Аймақтағы сегіз мектеп үздік жүздіктің қатарында

0 58

Бәсі биік білім бәйгесінде облыстық мектеп оқушылары осымен ел аумағы бойынша он екінші жыл қатарынан «Ең үздік олимпиадалық команда»  атағын иеленіп отыр.  Мыңды жығар білім додасында өңір намысын асқақтатып, 8 алтын, 12 күміс, 15 қола медалді олжалаған оқушыларды облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек арнайы құттықтап, болашағын тек біліммен байланыстырған жастарға тілеулестігін білдірді.

9-11 сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІV кезеңіне облыстан жеңімпаз атанған  79 оқушы қатысқан болатын. Республикалық олимпиада биыл «бір қатысушы-бір компьютер-бір камера» қағидасына сүйене отырып, қатысушыларды отырғызу кезінде пәндер мен сыныптарды араластыру әдісін қолдану арқылы өткізілді. Олимпиаданың қорытындысы бойынша 35 оқушы өз білімдерімен ерекшеленіп жүлделі  орындарға ие болды. Оның ішінде 8-і алтын, 12-і күміс, 15-і қола медаль иеленді.  Нәтижесінде облыс командасы 12-ші жыл қатарынан «Ең үздік олимпиадалық команда»  атағын жеңіп алды. Сонымен қатар республикалық олимпиада қорытындысы бойынша облыстың  8 мектебі «100 үздік мектептердің» қатарына кірді. Атап айтқанда, Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты, Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернаты, Тараз қаласы №1 А.Бөкейханов атындағы гимназия, Меркі ауданы №17 И. Трубицын атындағы мектеп-гимназиясы, Тараз қаласы №2 орта мектебі, Меркі ауданы №39 мектеп-гимназиясы, Т. Рысқұлов ауданы Қ. Сұлтанбеков атындағы орта мектебі, Тараз қаласы №45 Б. Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясы үздік атанса, осы қатардағы Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты «Үздік олимпиадалық мектеп – 2021» атағын иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «Zoom» платформасы арқылы Қазақстан Республикасының  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың лебіз-тілегімен ашылды.

– Ең дарынды, ең білімді өздеріңіз секілді оқушылар әрдайым биіктен көрініп, еліміздің, мемлекетіміздік абырой беделін асқақтатуы қажет. Республикалық ауқымда өткен жеңімпаз оқушыларымыз енді халықаралық білім додасында ел намысын қорғайтын болады. Сондықтан барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Еліміздің ең басты мақтанышы сіздерсіздер,-деді министр құттықтау сөзінде.

Бұдан кейін шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек жалынды, жігерлі жастарға сәттілік тіледі.

– Құрметті жас достар! Сіздердің барлықтарыңызды бүгінгі жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. 2008 жылы менде дәл сіздер секілді облысымыздың атынан олимпиадаға қатысқан болатынмын. Өздеріңіз білесіздер, ел тәуелсіздігін алған жылдардан бері Елбасымыз білім саласына өте үлкен көңіл бөліп келеді. 1990 жылдардың басында адамдарға айлық беретін мүмкіншілік болған жоқ. Сондай қиын-қыстау кезеңде Елбасы «Болашақ» бағдарламасының құрамын жасақтады. Елбасы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да зияткер ұрпақ туралы жақсы сөздер айтты. Онда түптің түбі мұнай да, басқа да шикізат көздерінің бітетіні, бітпейтін нәрсе, ол – зияткерлік білім екені айтылды. Әлемдегі ең бай компаниялар, бақуатты адамдар  мұнай сатпайды. Олар білім мен ғылымның жетістігіне жеткен азаматтар. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз біздің болашақтағы ұлттық өнімдерді шығара алатын жолға жетелеуі тиіс. Мемлекет басшысы да ұстаздардың әлеуметтік жағдайын, дәрежесін, статусын көтеру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Біз сіздерге әрдайым қолдаушымыз. Бұл жетістік сіздердің еңбектеріңіздің, мұғалімдеріңіздің, ата-аналарыңыздың жемісі деп білеміз. Ең бастысы көп армандаңыздар, сол армандарыңызға жетіңіздер,-деп Дәулет Жамаубайұлы жеңімпаз жастарды марапаттады.

Осынау жігерлі жастардың қатарындағы №16 орта мектептің 10 сынып оқушысы Аяжан Махамбетқұлова алдағы уақытта да білім бәсекелерінде ел намысын абыроймен қорғауды мақсат ететінін жеткізсе, Дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Асылхан Әмірәлі биология ғылымын жетік меңгеріп, болашақта отандық медицинаны дамытуды армандайды. Біз де алдына жан салмайтын алғыр жастарға толағай табыс тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.