Айыппұл төлемеген айыпты болады

0 3

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті кеңесте әкімшілік айыппұлдарды өндіру мәселелері қаралды. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, аталмыш сала басшылары мен мамандар және селекторлық байланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.

– Экономика дамуы үшін бюджеттің кіріс бөлігі өсуі маңызды. Бұл ретте әкімшілік жаза нәтижесінде салынған айыппұлдар толығымен қазынаға түсуі керек. Соңғы төрт айда әкімшілік айыппұлдардан жергілікті бюджетке 1 миллиард 43 миллион теңге түскен, бұл 65,44 пайызды құрайды, – деді аймақ басшысы. Кеңесте ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқарма басшысы Дәурен Райымқұлов есеп беріп, өз сөзінде әкімшілік айыппұлдар туралы 67 537- қаулы шыққанын, 683 миллион теңге немесе 65,44 пайыз төленгенін айта келе, республика бойынша айыппұлдарды өндіру жөнінен біздің облыс үшінші орында екенін, бір ай бұрын тіпті 1-орында тұрғанын тілге тиек етті. Баяндамашы салық органдары жыл соңына қарай миллиондаған сомалар салып, оны өндіру оңайға соқпайтынын және осыған байланысты өздерінің жыл бойғы еңбектері зая кететінін жеткізді. Сондықтан үлкен айыппұлды жыл күтпей қазірден бастап болжауды ұсынды.
– Салықтың басым бөлігін құраған полиция органдары барлық айыппұлдардан 440 миллион теңге өндірген. Одан кейінгі кезекте айыппұлдардың сомасын мемлекеттік кірістер органдары салды. Олар салған айыппұл көлемі 153 миллион, өндірілгені – 94 миллион теңге.
Ішкі мемлекеттік аудит органдары 44 миллион теңгенің 75 пайызын өндірсе, жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар, экология, ҰҚК органдары 2-11 миллион теңге аралығында айыппұл салды, – деген Дәурен Қуатбекұлы аудандар бойынша Тараз қаласы мен Мойынқұм, Жуалы, Шу аудандарында төленген айыппұлдардың деңгейі төмен, ал Талас ауданында жоғары екенін атап өтті.
Ағымдағы жылы сот орындаушылары әкімшілік айыппұлдарды өндіру туралы 223 миллион теңгені құрайтын 7 мыңнан астам атқарушылық істі қозғап, сол уақытта 31 мың іс бойынша жұмыс атқарылып, онда 237 миллион теңге айыппұлды құрайтын 12 мың іс қаралған. Баяндамашы, әкімшілік айыппұлдардың орындалуы мен бюджетке түсу мәселелерін тереңірек қарастырып, бақылауға алатын кез келгенін және карантиндік шектеулерге орай санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтау нормаларын бақылайтын мониторингтік топтардың немқұрайды жұмысына назар аудару керектігін атап өтті.
Мұнан соң облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қайрат Қармандаев облыс бойынша 2020-2021 жылдың 1-тоқсанында мемлекеттік кірістер органдарында орын алған әкімшілік құқықбұзушылықтарға тоқталды.
– Есепті кезеңде аймақта 19 997 әкімшілік құқықбұзушылық фактілері бойынша іс қозғалды. Оның ішінде 15 545 іс әкімшілік жаза ретінде «ескерту» түрінде жауапкершілікке тартылса, 189 іс әкімшілік жазаға тарту үшін сот органдарына жолданды. 47 іс әкімшілік жауапкершіліктен босатылып, қысқартылса, 4 221 іс әкімшілік жаза ретінде 667 067 мың теңгеге айыппұлдар салынды. Жалпы салынған сомадан 336 957 мың теңге өндірілді, – деген Қайрат Сүлейменұлы ағымдағы жылдың басынан 153 388 айыппұл салынып, 109 835,5 мың теңге өндірілгенін немесе 71,61 пайызды құрағанын және өндіру бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
Кеңесте мұнан өзге облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Нұржан Қалметовтің есебі тыңдалды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.