Аймақта коронавирусқа қарсы іс-қимыл шаралары күшейтілуде

0 1

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Онда соңғы тәулікте аймақтағы коронавирустық инфекцияның таралу жағдайының күрделене түскендігі атап өтілді. Қазіргі уақытта ресми түрде 45 науқас тіркелген, олардың дені біздің облысқа еліміздің басқа аймақтарынан, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келген. Науқастармен байланыста болған барлық тұлғалар карантинге алынған.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов сөз алып, олар қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Б.

Жарқынбековтың айтуынша, 7 сәуірдегі жағдай бойынша облыс бойынша коронавирустық инфекцияның 45 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 11 адам шекаралық өткізу пункттерін кесіп өту кезінде, 6 жолаушы Дели рейсінен анықталған. Тараз қаласында 5 оқиға, Қордай ауданында – 18, Меркі ауданында – 2, Шу, Мойынқұм және Жамбыл аудандарында – бір-біреуден тіркелген.

Сондай-ақ, аурушаңдықтың ең көп көрсеткіші көрші Қырғыз Республикасынан келушілер арасынан байқалған десек, олардың саны – 14 адам. Барлық науқастар облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар корпусына жатқызылған. Жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде, олар клиникалық хаттамаға сәйкес ем алуда. Карантиндік және провизорлық стационарларға бүгінге дейін жалпы саны 1305 адам келіп түскен десек, оның 977-і шығарылған. Ал, 328 адам стационарлық бақылауда. Қазіргі уақытта Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігерінің облыстың барлық аумағында карантин енгізу туралы қаулысы дайындалуда. Бүгінге дейін Тараз қаласы мен Қордай ауданы аумағында карантин режимі енгізілген.

Басқосу барысында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев карантиндік режим жағдайында қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Сондай-ақ, аумақтардағы жағдай туралы Қордай, Меркі және Мойынқұм аудандарының әкімдері Рүстем Дәулет, Мейірхан Өмірбеков, Мәден Мұсаев баяндады. – Жағдай күрделене түсуде. Бұл бізден барынша күш-жігерді, жедел шешімдер мен нақты іс-әрекеттерді талап етуде. Өкінішке орай, біздің тұрғындардың көпшілігі төніп тұрған қауіпті сезінбеуде. Бұған Тараз қаласында көріністер дәлел бола алады. Кешегі күннен бастап облыс орталығында карантиндік режим жарияланып, адамдарға өздерін оқшаулау бойынша шектеулер енгізілген. Алайда қала көшелерінде автокөлікпен жүргендердің қарасы азаяр емес. Мұндай карантин қандай нәтиже күтуге болады? – деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы блок-бекеттердегі тиянақтылықтың жоқтығын, олардың кейбіреулері әлі күнге дейін тиісті түрде жабдықталмағандығына назар аудартты. Таразда карантин жарияланғаннан кейін қаланың кіре берістерінде автокөліктердің кептелістері байқалған. Бұл мәселені дереу шешу керектігі айтылды. Бұл банктердегі толассыз кезектерге де қатысты. Әсіресе тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтын Халық банкі бөлімшерінде аталған түйткіл көрініс табуда. Тұрғындарды тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету және бірінші кезектегі қажетті тауарлардың бағасын бақылауға байланысты мәселелер өзекті болып қалуда.

Жиында облыстық штаб жанынан жедел әрекет ету орталығы құрылатындығы, ол штабтың жұмыс органы болатындығы туралы айтылды. Ол жеті бағыт бойынша жұмыс істейтін болады: 1) Тараз қаласы мен аудандардың блок-бекеттерінің, штабтарының жұмысын үйлестіру; 2) медициналық, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік; 3) азық-түлік қауіпсіздігі; 4) жеке тұлғалардың, көлік пен тауарлардың қозғалысын бақылау; 5) әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастары; 6) облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету; 7) халықты ақпараттандыру. Орталықта өңірдегі ахуал туралы барлық ақпарат жинақталып, сараланып, ең өзекті мәселелер бойынша алдын ала шешімдер әзірленіп отырмақ. Орталыққа төрағалық ету облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке жүктелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.