Сұхбат

«Аймақтық университеттер инновациялық өсудің орталығы болуы тиіс»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Махметғали САРЫБЕКОВ

– Махметғали Нұрғалиұлы, күні ертең сіз басшылық жасайтын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне биыл 60 жыл толғалы отыр. Осынау айтулы белеспен «ARAI» газетінің қалың оқырмандары атынан шын жүректен құттықтаймыз. Осы орайда, әңгімеміздің әлқиссасын оқу ордасының құрылу тарихы мен қалыптасу кезеңдерінен бастасақ.
– 60 жыл дегеніміз университет үшін ұзақ мерзім десек болады. Әрине, оның ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрылғанына 20-ақ жыл болды. Тарихымызға қарасақ, 1958 жылы Жамбыл қаласында (Тараз қаласы бұрын осылай деп аталатын) Шымкент қаласында орналасқан Қазақ химия-технологиялық институтының кешкі филиалы ашылды. Жаңадан ашылған филиалдың алғашқы директоры болып экономика ғылымдарының кандидаты Хамза Сейітұлы Сейітов тағайындалды. Екі жылдан кейін, яғни 1960 жылы филиалдың күндізгі бөлімі ашылып, 1963 жылы оның базасында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты іске кірісті.
1962 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтының (Алматы қаласы) гидро­мелиора­тив­тік факультетінің базасында Жамбыл гидро­мелиоративтік-құрылыс институты құрылды. 1998 жылы үш ЖОО-ны (Жамбыл университеті, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты) біріктіру нәтижесінде Тараз мемлекеттік университеті құрылды.
Жоғары оқу орнын әр жылдары танымал ғалымдар, жоғары мектептің және қазақстандық ғылымның ұйымдастырушылары Х.С.Сейітов, Р.Ж.Жолаев, Т.М.Мұхаметқалиев, М.Ф.Үркімбаев, В.И.Миллер, Ө.Қ.Мадиев, Ж.Т.Сүлейменов, У.Қ.Бишімбаев, Ә.Е.Бектұрғанов, Ә.С.Ахметов басқарды. Олардың әрқайсысы университеттің дамуына, оның оқу-зертханалық базасын нығайтуға, кадрлық әлеуетін күшейтуге, мамандарды даярлау сапасын арттыруға нақты үлес қосты.
Университеттің 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралардың бірі – «Университет шежіресі» атты монументтің ашылу салтанаты. Осы ескерткіш бүгінгі жастарымыз үшін ашылып отыр. Өскелең ұрпақ университеттің тарихын, даму белестерін жақсы білуі керек.
– Ғылым мен білім әр кез мемлекеттің назарында. Әсіресе, инновацияны дамыту, өндірісті ғылыммен ұштастыру жайы өзекті. Осы бағытта университетте қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Инновацияны дамыту, өндірісті білім және ғылыммен ұштастыру – аймақтық университеттің негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы бағытта университетімізде біршама нақты жұмыстар атқарылуда. Мысалы, теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыру мақсатымен университеттің кафедралары Жамбыл облысы­ның ірі кәсіпорындары мен мекемелерінің базасында өздерінің филиалдарын ашты. Бүгін кафедралардың осындай 44 филиалы жұмыс істеуде. Филиалдардың атқаратын жұмысы – студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, дуальдық оқыту принциптерін іске асыру, дипломдық жұмыстарды кәсіпорындар базасында орындау, жұмыс берушілерді білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тарту.
Тағы да айта кететін бір жаңалық, университетте «Инновация және кәсіпкерлікті дамыту» орталығы құрылды. Орталық техникалық мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттерге, негізгі мамандықты игерумен бірге, шағын және орта бизнеспен айналысуды үйретеді, олардың кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырады. Шағын және орта бизнесті дамыту туралы айтқан кезде біз тек экономикалық мамандықтарға ғана қатысты деп ойлаймыз. Бүгінде бизнес экономистерін емес, бизнес инженерлерін дайындау аса өзекті болуда.
– Еліміздегі барлық мектептер кезең-кезеңімен білім берудің жаңа жүйесіне көшуде. Осы ретте, сіздің педагог ретіндегі пікіріңізді білгіміз келеді, білім беру мазмұнын жаңартудың қажеттілігі неде?
– Иә, былтырғы оқу жылы білім берудің жаңа мазмұнына 1,2,5,7-сыныптар көшсе, биылғы оқу жылында жаңа білім бағдарламалары 3,6,8-сыныптарда енгізілді. Оның негізгі себебі келесі фактормен айқындалады. Мысалы, қоғам бір орында тұрмайды, оның дамуымен бірге мектепке қойылатын талаптар да өзгере түседі. Яғни, осы талаптарды қанағаттандыру үшін білім беру мазмұнына өзгерістер енгізу қажет. Бүгінгі мектеп оқушылары 10-20-30 жылдан кейін еңбек рыногында бәсекелестік жағдайында сұранысқа ие бола ма деген мәселе өзекті болып тұр. Білім мазмұны ескіреді, қоғам талабына сай болмай қалады, сондықтан оны жаңалау қажеттілігі туындайды.
Дидактика ғылымының үш дәстүрлі сұрағы бар: «Неге оқыту?», «Қалай оқыту?», «Кімді оқыту?». Бүгін аса маңызды болып тұрған сұрақ – «Неге оқыту?». Яғни, білім мазмұнын заман талабына сәйкестендіру.
– Жастарға мамандық таңдауда қандай кеңес берер едіңіз? ХХІ ғасырда қандай мамандыққа сұраныс көп?
– Адами капиталдың сапасы білім берудің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан, жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту қажеттігі туындап отыр.
Әлем соңғы онжылдықта цифрлық технологияға негізделген жаңа типтегі экономикаға көшуде. Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар мен цифрлық трансформация бәсекеге қабілеттілік пен технологиялық өзгерістің негізгі факторы болып табылады.
Сондықтан да Елбасы ақпараттық технология, робототехника, нанотехнология салаларындағы мамандарды даярлауға баса назар аударды.
Уақыт барысымен көптеген мамандықтар еңбек рыногында сұранысқа ие болмай қалады. Сонымен қатар, заман талабына сәйкес жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Қазақстанда жоқ сондай мамандықтардың бірі – «Мехатроника». Бұл мамандық АҚШ-та және Еуропа мемлекеттерінде дамыған. ЮНЕСКО-ның ресми мәліметі бойынша «Мехатроника» әлемде дамыған алғашқы 10 мамандықтардың қатарына кіреді. Тараз мемлекеттік университетінде 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавриат бағдарламасы бойынша пилоттық режимде «Мехатроника» мамандығы ашылып, бірінші курсқа алғашқы студенттер қабылданды. Мехатроника – электротехника, механика, компьютерлік және ақпараттық технологияларды біріктіретін инженерияның жаңа саласы. Осы мамандық бойынша студенттер алғашқы екі жылды біздің университетте, соңғы екі жылды Польша Республикасындағы Люблин политехникалық университетінде жалғастырып, екі мемлекеттің дипломын алатын болады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында «Мехатроника» аса қажетті мамандықтардың бірі болады.
Жалпы айтқанда, бүгінгі мектеп бітірушілер мамандық таңдауда бірнеше факторларды ескеру қажет.
Біріншіден, қай мамандықтар еңбек рыногында сұранысқа ие болуда?
Екіншіден, қоғамдағы бәсекеге қабілетті болу үшін әр мамандыққа қандай нақты талаптар қойылады?
Үшіншіден, қай мамандықтар қазақстандық қоғамда мемлекеттің тарапынан әлеуметтік тұрғыда қорғалған?
Осы мәселелерді таразыға салып ескерген жағдайда мамандықты дұрыс таңдауға болады. Себебі, мамандықты таңдаумен жастарымыздың келешегі, олардың тағдыры байланысты.
