"Дін"

Аймақ басшысы айт намазына қатысты

Written by Aray2005

Кеше айлардың сұлтаны саналатын Рамазан айы аяқталып, Ораза айтының намазы барлық мешіттерде таң қыла бере оқылды. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітіндегі айт намазына облыс әкімі
Асқар Мырзахметов те қатысып, жамағатты қасиетті мерекемен құттықтады.

– Ардақты жамбылдықтар! Құрметті қауым!
Сіз бен біз бүгін қасиетті Ораза айтында бас қосып отырмыз. Мұсылман қауымына парыз болған отыз күн оразаны жамбылдықтар да жақсы ниетпен, үлкен құлшылықпен өткізді. Оразаның әр күні сауапқа толы болатыны белгілі. Осы айда барша жамағат ізгі амалдарға ұмтылады.
Ізгілік, жақсылық, береке, бірлік, ынтымақ пен бауырмалдылық бәрі-бәрі имандылықтан бастау алады. Осы орайда барлықтарыңызды қасиетті Ораза айтымен құттықтаймын! Еліміз өркендеп, дами берсін. Әрбір жанұяға бақ пен береке тілеймін. Ниеттеріңіз қабыл болсын! – деді Асқар Исабекұлы.
Бұдан соң Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасының облыстағы өкілі Қанат Жұмағұл көпшілікті ізгі амалдарға үндеген уағыз айтып, одан кейін жиылғандар айт намазын оқыды.

Ораза айт мерекесіне орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораздың атынан құттықтау хаты келіп түсті. Онда былай деп жазылған:

Құрметті Асқар Исабекұлы!

Сізді отыз күн бойы ораза ұстаған бүкіл әлем мұсылмандарының асыға күткен қуанышты мерекесі Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын.
Ораза айт – бір ай бойы Алла разылығы үшін нәпсісін жеңіп, ораза ұстаған жанның берекелі мерекесі, бір айлық сынақтың сыйы.
Ораза айт – Жаратушы Иеміздің қайырымдылық, жақсылық, ізгілік және нағыз сүйіспеншілік махаббаты орнайтын ерекше күндер. Рамазан айында құлшылыққа бас қойып, Ұлы Алланың кешірімі мен ризалығына бөленген мүминдер айт мейрамы келгенде Тәңірдің сансыз игіліктері мен нығметтерін жайбарақат, ешбір қиындықсыз пайдаланады.
Ораза айт еліміз, жұртымыз үшін мүбәрак болсын! Алла деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, ұжымыңызға ауызбіршілік нәсіп етсін!
Ораза айтта тілеген тілегіміз қабыл болып, халқымыздың, жұртымыздың келешегі кемел, болашағы жарқын, тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты болсын!
Әумин!

ПІКІР