Аймақ абыройын асқақтатқан саңлақтар

0 10

Жамбыл спортының жұлдызы қай кезде де биік болған. Кеңестік кезеңнің өзінде әлемдік ареналарда атой салып, байрағымызды биіктеткен толағайларымыз аз емес. Тәуелсіздік таңы тудырған жампоздарымыз да бүгінде байрақты бәсекелерде жасындай жарқылдап, ел, облыс мерейін үстем етуде. Міне, осындай жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарымызмен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жүздесіп, ашық форматта әңгіме өрбітті.

Кездесуге Елорда күніне орай түндігін түрген «Қазақстан Барысы» турнирінде жүлделі ІІ орынға ие болған балуанымыз Ғалымжан Қырықбай, көкпардан алауы тұтанған ел біріншілігінде жеке-дара топ жарған «Әулиеата» ат спорты клубының көкпаршылары және «Өнер көкпары» додасында шашасына шаң жуытпаған жеңімпаздар мен спорт саласына еңбегі сіңген ардагерлер қатысты. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ең әуелі осы саңлақтарды айтулы жеңістерімен құттықтады.
– Бүгінде спорт саласына мемлекет тарапынан аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Бұл сіздерге жеңіске деген жігер беріп жатыр деп сенемін. Сіздердің жеңістеріңіздің арқасында еліміз бен өңірімізді төрткүл әлем тануда. Қазір облыста бұқаралық спортты жанына серік еткендердің саны аймақ тұрғындарының 32 пайызын діттеді. Алдағы уақытта оны 40 пайызға жеткізуіміз керек. Ұлттық құраманың 10 пайызы біздің спортшылардан құралған. Бұл Жамбыл спорты үшін үлкен олжа. Токио Олимпиадасына облыстан 9 спортшы аттанғалы жатыр. Біз осы саңлақтарымыздың тілеуін тілеуіміз қажет. Ұлттық спортқа келетін болсақ, күні кеше «Әулиеата» көкпаршылары еліміздің 11 дүркін чемпионы атанды. Одан бөлек жас көкпаршыларымыз да танылып келеді. Ал «Қазақстан Барысы» турнирінде күміс белбеуге қол жеткізген Ғалымжан Қырықбайдың ерлігі өз алдына бір төбе. Мен Ғалымжан келер додаларда «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы атанған Бейбіт Ыстыбаевтай ағасының ерлігін қайталайды деп сенемін. «Өнер көкпары» аламанында да жерлестеріміз топ жарды. Сіздердің жеңістеріңіз бен жігерлеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жастарды жаман әдеттен арылту үшін біз оларды көптеп спорт мектептеріне тартып, осындай батыр ағаларының ерлігін үлгі етуіміз керек. Барлықтарыңызға облыс намысын қолдан бермей, абыройын асқақтатып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді Бердібек Машбекұлы.
Бұдан кейін облыс әкімі қазіргі таңда чемпиондардың айлық жалақысын көтеру және көкпаршылардың аттарын өзге өңірлерге тасымалдау үшін көлікпен қамтамасыз ету сынды мәселелер айтылып жатқанын, бұны жақын арада шешіп беруге күш салатынын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған «Әулиеата» клубының директоры Нұрдәулет Момынов облыс әкімінің әрдайым білдіріп отырған қолдауына алғысын білдіріп, көкейінде жүрген өтініш-тілегін де жеткізді.
– Көкпаршыларға қолдау білдіріп, бүгінде жеңісімізбен құттықтап жатқаныңыз үшін сізге алғыс білдіреміз. Бүгінде клубта 15 ат болса, соның басым бөлігі жарыстарда жарақат алды. Күні кеше өткен ел біріншілігінде де жүйрік атымыз сүрініп құлады. Сондықтан сізден мүмкін болса жақсы аттармен клубты қамтып берсеңіз деген өтініш бар. Өйткені алда «Ақ бидай» айтулы аламаны келе жатыр. Осы дүбірлі додада да дара шапсақ деген ниетіміз бар, – деді клуб директоры.
«Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері Ғалымжан Қырықбай да облыс әкімі мен жамбылдық жанкүйерлердің қолдауына алғысын білдіре отырып, келер жылғы турнирде алтын белбеумен оралуға уәде етті.
Өнер көкпаршыларының атынан сөз алған Файзулла Сағымбаев та өнер мен спорт жолында жүрген ағаларының қолдауларына дән ризашылығын жеткізіп, Жамбыл жерінде өткен аламанда ойсырай ұтылса, осы жолы есе қайтарғандарын айтты. Және «Өнер көкпары» командасында облыс намысын қорғап жүрген 15 жігіт Алматы қаласында өткелі жатқан «Ұлы дала» ойындарында бақ сынауға нартәуекел етіп жатқандарын хабардар етті.
Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы барлық спортшылардың өтініш-тілектері ескерусіз қалмайтынын айтып, ұлттық ойындарды дамыту арқылы туристік кластердің түтінін түзу ұшыруға болатынын жеткізді. Сол үшін осы бағытта ауқымды жобаларға жан бітіріп, сала мамандарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.