Ал, біздің университетті алсақ, су ресурстары, мелиорация, химия, ақпараттық технологиялар, робототехника, нанотехнологиялар салаларына кадрлар даярлауға басымдық беріледі.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды тапсырмаларының бірі ─ ғылым мен инновациялық әлеуетті көтеру. Осыған орай ғылымды коммерцияландыру мәселесі жайлы сіздің ойыңызды білсек дейміз…
– ҚР Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтының сайтына кірсеңіз, сіз ТарМУ-дың елдегі ірі патент иелерінің бірі екендігін көресіз. Бүгінгі күні университеттің патенттік базасын 674 құжат құрайды. Сонымен бірге, ғылыми зерттеу қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру әлі шешілмеген мәселе болып отыр.
«Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін еліміздегі жоғары оқу орындарында ғылыми жобаларды коммерцияландыру үшін орталықтар, офистер немесе бөлімдер құрылды. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, олар тиімді жұмыс істемейді. Әлемдік тәжірибеге қарасаңыз, шетелде осындай орталықтар университеттерде емес, ірі кәсіпорындармен бірге құрылады.
Бүгінде университетте екі ғылыми жоба коммерцияландырылды. Олар қант диабеті бар науқастар үшін ыңғайлы аяқ-киім жасау, тамақ және парфюмериялық-косметикалық өнеркәсіпке арналған шөлейтті сұңғыладан өнімдерді өндіру технологиясын жасау.
Жалпы айтсақ, ғылым тек қана монография, диссертация, шетелдік журналдағы мақала үшін керек емес. Ғылыми жобалардың нәтижелері өндіріске енгізіліп, халықтың өмір сапасын жақсартуға қажет. Ғылымның негізгі мағынасы осында.
Мен ТарМУ-ға ректор болғалы көптеген университет ғалымдары қол жеткізген ғылыми жобалар нәтижелерін арнайы көрмелерде көрсетіп келеміз. Көрмелерге шақырылған бизнес өкілдері біздің ғалымдар ұсынған технологияларды сатып алуға асықпайды. Оларды мазаландыратын бір-ақ сұрақ «осы технология арқылы мен қанша уақытта, қандай пайда таба аламын». Менің ойымша, бизнес алдымен ғылымға инвестиция беру қажет, сонда екі жаққа да пайда болады.
– Сіз бір кездері Білім және ғылым министрінің орынбасары қызметін атқарып, депутаттардың алдында бірнеше заң жобасын қорғаған едіңіз. Жалпы, бүгінгі таңда білім саласына қатысты қандай заң қажет деп ойлайсыз?
– Жақында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Бұл біздің көптен күткен заңымыз, ол университеттердің дамуына жаңа мүмкіндіктер беріп отыр.
Жаңа заң ЖОО-ның дербестігі мен академиялық еркіндігін кеңейтеді, ұлттық білім беру жүйесіндегі жетістіктер мен ерекшеліктерді сақтауда жалпы халықаралық білім қалыптастыру үшін жағдай жасайды.
Ал, қандай жаңа заң бүгінгі таңда тағы да қажет десеңіз менің ойымша, Қазақстанда қоғамда ұстаздың орнын (мұғалімнің статусын) анықтайтын арнайы заң керек шығар. Кезінде ол туралы талай айтылып, жазылды. Бірақ, аяқсыз қалып қойды. Әрине, мұғалімге байланысты бүгінде жалақысын көбейту, біліктілігін жетілдіру, әлеуметтік көмек жасау сияқты көптеген іс-шаралар іске асырылуда. Қазақстандық мұғалімнің жағдайы үнемі Елбасының қамқорлық назарында. Бірақ, сонда да мұғалімге байланысты арнайы заң қажет. Көптеген дамыған мемлекеттерде ұстаздың мәртебесі осындай заңмен айқындалады.
– Осыған дейін сіз бірнеше ЖОО-ны басқардыңыз. Оның ішінде жекеменшік оқу орындары да болған екен. Тәжірибелі ректор ретінде айтып өтіңізші, жалпы мемлекеттік ЖОО мен жекеменшік ЖОО-лардың айырмашылығы неде?
