«Айша бибі» ансамблінің киімдерін көп қаржы ұсынса да сатпадым»

0 19

«Оқшау ой» айдарының қонағы – хореограф, ҚР Мәдениет қайраткері Байдәулет Сазабеков.

– Байдәулет аға, би өнері қазаққа көп таныс емес дүние ғой. Бұл өнерге қалай келіп жүрсіз?..
– Мен бірінші сынып оқып жүрген кезімде болуы керек, «Қазақ концерт» бірлестігі, Жамбыл облыстық театры концерт қойса, Рабиға Есімжанова, Ләззат Сүйіндікова, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев секілді әншілер өнер көрсететін. Бишілерден тек бір биші ғана билейтін. Сондықтан болар, сол санаулы бишілердің биі, қимылдары есте ерекше қалатын. Мен өнерлі бала болдым. Мектепте жүргенде ән де айтатынмын, мың бұрала билейтінмін. Жас кезде өзіме лайық дауысым да болды. Неге екенін білмеймін, өсе келе биге деген аңсарым ауа берді. Себебі алдында айтқанымдай, бір концертте бір ғана биші киімдерін ауыстырып, кемінде 3-4 би билейтін. Әр шыққанда жаңарып, жарқырап, тотықұстай түрленгенде аң-таң қалатынмын. Ол кездің гүлі, бишісі Нұрсұлу Тапалова болды ғой.
1970 жылдары елімізде би өнері жақсы дами бастады. «Гүлдер» ансамблі де сол жылы құрылды. Гүлжан Талпақова оның солисі болды. Және осы кезде әр аймақта «Алатау», «Достық», «Сыр сұлуы» деген би ұжымдары ашыла бастады. Өйткені біздің оқу бітірген жастар ауылдарға барып, жастарға би үйретуді қолға алып, әр облыстан би топтарын ашып, жұмысын жүргізіп жүрді. Сол жылы мен әскерге шақырылдым. Жасым 19-дан 20-ға қараған еді. Онда Забайкалье әскери округінің әндері мен билері ансамблінің құрамында болдым. Олар өздері мені таңдап, биші ретінде қабылдады. Онда ұлттық би емес, сарбаздардың, мотростардың, орыс, молдован, ураиндердің биін биледім. Әскерден соң Алматы театр студиясына (қазіргі Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі) оқуға түстім. Екі жылда бізге Галина Федорова, қазақ биінен қазақ биі әліппесін жазып шыққан, өзіміздің Қордайдың тумасы Дәурен Әбиров сынды атақты ұстаздар дәріс берді. Одан кейін Зәурбек Райбаевтан сабақ алдым. Ол кісі маған «Алтын бүркіт» биін берді. Сол бимен 1 ай Үндістанның 12 қаласын аралап, концерт бердім. 1975 жылы Торғай облыстық «Шертер» ансамбліне шақырту алдым. Маған Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің сол кездегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков үлкен қолдау көрсетті. Ол жерде «Алтын бүркіт», «Мерген», «Жезтырнақ», «Қыз қуу» биін үйрендім. Бидің ерекшелігі сол, қимылдарын 1-2 күн қайталап, бойыңа сіңірсең, ары қарай қиялыңа қанат бітіп, жаңа билерді ойлап таба бастайсың. Мысалы менің қойған «Алтынай» атты биімді алдында Дәурен Әбиров те қойған болатын. Бірақ менікі ерекше болып шықты. Мен 1980 жылдары «Алатау» ансамбліне келгенімде би ұжымында 20 шақты қыз болатын. Басшылық тарапынан республикалық ұлттық би байқауына жақсы бір номер дайындауға тапсырма берді. Сол кезде мен осы «Алтынай» биін шығардым. Ол кезде қазылар алқасының төрайымы Шара Жиенқұлова апамыз болды. Менің апарған шәкірттерім Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Сол жетістігім үшін облыс басшылығы, үшінші хатшы Ғайникен Бибатырова маған 2 бөлмелі пәтер берді. Бұл еңбегімнің еленгені деп білемін. Мен «Алатауда» 10 жылдай қызмет еттім. «Балбырауын», «Аққу», «Тұлпар» биін ойлап тауып, қойдық. Қай елге барсақ та сол елдің биін үйреніп алатынбыз. Өзім «Көктем», «Еркеназ» билерін де ойлап шығардым. Жамбыл ауданында «Аса сазы», Байзақ ауданындағы «Шолпан», Жуалыда «Қызғалдақ», Сарысуда «Сарыарқа», Таласта «Талас толқыны», Т.Рысқұлов ауданында «Сұлутөр», Шуда «Шу еркесі», Қордайдың «Махаббат» ансамбліне билер қойып шықтым. Ары қарай республикаға танылып, жан-жаққа шақырту ала бастадым. Аталмыш ансамбльде табаны күректей 10 жыл қызмет жасадым. Кейін «Химпром» мәдениет сарайының (қазіргі «Баласағұн» ОКЗ) жетекшісі Александр Церуш шақырып, би ансамблін құруымды сұрады. Сол жерде «Айша бибі» ансамблі пайда болды. 2000 жылы ансамбль «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері атанды.
Одан соң елордаға қоныс аударып, өнер жолым сол жақта жалғасты.
Осыдан үш жыл бұрын Татарстанға шақыртумен бардым. Онда қазақ-шығыс билерінен шеберлік сыныбын өткіздім. Татарстан бишілері қолыңның саусақтарын сықырлата алмасаң сені биші деп есептемейді. Ол жақтың атақты бишілері Мукарама Тұрғымбаева, Роза Каримова, Құндыз Міркәримова, Нурхан Зулиева деген кісілерден дәріс алдым. Адам білім алуды еш уақытта тоқтатпауы керек. Мен атап өткен хореографтардың жасы 75-тің үстінде. Ол кісілер жастарына қарамай сабақ беруден жалыққан емес.
– «Айша бибі» тобын құрып, үлкен сахнаға алып шықтыңыз. Тіпті көйлектерін тігіп, әр өрнегін өз қолыңыздан шығарған деген әңгіме бар. «Айшы бибі» атауының тарихына да тоқталсаңыз…
– Маған дейін «Айша бибі» би қойылымын Алматы қаласында Елдос Әшімұлы жеңіл етіп қойған екен. Мен оның әуенін қайта жаздырып, толықтырдым. Мұхтар Рахманқұловпен келісе отырып, әуеніне жаңа дүниелер қостырдым. Содан соң ол музыка да ерекше түрленіп шыға келді. Алдымен әуен ескілікті, көнені көз алдыңа баяу ырғақпен әкелгендей болып, ары қарай ақырын кербез әдемі әуенді жібереді. Сол кезде сонау Самарқаннан қырық қызбен ырғатыла сүйгені Қарахан батырды іздеп Айша бибі келе жатады. Бидің қойылымы қысқа бір оқиға желісін көрсетеді. Сол кезде біздің облыстың бренді Айша бибі кесенесі бар, оны неге әйгілеп, атын шығармасқа деген ой келді. Және Орта Азия елдерінің биін қамтитын ат қой деп ансамбльге «Айша бибі» атауын бердік. Ташкенттен арнайы балетмейстерлер келіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Ансамбліміздегі бишілердің киімі ерекше болатын. Көршілес облыстың би құрамдары бізге қызыға қарайтын. Әсіресе сол кезде шымкенттіктер тойға өнер көрсетуге жиі шақыратын. Аптасына кемінде 3 рет 12 қызымызбен улап-шулап барып, шаршап-шалдығып 10 би билеп қайтатынбыз. Тапқан пайдаға келе салып Ташкент, Үндістан, Дубай елдерінен мата, оған сай түрлі тастар алдырып, бишілерімнің үстіне ілдім. Тырнақтап жинаған ақша қыздардың әдемі көйлектерін әрлеуге жарады.
Ол кезде Байзақ ауданында түйеқұс асырайтын құс фабрикасы болатын. Түйеқұстың үлпілдек ақ жүнін алып, оны қайта жуып-тарап, қыздардың басына үкі қылдым. Оны әртүрлі түске бояуға болады. Табиғи сарғыш түске бояу үшін пияздың қабығын суға қайнатып, оған қауырсынды салған кезде таза тұнық сарғыш түс пайда болады. Бас киімге тақсаң, тіпті жарасып кетеді. Киімдерді суретшілерге сыздырып, оны ары қарай өзім дайындап, толықтыратынмын. Бишілер үшін киімнің ыңғайлы болғаны маңызды. Сонымен бірге қыздар майысып, иіліп қайта орнына келгенде киімі мыжылып, көріксіз болып қалмауы керек. Ол жағына өзім қатты мән бердім. Киімнің сәнін кіргізу үшін әдемі салпыншақ моншақтарды қададым. Бұрымдарын өріп, аяқкиімдерін де үйлестіріп отырдым. Күндіз жаттығу жасаймыз, байқауға қатысамыз, үйге келе сала таңға дейін көз майымды тауысып киімдерін тігетінмін.
Бірде ансамбліміздің Зейнеп есімді қызы республикалық байқауға қатысатын болды. Киімі өзіне жарасып-ақ тұр. Бірақ билеп жатқанда байқасам, көйлек көтерілгенде Зейнептің шидей сирақтары қатты көрініп тұр екен. Сол сәтте ойланып тұрып, өзімнің киетін «Алтын бүркіт» биіндегі шалбарды алып кигізіп қойып едім, тіпті үйлесіп кетті. Жарысқа барғанда көрген кісілер маған алғыс айтып жатты. Оның алдында да бишілер бірен-саран сым киетін. Бірақ мен оны тастамай кигізуді жолға қойдым. Штан көйлекпен түстес, шап-шақ болуы керек. Содан қыздар билеп жүріп айналғанда көйлектері қанша көтерілсе де ұялмай, еркін билей беретін болды.
– Байдәулет аға, қазіргі тойларға бара қалсаңыз, 4-5 қыздан жиналып топ құрып, билеп жатқан бишілерді көреміз. Қыздар топ болып билегенде қимылдарының бәрі жымдасып, көз сүйсінтіп тұруы керек деп ойлаймын. Би қимылдары, киім киістері бұрынғы «Айша бибі» тобының қыздарының қайталамасындай көрінеді. Бірақ өкінішке қарай, сәтсіз. Қанша дегенмен той – халық қазынасы болса, би өнері мәдениеттің бір ұстыны. Алыс-жақыннан келген қонақтар ондай сұрықсыз билерді көріп, өңіріміздің мәдениетіне баға беріп кетуі де мүмкін. Сол үшін оларға сабақ беріп, биді үйретіп, киімдерін дұрыстау керек шығар?..
– Дұрыс айтасыз, мұныңызбен келісемін. Қазіргі бишілер көбіне видеодан көріп алады да, соны айнытпай көшіріп алып, бірді-екілі жаттығу жасап, ел алдына шыға береді. Дайындықтың жетіспеуінен, тәжірибенің жоқтығынан билегенде қолын қайда, басын қайда қарататынын білмей шатасып жатады. Ал ансамбль дегеніміз «бірдей» деген мағынаны білдіреді. Сол үшін топтағы қыздар билегенде қозғалыстары ғана емес, көздері, кірпіктері де бірдей қимылдауы керек. Майда-шүйде көрінгенімен оны қадағаламаса, бидің сәні кетеді. Биді халық алдына шығармас бұрын шегіне жеткізіп дайындалып, пісіру қажет. Жүз рет, мың рет қайталау да аздық етеді. Қазіргі бишілерді қарап отырсаң «мен не деп жатырмын, домбырам не деп жатыр» дегеннің кері келіп, музыкасы мен биінің мінездері үйлеспей жатады. Олардыкі әйтеуір билеп, ақшамызды алсақ болды деген әңгіме ғой. Әнді кейбір әнші жан-тәнімен беріліп айтады. Ол тыңдаушының жүрегіне де әсер етіп жатады. Би де солай, жан-тәніңмен беріліп билесең ғана көрерменнің көңілінен орын аласың. Сол кезде ғана көрермен сенің биіңді қабылдайды. Музыка қалай шырқалса, сенің де денең қосылып ән салғандай қозғалуы керек. Егер соны ескермесе, қанша жерден жұлқынса да ол би болмайды.
– «Қара жорға» биі жайлы ойыңызды білгім келіп отыр. Бұл би Қытайдағы қандастарымыздан бастау алды ғой. Қытайлар пәленбай адамды жинап билетіп, әлемді таңғалдырды. Осы бидің тарихы жайлы айтып берсеңіз. Біз неге бұрындары бұл биді билемедік?
– «Қара жорға» биін кезінде Шара апамыз қойды ғой. Ол кезде еркектердің биі жоғары деңгейде болмады. Одан кейін 1957-1960 жылдары Дәурен Әбиров те «Қара жорға» биін шығарды. Ол «Қара жорға» кәдімгі аттың шабысы, арғымақтың жорғалауы секілді элементтері бар би еді. Бертін келе Қытайдан келген қандастарымыз «Қара жорға» деп қызды шалқасынан жатқызып, оның үстіне жігітті төндіріп билетіп жатты. Мен ол биді кейін моңғолдардан да көрдім. Олар да иықтарын қозғалта билеп жатты. Менің ойымша, бұл биде аты айтып тұрғандай аттың жүрісі, жылқының мінезі барлығын беру керек. Мен қара жорғаға ұқсас элементтері бар биді «Үркер» ансамбліне де қойғанмын. Бірақ мына заманауи «Қара жорғаның» қайдан, қалай шыққанын білмейді екенмін. Әуенін де өздері алып келген. Әуені «Салкүреңнің» музыкасы. «Қыз Жібектегі» Шегенің ариясы бар ғой, «Тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған» деп келетін, сол музыкаға салып, бұлар сол жағынан ұтып кеткен секілді. Бізге бұл би жаңадан келгенде-ақ ғұмыры ұзақ болмайтынын, халық ары кетсе 5-6 жыл ғана билеп, содан соң қалады деп айттым. Қалуын қалып кетті ғой. Қазір ешкім билемейді. Басында қызық секілді бәрі қосылып көрді, бірақ кейін қойды.
Сол секілді кезінде Қытайдан Шұғыла деген қандас қарындасымыз келді. Оны да «әлемнің 57 биін билейді екен» десіп, жер-көкке сыйдырмай мақтады. Оның «Үкілі ару» биіне айтар сөзіміз жоқ. Бірақ алғашқы сабақ берген мұғаліміңіз кім десе, жауап бермегені күмән тудырды. Кейін мен Қытайдың Үрімші және басқа да бірнеше қаласына барып, «Шұғыла деген биші қызды танисыңдар ма?» деп сұрағанымда ешқайсысы танымайтын болып шықты. Қазақстандағы атақты Нұрсұлу Талпақова сынды бишілер Шұғыланы мойындаған да жоқ еді. Қазір ол қыз да биін қойған секілді. Сол сияқты ғой.
– Кезінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына өкпелеп жүргеніңізді естіген едік. Өкпеңіз тарқап, ренішіңіздің орны толды ма?
– Кезінде «Химпром» мәдениет үйін орыстар басқарған шақта маған жақсы жағдай жасап, ансамбльді дамытуға көп мүмкіндіктер берген болатын. Кейіннен облыстық филармония осында келді де, ол кісілер жұмыстан босатылды. Мен өз айлығыма костюм тіктіріп, өз тіршілігіммен айналысып жаттым. Бірақ кейіннен Түркия, Испанияға іссапар шықса, сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеев гастрольге қыздарың барады, өзің қаласың деп талап қоя бастады. Бас хореограф мен, костюм өз ақшама тігілген. Қойылымдарды да өзім қоямын. Онымен қоса мені тастап кетіп, өзі бармақшы болды. Мен бұл ұсыныстарына үзілді-кесілді қарсы болған соң, кезінде менің шәкіртім болған «Үркер» ансамблінің бишісі Бибігүл деген қызға қолқа салыпты. Өздерінің дегеніне көндіре алмағаннан кейін Бибігүлді жіберіпті. Ол қызды да қайтарып жібердім. Содан олар шетелге кетті. Сол уақытта мен Астана қаласына (қазіргі Нұр-Сұлтан) шақырту алған болатынмын. Ондағы Талғат Андасбаев деген группаласыма хабарласып, «Мені шақырған едің ғой, кел десең ертең көшіп барамын» деп едім, бірден келісіп, күтетінін айтты. Жасыратыны жоқ, ол маған бар жағдайды жасап берді. Бір киім бөлмесін балет залымен ұсынды. Кейін артымнан өзім дайындаған 6 қыз келді. Ол жақтан тағы 6 қыз жинақтап, бишілер тобын құрып, онға жуық би қойылымын қойдық. Одан бері біраз жыл өтті.
Ал екіншіден, қазіргі таңда 300-ге жуық костюмім тұр. Жоғарыда айтқандай, олардың әрқайсысы Үндістан, Дубайдан әкелінген сапалы маталардан тігілген. Ансамбльдің костюмдерін Қарағанды, Көкшетау, Алматы театрлары мен ансамбльдері сатуымды сұрады және басқа да ұсыныстар болды. Бірақ мен негізін өзім қалаған, Таразда тігілген «Айша бибі» ансамблінің киімдерін тарихи отанына қайтарғым келеді. Өзім көз майын тауысып тіккен киімдерімнің, репертуарларымның жаңа бағытта қайта өмір сүргенін қалаймын. Жергілікті филармония бұларды бөлек-бөлек етіп алғысы келеді. Мен олардың ешқайсысын бөліп-жара алмаймын. Себебі менде 20 бидің костюмдері, оның алқа-моншақтары секілді әшекейлері, бұрымдары мен аяқкиімдері жап-жаңа күйінше тұр. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Филармония басшылығы реттеп береміз деп уәде етіп отыр .
– Байдәулет аға, биыл 70 жасқа келдіңіз. Өзіңіз құрған «Айша бибі» ансамбліне 30 жыл толды. Қандай жоспарлар бар? Жалпы осыған дейін жергілікті басқарма тарапынан өнер, мәдениет күндері мерекелерінде еленіп, ескеріліп тұрдыңыз ба?
– Осыдан бірнеше күн бұрын маған жергілікті газет-журналдарға сұхбат беріп, би қойып кетсеңіз әрі биылғы 70 жас мерейіңізді қолға алып, ақылдассақ деп шақыртты. Осы шығар елегендері. Елордадағы, осындағы қыздарым мерейтойды өзіміз-ақ тойлайық деген болатын. «Қыздар, менің елімде азды-көпті жасаған еңбегім бар, Жамбыл облысындағы жалғыз кәсіби бишімін. Сондықтан туған жеріме барып, атымды жаңғыртып, облыс деңгейінде атап өтіп кетейін. Ары қарай өздері білсін. Костюмімді алса алар, алмаса қояр», деп тоқтаттым.
– Қазір би тобыңыз бар ма? Шәкірттер тәрбиелеп жатырсыз ба?
– Қазір би тобым жоқ. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқаныма 16 жыл болды . Алғаш менімен барған қыздар тұрмысқа шығып, балалы болып, басқа салаларға кетті. Кейін Қабанбай батыр ауылындағы мәдениет үйіне қарасты би үйірмесін ашқан едім. Кейіннен зейнеткерлермен жұмыс істемейміз деді. Қазір менде шәкірттер жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.