Аймақтық ассамблеяның алға қойған мақсаты айқын

0 3

Өңірде бүгінде 87 этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ал 75 этномәдени бірлестік түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында ұйысып, тірлік етуін қамтамасыз етуде. Сонымен қатар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясындағы ғылыми-сараптамалық топ, қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесі, медиация кабинеті, журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және «Әулие-Ата» волонтерлік орталығы түрлі бағытта жұмыс істеп, ел ішіндегі береке-бірлікті нығайтуға айрықша үлес қосуда.

Өткен жылы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 58 500 адамды қамтыған 892 іс-шара өткізсе, этномәдени бірлестіктер 560 шара ұйымдастырған. Сондай-ақ былтыр ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жағыру» бағдарламалық мақаласы аясында 2 ұзақ мерзімді жоба аяқталған. Атап айтар болсақ, «Жамбыл облысындағы этностардың дәстүрлері мен мәдениеттері» энциклопедиясы мен «Ұлы дала қазынасы» («Сокровища великой степи») туындысы жарық көрген. Биыл аталған бастама негізінде Ассамблеяның «Жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру» және «Қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени танымал ету» атты мәдени-білім беру жобасы әзірленіп отыр. Жоба бойынша барлық аудандарда жұмыстар жүргізілетін болады.
Ассамблея қызметінің басым бағыттарының бірі – медиация институтын ілгерілету. Бүгінгі таңда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде медиация кабинеті жұмыс істейді. Сенім телефоны да орнатылып, қоғамдық қабылдау бөлмесі қызмет көрсетуде. Бүгінде облыс бойынша 40 медиация алаңында халыққа практикалық және медиативтік көмек көрсету бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Есептік кезеңде медиация қызметіне 791 азамат жүгінсе, 631 жанжал мен даулы жағдайлар шешімін тапқан. Нәтижесінде облыс татуластыру рәсімдері бойынша өткен жылы республика бойынша 3-орыннан көрінген.
Өңірлік ассамблея жыл ішінде 570 миллион теңгеге 48 мыңға жуық адамға көмек көрсетіпті. Оның ішінде этномәдени бірлестіктердің көмегімен 441 миллион теңгеге 32 мың адамға жәрдем берілген. Пандемия кезінде 25 600 адамға 160 миллион теңгеге азық-түлік, медициналық жабдықтар мен өкпені қолдан тыныстандыру аппараттары алынған. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған 2 отбасыға 30 миллион теңгеге үй сатып алып берген.
Қазіргі уақытта облыс аудандарын­да бірлескен қоғамдық келісім кеңес­тері құрылуда. Олардың құрамына қоғамдық кеңес мүшелері, беделді ақсақалдар, ЭКО өкілдері және жастар қозғалысының көшбасшылары енуде.
ҚХА қоғамдық кеңесі мен қоғамдық келісім кеңесі «Достық» үйінде халықтың өзекті мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау ұйымдастыруда. Осы таңға дейін келіп түскен 45 өтініштің 20-сы сол жерде шешімін тапса, 25-і тиісті мекемелерге жолданған. Сондай-ақ ҚР Жоғарғы Сотының «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында Аналар кеңесіне жүгінген 59 отбасылық жұптың 40-ының шаңырағы шайқалмай, отбасы сақталып қалынған.
Пандемия кезінде «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өз жұмысын қайырымдылыққа бағыттаған. «Еріктілер қозғалысы» орталығы құрылып, Алғыс айту күні аясында дәстүрлі түрде «Өмір сыйла» қайырымдылық акциясы өткен. Шараға 30 адам қатысып, 13,5 литр қан тапсырған.
Облыста мемлекеттік тілді үйренуге этномәдени бірлестіктердің 2 239 өкілі қамтылып отыр. Сондай-ақ республикалық «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумына облыстың әр ауданынан азаматтар жиналып, 1 287 тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің тізімі жасалып отыр.
Журналистер клубының қызметін этносаралық тақырыптарды қозғайтын республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының 20 журналисі жүргізуде. Сондай-ақ өңірлік ассамблеяның қолдауымен 2019 жылдан бастап 2 000 дана тиражбен «Ұлы шаңырақ» облыстық газеті шығарылуда. Ондағы жарияланымдардың 90 пайызы ассамблея қызметін насихаттауда.
Биыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы тың жобаларды қолға алуда. Оның бастысы – мәдени іс-шаралардың форматы толықтай өзгертілмек. Алдағы уақытта облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен өңір журналистеріне этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында семинар-тренинг өткізу көзделуде. Сондай-ақ сәуір айының соңында болатын Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясына дайындық басталып кеткен. Осы сынды межелі міндеттерді өңірлік ассамблея алдына мақсат етіп, татулық пен бірлікті үндемек.

Төлен Дедек

Leave A Reply

Your email address will not be published.