Аз шығынмен мол өнім алудың амалы көп

0 35

Ауылда жүргенде шілденің шіліңгір ыстығында кетпенін иығына асынып алып, арық жағалап жүрген талай диқанды көргенбіз. Шаруалардың тоған басында тіршілік нәріне таласып, жаға жыртысуға дейін барған кездері де болған. Баламыз ғой, «осыларға не жетпейді?» деп іштей ойға бататынбыз. Сөйтсек, шөлден қысылған егісінің күйіп кетпеуін ойлаған диқандардың әрқайсысының көрпені өзіне тартуы заңдылық екен ғой.

Жалпы су тапшылығы диқанның да, жауаптылардың ағын суды қолдану ісіне атүсті қарап, ысырапшылдыққа жол бергенінен немесе басқа да жайттан туындаған мәселе емес. Әңгіме тіршілік нәрін тұтынуда көрші айырқалпақты ағайындарға тәуелді болуымызда. Кез келген тіршілік иесі сусыз өмір сүре алмайтын болғандықтан көктемде қолда бар қоймаларды таудан келетін сумен ернеуіне дейін толырып алғанымызбен, жаз ортасынан ауа бәрібір су тапшылығы туындамай қоймайтын. Бүгінде жұрт тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиясын қолдану арқылы бұл азаптан да біртіндеп құтыла бастады. Ағын суға тәуелді болудан арылып, заманауи технологияны қолдану арқылы су үнемдеу қазір жаңалық емес. Мәселе жердің төсін емген ағайындар үшін құрылғының қолжетімді болуында. Негізінде барлық шаруа нарыққа тірелген бүгінгідей заманда мемлекеттің қолдауынсыз белгілі бір жетістікке жете бермейтіні шындық. Біз сөз еткелі отырған негізгі жайт жамбылдықтардың былтырдан бастап жаңбырлатып суару құрылғысын тиімді бағада лизингке сатып алып, оның жарты ақшасы мемлекет есебінен өтелуінде болып тұр.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «Тараз» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлыбек Исаев Әулиата өңірінің диқандары үшін бұл үлкен қолдау болып отырғанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, мұндай мүмкіндік біздің облыстан басқа өңірлерде жоқ екен. Сондықтан да құрылғыға да, беріліп жатқан лизинг шарттарына да шаруалардың қызығушылығы күн санап арта түскен. Аталған қаржы ұйымы өткен жылы мұндай техниканың 143-ін бірден сатып алған болса, қазіргі таңда оның 98-ін өңірдегі шаруа қожалықтарға үлестіріп беріпті.
– Бұл техникалар ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмыс өнімділігін арттыра түсетіні сөзсіз. Бүгінгідей су үнемдеу мәселесі басты назарда тұрған уақытта егін егу ісімен айналысатын өңір тұрғындары жаңбырлатып суару қондырғыларын өте тиімді жолмен сатып алып жатыр. Себебі субсидия мөлшері жабдық құнының тең жартысын құрайды. Қалған соманы несиеге бес пайызбен алуға болады. Айта кетерлігі, бұл құрылғылардың құны 5 миллион 100 мың теңге мен 6 миллион теңге аралығында. Техника диқандарға 5 жыл мерзімге берілуде. Ал қаржыны қайтару кестесі жылына бір рет болса, пайыздық жарнасын жарты жыл сайын өтейді. Құрылғыны диқандарға осындай жеңілдікпен үлестіру бұрын-соңды болған емес, – дейді Н.Исаев.
Өнім ұсынып отырған алматылық «Аква-Вест» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Василий Вайцельмен тілдескенімізде ол JP 75-400, JP 75-300 қондырғылары күніне 15-20 гектар алқапты суара алатынын сөз етті.
– Аталған жаңбырлатып суару құрылғысы Қытайдың өнімі. Десе де оның сапасы мақтауға тұрарлықтай. Ол автоматты беріліс қорабы арқылы әртүрлі жылдамдықта су шаша алады. Бұған өнім шығарушы компания өндірістің жетілдірілген жүйесінің арқасында қол жеткізіп отыр. Суару құрылғысының жобалануы мен жасалуындағы бір артықшылық – оның қауіпсіздігінде. Машина мінсіз жұмыс істейді, дыбысы да құлақ тітіркенерліктей емес. Техниканың доңғалақтары болаттан жасалған. Тағы бір артықшылығы – бұл құрылғы жылжымалы. Ең бастысы, осы арқылы диқандардың ағын сумен салыстырғанда 70 пайыз су үнемдеуге мүмкіндігі бар, – деді Василий Вайцель.
