Аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін 10 жатақхана салынады

0 0

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі көпбалалы аналармен кездесті. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен кездесуге келген аналардың қарасы қалың болды. Олар аймақ басшысы алдында түрлі әлеуметтік мәселелерін көтеріп, тілек-өтініштерін білдірді.

Өз кезегінде Асқар Исабекұлы өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы аналарға қажетті көмектер барынша көрсетілетінін, ол үшін биылғы бюджет есебінен 30 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді.
Аймақ басшысының айтуынша, облыста биыл 10 жатақхана салынады. Оның 7-еуі облыс орталығынан, 3-еуі Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларынан бой көтермек. Бұл жатақханалар тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қамтитын болады. Ал, осындай отбасылардан шыққан облыс мектептерінде оқитын 29 мың баланың ыстық тамағына 2 миллиард теңге, мектеп формасын алып беру үшін 500 миллион теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, 23 мың оқушыға жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілмек.
Сондай-ақ аз қамтылған және көпба­ла­лы отбасынан шыққан оқушылар мен түлектер үшін де айтарлықтай жеңілдіктер жасалынады. Айталық, биыл колледждерге бөлінетін 13 мың гранттың 50 пайызы аз қамтылған және көпбалалы отбасының балаларына тиесілі болмақ. Яғни, 6 500-ге жуық студент мемлекет есебінен колледждерде тегін оқытылады. Олардың шәкіртақысы мен тамақтануына 1,7 миллиард теңге қаралмақ.
7500 аз қамтылған және көпбалалы отбасының коммуналдық төлемдерін төлеп беру үшін 500 миллион теңге бөлінеді.
Асқар Исабекұлы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 70 пайызы ауылда тұратынын ескеріп, оларға демеушілер есебінен қайтарымсыз мал беру шаралары да қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар өңір басшысы әлеуметтік қолдау көрсету үшін құрылатын арнайы комиссия құрамына да барынша көпбалалы аналардың қосылатынын тілге тиек етті.
Республикалық «Бақытты отбасы» акциясы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін облыстық «Қамқор» жобасы қолға алынған. Оған 1 мыңнан аса ерікті тартылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.