қысқаруына байланысты жұмыстан босатылады. Өмір үшін арпалыса жүріп, жұмысшылар жабдықтау бөліміне ыдыс жуушы болып жұмысқа орналасады. 1949 жылы мамыр айында Жамбыл ірімшік зауытына жұмысқа орналасып, үш айдан кейін тамыз айында зауыт екіге бөлінгенде аудан орталығынан 20 шақырым жердегі тауға көшіп кетеді. Ол тауға барып, мал қораларын тазартады, сүт тасу жұмысына жегіледі. Қыс айларында мұз дайындау, мұз ою жұмыстарын атқарады. Бұл кезде Елена 25 жаста болатын. Осы жерде жүргенде құжат алуға қол жеткізеді. Жамбылдың шетіндегі тар, жұпыны келген үйде Украинадан қоныс аударып келген кісілермен бірге тұрады. Ол бала кезінен саясатты жек көріпті. Әкесі аздап есінде қалған. Кішкентай кезінде үйлеріне халықтың көп келетіні де есінде қалыпты. Үйіне газеттер көп келеді екен. Лусия өзінің Отанының жоқ екендігін білген. Францияда өмірге келсе де, оны туған елі деп санамаған. Ресейді де туған елі ретінде сүйе алмасын айтқан. Бет бітімі сұлу жаратылған қызға көз салушылар да болған, бірақ ол болашақ алдындағы жауапкершіліктен қорыққан. Бірақ айналасында жанашыр жандардың барына қуанған. Балаларының болғанын қаламаған. Оларды аш-жалаңаш күйде өмірге әкелгісі келмеген. Олардың өзінің тағдырын қайталағанын қаламаған. Өзін Киев түрмесіне орналастырған кезде камералас әйелдерден зәбір көргенін де ұмытпаған. Қаныпезерлік – кешегі қатыгездіктің ұйып қалған ұлы қанының тамшысымен суарылатынын сезген. Сайрандатқан сиқырлы сусынның жайлап кеткен жарысы, солқылдатқан соқтасы санасын сарсаңға салып, сандалтып жіберерін де ұмытпаған.
«Казахстанская правда» газетінің 1990 жылғы 1 желтоқсандағы санында жарық көрген журналист А.Вотчельдің
«В гостях у дочь Махно» атты мақаласында ол туралы жазылған.
1960 жылдары Махноның әйелі КСРО Жоғарғы Президиумының төрағасы К.Ворошиловқа өзінің ауыр тұрмысын айтып хат жазады. Осыдан соң Жамбыл қалалық атқару комитетіне хат келіп, оған 1 бөлмелі жайлы пәтер беріледі. Ол Кеңес үкіметі берген осы пәтерінде қартайып, ақтық өмірін өткізеді. Осы жылдары Елена Несторовнаны іздеп Мәскеуден, Ленинградтан, өлкетану мұражайларынан баспасөз қызметкерлері көп келеді. Алайда ол кеш қалғанын, анасы тірі кезде іздеулерінің керек екенін ренішпен айтып, келгендерді өзін бұдан кейін мазаламауларын айтып, шығарып салады екен. Өз намысы мен еркіндігін сақтап қалу үшін өмірін тәуекелге қиған жан қорлық пен құлдық үшін жаратылмағанын осы мінезімен-ақ сездіріпті.
Бекзадалық, бекзаттық, жалдап мінетін ат емес, сатып алар да зат емес, жазып қойған хат емес, тектен жеткен тәбәрік, атадан қалған аманат. Оның қолында анасы мен әкесінің суреттері ғана қалыпты. Олар Жамбылда ұзақ уақыт бойы жеке пәтерлерде тұрып келген. Олардың кім екенін білгендер пәтерге жібермеуге тырысады екен. Анасының тірі кезінде Мәскеуге Ворошиловқа жазған хаты ғана оларды пәтер азабынан құтқарыпты.
Галина Андреевна 1978 жылы
23 наурызда Жамбылда қайтыс болып, туған жерінен мыңдаған шақырым жерде жерленеді. Он бір жарым жылдан кейін қызы мен оның анасы үшін жоғарыдағы жақсы жаңалық келеді. Өкінішке қарай, бәрі кеш еді. Ақиқатқа қарсы атылған оқ атқызғанның түбіне жетеді. Бұл кезде Галина Кузьменко өмірден өтіп кеткен болатын. Ұжданның ұясы бұзылған қоғамда ұялу дегеннің өзі ұят болып қалатынын ол білмей-ақ кетті. Ал әкесі мен анасының ақталғанын көрген Елена Несторовна Махно 1993 жылы 16 қаңтарда Жамбыл қаласында қайтыс болады. Екеуі де Жамбыл қаласында жерленеді. Оның бұл қалада туыстары жоқ болатын. Сондықтан оны көрші-қолаңдары жабылып көмеді. Елена да анасы сияқты, яғни қиналған кезінде өздеріне пана болған қазақ топырағында мәңгілік қалуды ұйғарыпты. Бұл оның соңғы арманы болған көрінеді. Олар қиналған кездері өздеріне пана болған қазақ жерін де, оның халқын да сүйіп өтіпті.
Адам баласының көпшілігі өз мүмкіндіктерінің шекарасынан шығуға, қолынан не келіп, не келмейтінін білуге талпыныс жасамайды. Шамасының неге жететінін білмейді. Ал біреулер оны жақсы біледі. Өмір өткенше өзіне ең жақын, ең сүйікті болған адамдарды танып өту қандай бақыт. Әйтсе де өмір жоқтықта өтеді, біз қашанда еске алу мен үміттің ортасында боламыз…

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Leave A Reply

Your email address will not be published.