"Заң және біз"

Айна ұрлығы Әулиеатаға жетсе, қылмыскерлерге қарсы тұра аламыз ба?

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ұсақ құқықбұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам екенін, сондықтан, мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиістілігі баса айтылған болатын. Себебі, мәдениетсіздік пен тәртіпсіздік соңы бассыздыққа, саналуан қылмыстың орын алуына түрткі болатыны анық.

Бұл тұрғыда Президентіміз: «Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқықбұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді.Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады», – деп атап көрсетті. Содан бері арада аттай алты жыл өтсе де қоғамда ұсақ-түйек қылмыс түрлерінің тыйылмағанын, Елбасымыз айтқандай, ұсақ құқықбұзушылықтың соңы елеулі қылмысқа ұласатынын 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның даңқты спортшысы Денис Теннің қазасына қатысты оқиға дәлелдеп берді. Бір айнаға бола кісі өлтіргендердің ісі жұртты дүр сілкіндіріп, қоғам тіксініп қалды. Бар бәле көліктің айнасынан шыққандықтан, әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі мұны азғындыққа баласа, енді бірі осындай оспадарлықтың себебін елдегі жұмыссыздықтан, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың төмендігінен іздеумен болды. Осы тұста айта кетер бір жайт, қанша жерден қиыншылық қыспаққа алса да, одан шығудың басқа да жолы бар екенін, жалпы, адамды қылмыстан тежейтін негізгі құнды қасиет – оның бойындағы адамгершілік, ізгілік екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, өрімдей жастардың пайда табу немесе күн көру үшін қылмысқа баруын әлеуметтік жағдайдың төмендігіне балау қате түсінік. Десе де, қоғамда қылмыстың дендеуі біріншіден уақытысында қылмыскердің өскен ортасында бойына саналы тәртіп пен жоғары мәдениетті, адами құндылықтарды сіңіре алмауынан болса, екіншіден олардың қылмыспен еркін айналысуына қоғамның өзі жағдай жасап беруінен болып отырғанын мойындауымыз керек. Бір анығы – осы оқиғадан кейін ірі қалаларда қымбат автокөліктердің ұрланған бөлшектерін қабылдайтын, сақтайтын, сататын нүктелердің бар екеніне көзіміз жетті. Мұны заңмен тиюда құқық қорғау органдарының пәрмені жетпейді деуге ауыз бармайды. Заңды да әлсіз дей алмаймыз. Бірақ, көрер көзге кең етек жайған осындай ұйымдасқан қылмысты түп-тамырымен жоюға келгенде дәрменсіздік танытатынымыз қайран қалдырады. Ал, біздің өңірдегі көлік немесе оның бөлшектерінің ұрлануы жайлы ахуал қандай? Біз осы жайтты шамамыз жеткенше сараптап көрдік.
Облыстық ішкі істер департаменті берген мәліметке сүйенсек, осы күнге дейін өңірде бірде-бір мәрте айна ұрлығы туралы дерек тіркелмепті. Дегенмен, бұл біздің аймақта автокөлік ұрлап, оны бөлшектеумен айналысатындар жоқ деген сөзді білдірмейді. Өйткені, былтырғы жылдың алғашқы алты айында 48 автокөлік ұрлау (угон) дерегі тіркелсе, биылғы жылдың есепті мерзімінде 37 көлік ұрланып, тұрғындар тарапынан 48 автөкөлік бөлшегін сұғанақ қолдар үптеп кеткені туралы арыз-шағым түскен. Бір көңілге медеу болатыны, көбіне ұрылар арнайы дайындалмаса да, ашық немесе қараусыз қалған автокөліктердің аккумуляторын, доңғалақтарын және магнитофонын жымқырып кетуге әуес көрінеді.
Әйтсе де, бізде бәрі жақсы деп арқаны кеңге салуға болмайтыны тағы анық. Беті аулақ, әлемге белгілі қазақстандық спортшының қазасына айна ұрлығы себепкер болғаннан кейін, алматылық құқық қорғау органдары тарапынан жасалған белсенді жұмыс нәтижесінде ол жақтағы автокөлік бөлшектерін ұрлаумен айналысатын және ұрлық заттарды қабылдайтын қылмыстық топтардың әрекеті уақытша болса да саябыр табатыны сөзсіз. Алайда, біздің өңір Алматы қаласы, Алматы облысымен шекаралас жатқанын ескерсек, осыдан кейін автокөлік бөлшегін ұрлаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың Әулиеатаға ауып, өз әрекеттерін жүзеге асырмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал, мұндай жағдайға облыстағы құқық қорғау органдары қаншалықты дайын? Міне, негізгі мәселе осы…
– Жалпы, ішкі істер департаменті тарапынан қылмыстың алдын алу және жедел іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру жүйелі жолға қойылған. Жоспарлы және басқа да тексерулер ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, өткен аптаның сенбі, жексенбі күндерінде «Ауыл Береке» сауда орталығы мен «Автогид» сауда нысанына рейд ұйымдастырылды. Жалпы, сол күні 119 нысанға тексерілу жүргізіліп, автокөлік ұрлығы бойынша тізімде тұрған 3 адам тінтілді. Жұртшылықты өз мүлкіне абай болуға шақыратын үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 300-ге тарта жадынама таратылды.
Негізінен, полиция қызметкерлері өзге қаладан көлік қана емес, мал, пәтер тонауға келген ұрыларды ұстауға, қылмысты болдырмауға қауқарлы. Олармен мамандардың қалай күрес жүргізетіні, қандай әдіс қолданатыны құпия болып есептеледі. Мұндай жұмыстар жалпылама жедел іздестіру, алдын алу немесе тергеу шаралары деп айтылады, – дейді облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мамандары.
Иә, құзырлы сала мамандары өңірдегі қылмыстық ахуал жіті бақылауда деп көңілге демеу беруде. Десе де, «сақтықта қорлық жоқ» екенін естен шығармағанымыз абзал. Өйткені, күні кеше ғана айна үшін адам ажал құшады деп кім ойлаған. Сондықтан, қымбат көлік бөлшектерінің саудасы өңірімізге жетсін-жетпесін, алдын алу шараларын қазірден қолға алғанымыз жөн. Бұл бағытта ішкі істер саласының қызметкерлері қырағы жұмыстарын жалғастырып, кез келген жағдайға сақадай сай дайын тұрады деп сенеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР