Елбасы Жолдауы

«Азаматтық қоғамды дамыту арқылы алға басамыз»

Written by Aray2005

Тәкен Молдақынов,
облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы қоғам өмірінің барлық саласындағы кезек күттірмес өзекті мәселелерге көңіл бөлінгендігімен ерекшеленді. Бұл әсіресе мемлекеттік басқару ісін жетілдіру, тиімділігін арттырудан көрінді. Аталған стратегиялық мәні зор құжатта «Күшті Президент», «Беделді Парламент», «Есеп беруші Үкімет» ұғымдарының аражігін ажыратып берді. Сондай-ақ заң шығарушы, атқарушы билік органдары арасындағы берік байланыстың нығая беруінің негізі салынды.
Мұнан бөлек демократияландыру, либерализация ұстанымдарында Мемлекет басшысы нақты қағидаттарды атап көрсетті. Яғни шетелдегі озық тәжірибе деп еліміздегі кез келген салада қалыптасқан көп жылдық еңбекті жоққа шығаруға болмайды. Бұл дегеніңіз, шетелден кез келгенді үлгі етпей, мүмкіндігінше өзімізде қалыптасқа жүйе аясында жұмысты жандандыруды меңзейді. Өз саласында жаңашылдыққа ұмтылу, меніңше, мемлекеттік қызметті бәсекелестікке қабілетті ете түседі. Ал мемлекеттік қызметшілердің өз функционалдық міндетін орындаудағы жауапкершілігін арттыруға біз азаматтық қоғамды дамыту арқылы ғана қол жеткізе аламыз.
Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік биліктің қайнар көзі халық екені айқын жазылған. Халық пікірі қашанда шешуші мәнге ие. Сондықтан да мен Президент Жолдауындағы барлық саланы қамтыған ауқымды міндеттерді орындаудың «алтын арқауы» азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру екендігіне сенімдімін.
Сондай-ақ өзім ұзақ жылдар қызмет жасаған мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу туралы бастама ерекше қуантты. Тұтас халықтың руханиятына, тарихына және өнеріне адал қызмет жасап жүрген әріптестерімнің мардымсыз жалақыға күнелтетіні де маған мәлім. Осынау өнер ұжымдарында ертеңінен үміт күттіретін жастардың еңбек етіп жатқаны жасырын емес.
Мұндай мәселе барлық салада бар. Яғни азаматтардың әлеуметтік мәселелерінің өз шешімін таппауы наразылықтың туындауына себеп болады. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметіне де халықтың сенімсіздігі байқалады. Бұл салалардағы халықпен қарым-қатынаста туындаған өзекті мәселелерді толықтай азаматтық қоғамның назарына алу арқылы шешуге болады.

ПІКІР