Қоғам

Азаматтардың арызы қараусыз қалмайды

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, әділдіктің салтанат құруын қатаң тапсырғаны белгілі. «Екінші реформаның мәні –тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде» деген Ұлт Көшбасшысы зайырлы мемлекетте барлық азаматтар құқықтарының теңдей қорғалуына баса назар аударды. Міне, осындай маңызды міндеттерді орындау мақсатында еліміздің Бас прокурорының нұсқауымен өткен жылдың соңында облыс орталығы – Тараз қаласында Құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылған болатын.

Айта кету керек, қарапайым халыққа құқықтық қызметтің қолжетімділігін арттырған орталықта заң саласындағы бірнеше мамандар топтастырылған. Сонымен қатар, мұнда азаматтар үшін тиімді жағдайлар жасалған. Электронды кезек бойынша орталық қызметкерімен ашық сұхбаттасуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті, кішкентай балалар үшін ойын алаңының жасақталғандығы да жұртшылықтың ойынан шығуда. Нысанның материалдық жабдықталуын Тараз қалалық әкімдігі қамтып, жергілікті бюджеттен 49,8 миллион теңге жұмсалыпты.
Тұрғындарды әр мемлекеттік органға жүгіртпей, заң көмегімен бір жерден тегін әрі дер кезінде қамтамасыз ету үшін ашылған орталықта прокурор, медиатор, адвокат, әділет департаментінің өкілі және Тараз қалалық әкімдігінің маманы қызмет көрсетеді. Осындағы прокурор Жасұлан Кемелбековтың айтуынша, кейбір азаматтар ашу-ызаға ерік беріп, эмоциясын байқатып жатса, психолог маман да көмекке келеді екен.
– Бұл орталық халықтың игілігі үшін ашылғандықтан, қарапайым тұрғындарға қажеттінің бәрі қамтылған. Біз заңды құқығын қорғағысы келетін әрбір адамның мәселесін мұқият тыңдаймыз. Талай табалдырықты тоздырып, барар жер, басар тауы қалмаған кейбір кісілер ішкі күйзелісіне ерік беріп қалады. Сондай жағдайларда психолог маманды шақыртамыз. Одан бөлек, балалар құқығын қорғау мекемесінің мамандарын, енді бір жағдайларда жергілікті учаскелік инспекторларды сол сәтте орталыққа алдыртуға мүмкіндік бар. Облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер Тараз қаласында орналасқандықтан, Құқықтық қызмет көрсету орталығы да осында ашылды. Мұнда тек қала тұрғындары ғана емес, облысымыздың кез келген аймағының азаматы келіп, өзіне қажетті заңдық қызмет ала алады. Айталық, бір кісіде қандай да бір мәселе туындап, прокурордың немесе әділет департаментінің көмегіне жүгіну керек болса, ол мекемелерді іздеп табанынан тозып жүрмейді. Бірден осы орталыққа келсе, керекті маманды шақыртамыз. Сонымен қатар, өзара дау-дамай туындап жатса, оны сотқа жеткізбей, мәселені қос тараптың келісімімен шешуге көмектесетін медиатор да бар. Ал, келуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін 45-84-48 нөмірлі сенім телефоны жұмыс істеп тұр.
Жыл басынан бері сегіз ай ішінде осы ор­та­лықтан 3 142 азамат көмек алды. Оның 1573-і прокурордың, 827-сі адвокаттың, 201-і медиатордың, 342-сі сот орындаушылардың, 195-і жергілікті атқарушы органдардың, екеуі ішкі істер, тағы екеуі пробация салаларының қызметіне жүгінді, – дейді Жасұлан Бұрханбайұлы.
Білгеніміздей, мұнда келушілердің 2 795-і Тараз қаласының тұрғындары екен. Яғни, аталмыш орталықтың тегін де тиімді қызметінен ауылдық жерлердегі ағайын бейхабар немесе ұзақ шақырымдарды артқа тастап, жол жүріп келуге мүмкіндік жоқ. Міне, осы орайда шалғайдағы тұрғындар үшін сенім телефонының іске қосылғаны қуантып отыр. Бұл тұрғыда облыстың кез келген азаматы қоңырау соғып, қажетті кеңес алуға болады.
– Орталықтың қызметін алуға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы сауалдарымен қайырылған. Банктен алған несиеге байланысты әлеуметтік жағдайына қарай тегін үй алу, баспана кезегіне тұру жөнінде сұраушылар көп. Сонымен қатар, атқару өндірісі, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша да сұрақтар жиі кездеседі. Орталықта банк қызметкерлері отырмағанымен, қажет болған кезде шақыртуға мүмкіндігіміз бар. Халықпен жұмыс істейтін барлық ұйымдармен меморандумға қол қойылған, – дейді Жасұлан Кемелбеков.
Мұндағы қызмет тек кеңес берумен шектелмейді, бүгінгі уақыт талабына сай мәжіліс залы да жабдықталған. Ол жерде облыс прокуроры және орынбасарлары ай сайын заңды және жеке тұлғаларды түрлі мәселелерімен қабылдайды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі, «Нұр отан» партиясының облыстық филиалының мамандары, қоғамдық кеңестердің мүшелері жұртшылықпен жүздесіп, түйткілдер түйінін тиімді тарқату тетіктерін талқылайды.
Облыстың барлық азаматтарына ашық және жариялы түрде көмек көрсетіп, халықты әуре-сарсаңға салмай құқығын бір жерден жедел қорғауға негізделген орталық қарапайым елдің мүддесін көздейді. Бұл тұрғыда әділетті де сапалы қызметін алып, алғыс айтушылар да аз емес. Мысалы, Ф.Бейсебаев, Р.Ахметов, Р.Морозова есімді тұрғындар ризашылығын айтып ғана қоймай, алғыс хаттарын жазып қалдыруы да көп жайтты аңғартса керек. Қалың жұрттың мұңын тыңдап, мәселесін оңтайлы шешуді көздеген орталықтың ісіне біз де ризашылық білдірдік.

Қамар Қарасаева

ПІКІР