Алматы қаласынан жеткізілетін құрылғыларды шаруа қолына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының «Тараз» микроқаржы ұйымы» қызметкерлері тапсырып, одан бөлек техниканың тілін үйретіп, тіпті қораппен келген құрылғыларды құрастырып та береді екен. Суару шлангаларының ұзындығы – 300-400 метр.
Былтыр аталған техниканы 6 миллион теңгеге алған Меркі ауданындағы «Ақбидай-2» шаруа қожалығының төрағасы Нариман Қалқабаев өз иелігіндегі 32 гектардың 26 гектарын осы құрылғымен суарып жүргенін айтады. Оның ішінде 10 гектары малина, 6 гектары жоңышқа, екі-екіден төрт гектары марал тамыры мен алма бақ екен. Қалғанына тамыз айының соңында құлпынай егуді жоспарлап отыр екен.
– Былтырдан бері өзімнің егістік, бау-бақшамды суара салысымен өзгелердің де алқабын ақыға суаруға кірістім. Қазір бір шаруашылықтың 115 гектар қант қызылшасын суарып жүрміз. Менің көмегіме жүгінетін шаруалар бұрын сушылар үшін гектарына 6 мың теңге төлейтін. Қазір олар алқабтың әр гектарына құрылғымды пайдаланғаны үшін 5 мың теңге беріп отыр. Сонда олар гектарына мың теңге мен уақыт және әжептәуір су үнемдеп отыр. Құрылғыны 6 миллон теңге лизингке алғаныммен, оның мен 3 миллион теңгесін ғана несие ретінде өтеймін. Онда да 10 пайыз, яғни 300 мың теңгесін алғашқы жарна ретінде бұрын төлеп қойғанмын. Қалған соманы ай сайын емес, үш айда бір төлеп, бес жыл ішінде құтылсам болады. Бір жыл каникулы тағы бар. Бұл біз үшін таптырмас көмек болып отыр, – деді Нариман Өркенұлы.
Биыл осы құрылғыны несиеге алған іргелі шаруашылықтың бірі – Т.Рысқұлов ауданының Жақсылық ауылында орналасқан «Алтын-Тау» шаруа қожалығы. Мұратбек Биғазиев басқаратын шаруашылық егін және мал шаруашылығымен қатар айналысады. 5-6 отардан тұратын үш мың бес жүз уақ малы бар болса, соның жемшөбін 800 гектар алқаптан айырады.
– Қазақта «Үш күн жауған жаңбырдан, желіп өткен су артық» деген нақыл сөз бар. Сондықтан мен жаңбырлатып та, тамшылатып та суару әдісі ағын суға жетпейді деп ойлаймын. Дегенмен менің бір байқағаным, жердің ылғалы қаша бастағанда алқап жаңбырлатып суарылса, ізінше күн ысып берсе, тастаған дән тез өсіп жетіледі екен. Сонымен қатар бұрын су ішіп, беті қатып қалған алқапты да жаңбырлатып суарса, борпылдап шыға келеді. Одан бөлек өз-өзіне көлеңке түсіріп үлгерген өскінді де жаңбырлатып суарса, ол ылғалды ұзақ уақыт сақтай алатындықтан бұл әдіс тиімді саналады. Қазір 35 гектар арпа мен 10 гектар қант қызылшасын жаңбырлатып суарып жатырмын. Негізінен шаруашылығымда еңбек ететін механизаторлар жер жырту, дән себу жұмыстары аяқталғаннан кейін сушылық міндетті қоса атқарады. Ол үшін әр сушыға тұрақты түрде 100 мың теңге ай сайын төлеймін. Осы құрылғыны алғалы қолым біршама ұзарды. Өйткені қазір сушы табу қиын. Ал мына құрылғы арқылы бір механизатор өзі-ақ талай тірлікті атқара алады. Техниканың тиімділігі адам күшін алмастыруында болып тұр. Ел күніне бес гектар суарса, мен асықпай 2 гектар суарып жүрмін. Өйткені өсімдік суды қанып ішсе, дәні де толық болады, – деді ол.
Қалай десек те ғылым мен технологияның арқасында сушылардың жұмысы айтарлықтай жеңілдегені көрініп тұр. Бастысы шаруалар күзгі жиын-терінде аз шығынмен мол өнім алудың пайдасы зор екенін сезінсе болғаны.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.