Аймақтың жолдары ақылы болмақ

«Жол ақысы жүрсе бітеді» деген халық сөзі уақыт талабымен ақиқатқа айналып отыр.

0 8

Ағымдағы жылы  өңірде  «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дəлізінің 378 километрі ақылы негізге көшеді. Алдағы наурыз айында «Тараз – Шымкент», сәуірде «Тараз – Қайнар» бағытындағы автомобиль жолы осы жүйеге өтеді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ЖОФ директорының орынбасары Дəурен Тултаевтың айтуынша бұл жоспар жол қауіпсіздігі мен қызмет сапасын арттыру мақсатында жүзеге аспақ.

«Ақылы жолдарды пайдалану тәжірибесінің табысты іске асуы аясында 2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданды. Осыған сәйкес алдағы 4 жылда республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолды ақылы жүйеге енгізу жоспарланған. Оның ішінде «Тараз – Шымкент», «Тараз – Қайнар» бағытындағы автомобиль жолдары ақылы болмақ. «Тараз — Шымкент» жолының ұзындығы 140 километрді құрайды. Техникалық санаты бірінші санатқа жататын автомобиль жолының әр бағыты бойынша 2 жолағы бар, толық 4 жолақты тасжолмен көліктер қатынайды. Ақылы учаске Тараз бен Шымкент қалалары мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Түлкібас, Сайрам аудандары арқылы өтеді», — дейді Дəурен Тултаев.

Қазіргі таңда «Тараз-Шымкент» бағытында 3 бақылау аркасы және жолаушылармен  жұмыс жасайтын 1 орталық бар. Екінші бағыт «Тараз – Қайнар» бағыты 238 шақырымды құрайды. Ол учаске Тараз қаласы мен Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары арқылы өтеді. Бұл жол бойында 5 бақылау аркасы мен жолаушылармен жұмыс істейтін бір орталық ашылған.

«Барлық төлем жүйесі енгізілген автомобиль жол учаскелерінде міндетті түрде жарықтандыру, үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар, сондай-ақ, түнгі уақытта жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы белгілер мен катафоттар орнатылады»,-дейді Д.Тултаев.

Осылайша ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, 2025 жылға дейін 24 мың шақырым республикалық автожолдардың бойын жол сервисімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр екен.

Жалпы  елімізде тұңғыш ақылы жүйе «Нұр-Сұлтан – Щучинск» автомобиль жолына енгізілген болатын. Бұл жол жүйеге қосылған күннен бастап жеті жыл бойы жиналған қаржы есебінен күтіліп, жолдың бойында қызмет көрсету сапасы жақсарған. Одан кейін ақылы жол санатына (2019 жылы) «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» автомобиль жол учаскелері енгізілген еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.