Жастар.kz

Айтыс арқауы – Астана

Сейсенбі күні Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйінде Елордамыздың 20, Талас ауданының 90, Қаратау қаласының 55 жылдығына орай «Дүбірі тұлпарлардың қалған өңір» атты жас ақындар айтысы өтті. Жыр сайысына Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Шу, Талас аудандарынан 11 ақын қатысып, бақ сынады. Айтыстың ашылу салтанатында Қаратау қаласының әкімі Қайрат Серімов жастар арасында халық ауыз әдебиетінің осы жанрын насихаттаудың, тума таланттарды қолдаудың маңызы зор екенін айтып, ақындарға сәттілік тіледі.

Мұнан соң жеребе тартылып, сахнаға алғашқы жұп көтерілді. Тараздық Медеу Мырзатай мен Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылынан келген Нұржан Манатбеков жырға сусаған жұртты баурап әкете алмады. Десе де, Медеу «Тұлпар тұрмақ бұл жердің тұрғынының, өн бойынан биіктік байқалады» деген сынды тәуір теңеуді тауып айта білетіні байқалды. Нұржан да Астана қаласын, өзінің туған өлкесін жырлауда қамшы салдырмағанымен, жинақы ой мен шымыр ұйқасты үйлестіре білу жағынан кемшін түсіп жатты. Дегенмен, талпынысы көпшілікті сүйсінтті.

Ал, екінші жұп, Жамбыл ауданының тумасы Нұрлыбек Құрманов пен Байзақ ауданының атынан сынға түскен Рай Дөңбай әдемі айтыс жасай білді. Бұлар жастардың да, ересектердің де арасында талай мәрте топ жарып, төселгендігін тағы бір дәлелдеді. Шу ауданынан келген Әділет Медетқұл мен байзақтық Дидар Басығараевтың айтысында да тұшымды ойлар айтылды. Дидар негізінен күй өнерінің нағыз шебері. Осыны алға тартқан Әділеттің күйшіден ақын шықпайды деген сарындағы уәжіне, қарсыласы кезінде Динаның, Тәттімбеттің айтыс ақыны болғанын, Жамбылдың, Кененнің күйлері бар екенін нақты дерекпен келтіре отырып, сауаттылығын көрсетті. Әділеттің «Алаш елі ешқашан ұмытпайды, Таластың биік болып келгендігін» деген теңеуі жұртты желпіндіріп тастады.

Тараздық Ернұр Бейсенов пен жамбылдық Шапағат Сәбитқызы қыз бен жігіт айтысын жасады. Бірақ, екеуі де ақтық сынға шыға алмады. Әйтсе де, Шапағат қалжыңмен қағыта тиіскен Ернұрға «Пысқырып қарамайтын қызбалаға, ысқыратын әдеті бозбаланың» деп ұтымды жауап беріп, әзіл айтысқа жақын екенін байқатты. Тараздың үкілеген үміті Дидар Аббасов пен Байзақ ауданынан келген Дархан Әбдіманаттың да айтысы тартысты өрбіді. Әсіресе, Дархан «Қыз қадірі болмаса Қаратаудың, Кемпіртөбе болар ма ед биік шыңы», «Қадірің Қаратаудай болмаған соң, Таласпен таласудың керегі жоқ» деген ойларды түйдек-түйдегімен ағытты. Бұдан кейін сахнаға Медеу Мырзатай қайта көтеріліп, айтыстың алғашқы бөлімін жамбылдық Бағнұр Нұрманов екеуі түйіндеді.

Облысқа белгілі айтыс ақыны, Ербол Қамбатыров жүргізген айтыстың ақтық сынынан Рай Дөңбай, Нұрлыбек Құрманов, Дидар Басығараев, Дархан Әбдіманат көрінді. Айта кету керек, финалға шыққан осы төрт ақынның үшеуі байзақтық, біреуі Жамбыл ауданынан. Байзақтан келген жастардың жарқырап жанатынындай бар. Өйткені, бұл осы аудандағы жас ақындардың талабын ұштап жүрген Алтынкүл Қасымбекованың еңбегі екені анық. Ал, кезінде Мұхамеджан Тазабеков, Ахметжан Өзбеков сынды дүлдүлдердің бағын ашқан Айтмұхамед Исаховтай ұстазы барда Жамбыл ауданының да жүлдесіз қалмайтыны сөзсіз.

Сонымен, ақтық айқас түре айтыс түрінде өрбіді. Дархан Әбдіманаттың Жұдырық деген рудан қыз алып, жағдайың қиын боп жүрме дегенді меңзеген Нұрлыбек Құрмановқа қарсыласы «Ақындардың ішінде мен шығармын, ұрмай-соқпай жұдырық жұмсап жүрген» деп тапқырлығын танытты.

Ақтық сынның екінші жұбы Рай Дөңбай мен Дидар Басығараевтың да айтысы көрерменді қиқуға бастырды. Райдың тың теңеулері, терең ойлары әрқайсысымыздың санамызда жатталып қалғаны рас. Оның «Құзда туған қыранның балапаны, жұмыртқаның ішінде көп жатпайды» деген бір ғана теңеуінің өзі алтынға айырбастағысыз.

Маңайды жырға, көңілді нұрға бөлеген дүбірлі додада мәреге алғаш болып Нұрлыбек Құрманов жетіп, оған тоңазытқыш сыйға тартылды. Екінші орыннан байзақтық Рай Дөңбай көрінді. Ал, үшінші орынды Дидар Басығараев пен Дархан Әбдіманат теңдей бөлісті. Әу баста біз ақтық сыннан көрсек деген Жамбыл ауданы, Өрнек ауылының үкілі үміті Шапағат Сәбитқызы қазылардың шешімі бойынша «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды. Қалған ақындарға ынталандыру сыйлықтары беріліп, жүлде иегерлеріне диплом тапсырылды. Көпшіліктің ақындарға деген ізгі ниеті мен қошеметін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байзақ Көлбаев жеткізді. Бұл күні қаратаулықтардың жыр кәусәрына шөліркеп қалғаны байқалды. Осы ретте айтысты ұйымдастырушы, Талас аудандық жастар ресурстық орталығы мен осы істің басы-қасында жүрген ақын, жастар жанашыры Ербол Қамбатыров пен Үміт Битеновалардың еңбегін айтпай кетуге болмас. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрсұлтан Манатбек көп жылдан бері ауданда елеусіз қалып келе жатқан жас ақындар айтысының жалғасын табатынына сендірді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Талас ауданы

ПІКІР