"Заң және біз"

Айыппұл арқалағыңыз келмесе, құдалықты қоя тұрыңыз!

Written by Aray2005

Күллі адамзат үшін ортақ мәселеге айналған коронавирустық инфекцияның таралуына әзір ешқандай тосқауыл болмай тұр. Әлем әрі-сәрі күй кешкен 7 айдан бері бұл індетті 12 миллионнан астам адам жұқтырды. Біздің елімізде де дауасыз дерттің айылын жияр түрі көрінбейді. Алғашында күн санап көбейген науқастардың статистикасынан үрейленген отандастарымыз бүгінде COVID-19 диагнозы қойылған кісі өлімінің еселеп артуына алаңдаулы. Жасыратыны жоқ 2 айға созылған төтенше жағдай режимі төтеннен келген қатерге тегеурін көрсеткен еді. Алайда одан кейінгі қалыпты өмірге түскендей күй кешіп, жағамыз жайлауда жүрген бейқамдығымыздың салдары оңайға соққан жоқ. Азаматтардың әлеуметтік жауапкершілік жүгін жете сезінбеуі, кәсіпкерлік нысан иелерінің тиісті шектеулерге мойынсұнбауынан карантиндік талаптар жиі бұзыла бастады. Қолда бар мүмкіндіктер мен ресурстар індетті жоюға жұмылдырылып жатқан сәтте ардан бұрын пайданы ойлағандарға кешірім болмауы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өткен апта соңындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында індетке қарсы күрестің карантин шаралары сақталған кезде ғана нәтижелі боларын еске салып, елдегі қоғамдық тәртіптің әлі де тиісті талаптың үдесінен шыға алмай тұрғанын сын тезіне алған-ды. Бұл орайда Президент полиция мен санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын бақылауда ұстауды ескерткен. Әрине елдегі жағдайды көре тұрып, бейқамдық пен салғырттық жол бергендердің жазалануы керек-ақ. Осы арқылы ғана өзі мен өзгелердің денсаулығына қауіп төндірушілердің әрекетіне тыйым салынбақ.
Сәйкесінше облыс аумағында да карантиндік талаптардың мұқият сақталуы керектігін көзге ілмегендер баршылық. Әсіресе жеке бастың пайдасын бірінші кезекке қойған кәсіпкерлік нысандар тиісті шектеулерге мән бермей жүр. Олардың бірі санитарлық талаптарға мұрынын шүйіре қараса, енді бірі өз қызметін жасырын түрде жалғастыруға әрекеттеніп жатыр. Бұл жайттарды бұрнағы күні өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та өз баяндамасында мысал етті. Өңір басшысының айтуынша, қатаң карантиндік шектеу шараларының енгізілуін қамтамасыз етуді арнайы құрылған 43 мониторингтік топ басты назарына алған. Мониторинг топ мүшелерімен облыс аумағындағы 2050 нысанға жүргізілген зерделеу жұмысының нәтижесінде 340 нысанда карантин талаптарының сақталмағандығы анықталыпты. Талапқа мойынсұнбаған 235 нысанға ескерту берілсе, 75 нысанға айыппұл салу туралы хаттама толтырылып, сотқа жолданған. Сондай-ақ 30 нысан өз қызметін тоқтатыпты. Бүгінгі таңда сот шешімімен санитарлық шектеулерге мән бермеген 12 нысанның иелері 1,7 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
Бір ғана Тараз қаласының өзінде 26 нысаннан анықталған заңбұзушылықтарға хаттама толтырылып, іс сотқа жолданған.
– Тараз қаласы әкімінің 2020 жылдың 26 мамырындағы №60 өкімімен облыс орталығында 11 мониторингтік топ құрылған. Топ құрамына негізінен Тараз қаласы әкімдігі мен полиция басқармасының өкілдері, санитарлық дәрігерлер мүшелікке алынды. Бүгінгі күнге дейін мониторинг топ мүшелерімен қаладағы бірқатар нысанда карантиндік талаптардың сақталмағаны анықталды. Дәл осындай 26 нысанға хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді. Мұндағы 5 іс бойынша соттың шешімімен әрбір нысан иесіне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Мониторинг топ мүшелері әлі де санитарлық шектеулердің мұқият сақталуын қамтамасыз ету бойынша зерделеу жұмыстарын жалғастыруда, – дейді Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Әбділдә.
Апта аралығында облыс орталығында құрылған мониторинг топ мүшелері тағы бірқатар заңсыздықтарды әшкереледі. Тараз қаласының әкімінің орынбасары Алмас Садубаев жетекшілік ететін мониторингтік топ мүшелері түн ортасына дейін жасырын қызмет көрсетіп келген мейрамханаларды анықтады. Енді бір топтың мүшелері қонақ күтуге арналған үйлерді жалға алып туған күн, құдалық сынды рәсімдерді өткізіп жатқандарға «күтпеген қонақ» болды. Анықталған барлық фактілер бойынша хаттамалар толтырып, әкімшілік істер соттың қарауына жіберілді.
Ал облыстық соттың баспасөз қызметі карантиндік талаптарды бұзу бойынша әкімшілік істердің уақытылы қаралмауы себебін судьялардың жүктемесінің көптігімен байланыстырады. Әрі кейбір хаттамалар құқықбұзушылық құрамның жеткіліксіз болуынан кері қайтарылады екен. Осы уақытқа дейін өңір судьяларымен карантиндік талаптарды бұзу бойынша 9 іс қаралып, нақты шешім шығарылған көрінеді.

Карантин талаптарын қатаңдатудағы басты мақсат халық саулығы екенін ескерсек, оны бұзушылардың заң шеңберінде жауапқа тартылуы құпталады. Мұндағы жазалау шаралары өзгелерге сабақ болса заңға мұрынын шүйіре қалғысы келетіндер де азая түсер ме еді, кім білсін? Ең бастысы бекітілген шектен шықпау елдің еңсесін түсірген нәубетпен күресте нәтижелі амал екенін естен шығармайық!

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР