Аймақ алғашқы алтылықта

0 1

Жамбыл облысы дамудың даңғыл жолында. Аймақ экономикасы күн санап қарыштай түсуде. Оған дәлел – күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында «жамбылдықтардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы кең қолдау тауып, енді оны өзге өңірлерде дамыту қолға алынды. Осы ретте облыс «Қазақстан өңірлерінің рейтингісінде» де үздік алтылықтан ойып тұрып орын алып отыр.

«Қазақстан өңірлерінің рейтингісі» 20 негізгі бағыт бойынша жасалған. Онда өңір экономикасынан бөлек, әлеуметтің әлеуметтік мәселелері де негізге алынған.
Ең бірінші бағыт – білім саласында облыс 100 пайыздық көрсеткішті көрсеткен. Мұнда әсіресе балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамту басты назарға алынған. Нәтижесінде облыс бұл бағыт бойынша үздік бестіктен көрінген.

Екінші бағытта күндізгі мектептердің жалпы санынан үш ауысымды оқытатын мектептердің үлесі есептелген. Мұнда облыс 1,3 пайызбен алғашқы алтылыққа табан тіреген.
Үшінші бағытта оқушылардың халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардағы жетістіктері сараланған. Жамбыл облысы 225 медальмен бесінші орынға тұрақтаған.
Төртінші бағыт – медициналық мекемелерде төсек-орындарының жеткіліктілігіне жүргізілген зерделеуде облыс 47,32 пайызбен үздік үштіктен төбе көрсеткен.

Нәресте өліміне келер болсақ, аймақ 7,46 пайызбен бесінші орында.
Қауіпсіз су, қауіпсіз тазалық сақтау және гигиенаның болмауынан қаза табу бойынша аймақ 0,35 пайызбен тағы бесінші орынға тұрақтаған.
Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі бойынша өңір алғашқы алтылықта тұр.
Ал пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің үлесіне келсек, аймақ 6,6 пайызбен бесінші орынды межелеген.
Шетелдің қатысуымен істейтін компаниялардың саны облыста көп емес. Сондықтан аймақ алтыншы орынды місе тұтып отыр.
Шығармашылық экономика сала­сын­дағы қызметтер көлеміне келсек, мұнда да жаман көрсеткіштер жоқ. Нәтиже – 0,30 пайыз.


Негізгі құрал-жабдықтардың тозу дәрежесінде облыс 36,3 пайызбен алтыншы орында.
Ал халықты тұрғын үймен қамтуда 30 пайыздық меже қойылса, облыс соның 17,6 пайызын бағындырған.
Ауызсуға қолжетімділікте 43 пайыз діттелсе, ауызсудың сапасы бойынша облыс ел көлемінде екінші орында.
Жақсы және қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесіне келсек, аймақ 90 пайыздық көрсеткішпен көш бастап тұр.
Кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы қылмыс деңгейі облыста 0,03 пайызға төмендеген.
Міне, осындай 20 бағыттан тұратын рейтингте аймақ алғашқы жетіліктен көрініп отыр. Әлемдік пандемия жағдайында бұл, әрине, үлкен олжа, керемет көрсеткіш. Сондықтан аймақ әлі де талай жетістіктерге жетіп, жекелей бағыттар бойынша ғана емес, тұтастай көрсеткіште ел бойынша көш бастайтынына бек сенімдіміз.

«ARAI»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.