– Келешекте бұл айырмашылық болмайды. Мысалы, біздің университеттің ұйымдастыру-құқықтық формасы – республикалық мемлекеттік кәсіпорын. Жылдың аяғына дейін университет коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. Яғни, біз жоғары оқу орындарын мемлекеттік немесе жекеменшік деп бөлмейміз. Олар туралы пікірді дайындалып жатқан мамандардың сапасына қарай қалыптастырамыз. Берілетін дипломдарымыз да мемлекеттік үлгіде емес, әр университет өз құжаттарын беретін болады. Университет деңгейін еңбек рыногында бәсекелестік анықтайтын болады.
– Бір сұхбатыңызда «Мен еңбек өтілімді ауылдық мектепте қарапайым мұғалім болудан бастадым және бұл үшін өкінбеймін» деген екенсіз. Демек, бұл жастарға еңбек жолын ауылдық жерден бастау керек деген кеңесіңіз бе?
– Солай деп айтсақ та болады. Бірақ, барлық жастарға университет бітіргеннен кейін міндетті түрде ауылға бар деген сөз емес. Әр адамның өзінің өмірлік жолы бар. Ал, мен үшін ауыл мектебі көп нәрсе берді. Аз уақыт болса да (бар болғаны 3 жыл), мен 8-10 сыныптарға физика пәнінен сабақ бердім, сынып жетекшісі болдым. Менің оқушыларым физика пәні бойынша өткізілген аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.
Ауыл мектебінде жинаған тәжірибем министрлікте өз пайдасын тигізді. Менің ойымша, мектептің табалдырығын аттамай, 45 минут аяғынан тік тұрып, оқушыларды аузыңа қаратып, сабақ бермесең білім саласында басшылық қызметте жұмыс істеу өте қиын болады.
– Ақын Бекжан Әшірбаевтың «Академиялық білімді әкеден алған дұрыс жол» деп келетін өлең жолы бар. Сол айтпақшы, сізді ұстаздар династиясының өкілі деп білеміз. Атаңыз, әкеңіз бен анаңыз да педагогтар болған. Ал, өзіңіздің перзенттеріңіздің арасында әке жолын қуғандары бар ма?
– Әрине, баламыз әке жолын жалғастырса деп армандаймыз. Бірақ, соңғы жылдары мектепті жақсы бітірген түлектер заң немесе экономика саласына барып жатқаны жиі кездеседі. Менің де бір ұлым заңгер, екіншісі – экономист болды. Әкесі мен анасының (менің жұбайым да – профессор, ғылым докторы) жолын қуған – қызым болды. Еуразия ұлттық университетінің докторантурасын аяқтап, диссертациясын қорғауға дайындалуда.
– Махметғали Нұрғалиұлы, бүгінгі таңда университет басшылығының алдында тұрған жаңа міндеттер қандай?
– Бүгінде аймақтық университеттің алдында бірқатар стратегиялық міндеттер тұр: біріншіден, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерін ескере отырып, жоғары кәсіби кадрларды дайындау; екіншіден, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өңірдің инновациялық экономикасы мен әлеуметтік салаларына енгізілетін ғылыми зерттеулерді жүргізу; үшіншіден, аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру.
Яғни, аймақтық университет алдында үштұғырлы міндет тұр. Университет аймақтағы ғылым, кадрларды даярлау және аймақтың әлеуметтік-мәдениетті дамыту орталығына айналу керек.
Оларды жүзеге асырудағы жетістіктер, университеттің аймақ өміріндегі алатын орнымен анықталады.
Өз уақытында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі облыс әкімдіктерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою тәжірибесін енгізген, бұл университеттің аймақтағы білім беру, ғылыми және әлеуметтік-мәдени іс-әрекеттерді дамытуда көшбасшылық және үйлестірушілік рөлін нақтылады. Өз кезегінде, өңірдің билік құрылымдары мен аймақтық университет басшылары арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттеу үшін, Жамбыл облысы әкімінің және ТарМУ ректорының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, аймақты дамыту бағдарламасында университет өңірдің драйвері ретінде көрсетілді. Бір сөзбен айқанда, аймақтық университеттер инновациялық өсудің орталығы болуы тиіс.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет! Ел игілігіне бағытталған еселі еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР