Қоғам

Азаматтық сектор артылған сенімді ақтай алады ма?

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру әрі оның дамуына барынша қолдау көрсету – Елбасы Жолдауынан туындаған міндет. Осы мақсатта, қазір облысымызда ауқымды істер атқарылуда. Жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі де көбейіп келеді. Яғни, тегін емес теңгесіне мемлекеттік әлеуметтік жұмыстарды іске асырып жатқан үкіметтік емес ұйымдар талай іске мұрындық болып-ақ жатыр. Ылғи ілкімді һәм игілікті істердің басы-қасынан табылып жүрген қоғамдық бірлестіктердің тыныс-тіршілігін біреу білсе, біреу білмейді.

Жалпы, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда қоғамдық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің алатын орны ерекше. Азаматтық қоғам институттарының жастар арасында дұрыс идеологияның қалыптасуына ықпал ететіндігі де белгілі. Статистикаға сенер болсақ, соңғы 10 жылдан астам уақыт ішінде жастар ұйымдарының саны 7 есеге артқан. Осы орайда, бірлестіктер «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы Заңында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылуда. Олардың жастар саясатындағы әр сала бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар негізінде жұмыс жасайтыны айтпаса да түсінікті. Мәселен, биыл облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы 25 бағыт бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 65,6 миллион теңге қаржы қарастырыпты. Ал, өткен жылы осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларға 34,5 миллион теңге, 2016 жылы 16,4 миллион теңге бөлінген. Яғни, жастардың тарапынан құрылған қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жандандыруға қаржы көзі жыл сайын еселеп артып келе жатқандығын аңғаруға болады.

Дегенмен, мемлекет тарапынан қарастырылып жатқан осыншама қыруар қаржының қаншалықты ақталып жатқандығы қоғам өкілдерін алаңдатпай қоймайды. Мемлекеттің сеніп берген ақшасын басқарманың оңды-солды шашпауға тырысатыны белгілі. Сондықтан, қоғамдық бірлестіктер жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жұмыспен қамту мен олардың құқықтарын қорғау сынды тақырыптарға басымдық беріп отыр.

Облыстық әділет департаментінің мәліметі бойынша қазіргі таңда аймақта 753 үкіметтік емес ұйым тіркелген екен. Оның 552-сі қоғамдық бірлестік, 169-ы қоғамдық қор және 32-сі заңды тұлғалар бірлестігі. Айта кетерлігі, өңірдегі 552 қоғамдық бірлестіктің бүгінде небәрі 102-сі ғана жұмыс жасап жатса, оның тек 30-ға жуығы жастар ұйымдары. Әрине, тіркелген қоғамдық бірлестіктердің тек бестен бір бөлігі ғана белсенді жұмыс атқарып жатқандығы ойландырмай қоймайды. Оның себебі, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік тапсырыстардың аздығына да байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ, кез келген органның әлеуметтік маңызы бар жобаларын кім көрінгеннің қолына ұстата салмасы тағы анық. Сондықтан, әлеуметтік тапсырысты берушілер әлекке түспес үшін бірлестіктің алдымен әлеуетін бағамдап алып қана, алғашқы қадамдарды жасайтынын көз көріп жүр. Бәсекелестік ортаға шыдас бермегендері тізімде құр телміріп қана тұруға мәжбүр. Бүгінде табысты жастар ұйымдарының қатарына «Жас Отан» жастар қанаты мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарын қоссақ болады. Бұл бірінші кезекте аталған ұйымдардың қаржылану көлемімен, олардың жұмысының форматымен және қызметтерінің БАҚ-та кеңінен насихатталуымен байланысты. Одан өзге де құрылған жастар қоғамдық бірлестіктері өз бағыттарын тауып, жүйелі жұмыс жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Үкімет өткен жылдан бастап тіркелген барлық қоғамдық бірлестіктерге жыл сайын дерекқорлары туралы есеп беруді талап етіп қойды. Мәселен, облыс орталығынан шалғай орналасқан Сарысу ауданында бүгінде 17 қоғамдық бірлестік тіркелген. Аталған ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Молдашевтің сөзінше, тіркелген 17 қоғамдық бірлестіктің тек алтауы ғана белсенді жұмыс жасауда. Тағы 2 бірлестіктің жұмысы тоқтатылса, қалған 9-ына сот арқылы ескерту беріліпті. Егер олар берілген ескертуді елемесе келер жылы мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы заң жүзінде айыппұл салынып, жабуға тура келеді екен. Осы орайда айта кететін жайт, әлеуметтік тапсырыстар бойынша жеңімпаз электронды түрде анықталатындықтан, сырттағы ұйымдардың жергілікті бірлестіктердің алдын орап кететіндігі жасырын емес.

Расында, жастар кез келген мемлекеттiң кешендi дамуы үшiн стратегиялық ресурс болып табылады. Олар мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі және қоғамның маңызды құрамдас бөлігі. Жасыратыны жоқ, жастар ұйымдарының басым көпшілігін құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жас­тардың құқықтары, бостандықтары мен мүд­делерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша оларға ақпараттық кеңес берушілік, әлеу­меттік көмек көрсету бойынша қызмет ететін бірлестіктер құрайды. Бұны көз көріп, құлақ естіп жүр. Барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмыс атқару формалары мәдени-көпшілік және патриоттық акциялар, қайырымдылық іс-шаралары, концерттер, пікірсайыстар, интеллектуалдық ойындар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, «дөңгелек үстел» отырыстары сынды жаттанды жүйеден алшақтай алмай жүр. Бірақ, бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс берушінің талабы болғаннан кейін оны үкіметтік емес ұйымның орындауы міндетті. Осы орайда, кейбір жастар қоғамдық бірлестіктері өздерінің құрамында мыңдаған жас бар деп қағазға қаттағанымен, шағын ғана топтың іске кірісетіні жасырын емес. Сондықтан болар, көпшілік арасында жастар ұйымдарының жұмысы нәтижелі емес деген пікір қалыптасқан. Бұл тұрғыда өзі жеке үкіметтік емес ұйым құрып, қоғамдық жұмыстармен айналысып келе жатқан Исламбек Дастан қазіргі таңдағы жеңімпаздарды анықтайтын электронды порталдың тиімсіздігін айтады. Себебі, онда кім бағаны төмен қойса, сол жеңімпаз атанады. Ал, бұл өз кезегінде жұмыстың сапасыз болып шығуына өз әсерін тигізбей қоймайды екен.

– 2008 жылдан бері жастар қоғамдық бірлестігін ашып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс жасап келемін. Осы уақыт аралығында түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, әлеуметтік жобалардың іске асырылуына үлесімізді қостық. 2015 жылға дейін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беруші мекеме жеңімпазды өздері анықтайтын. Осылайша, олар қоғамдық бірлестіктің Жарғылары мен еткен жұмыс өтілін назарға алып, тапсырысты өздері беретін еді. Ал, үкіметтік емес ұйымдарға қатысты 2015 жылғы Заң бойынша электронды портал жеңімпазды анықтап береді. Ол жерде кім бағаны төмен қойса, соның бағының жанғаны. Меніңше, осы жүйе қоғамдық бірлестіктер жұмысының сапасын төмендетіп тастады. Белгіленген мөлшерден аз қаржы алып, қандай сапалы дүние жасауға болады?! Сол себепті, бұл жүйенің бүгінде уақыты өтті әрі қоғамдық бірлестіктерге деген қоғамның да көзқарасы өзгере бастады, – дейді Исламбек Дастан.

Шынында, бүгінгі үкіметтік емес ұйымдар­дың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты сапасыз орындауы, қаржының талан-таражға салынуы секілді мәселелер кім-кімді болсын ойландырмай қоймайды. Кезінде алғашқы жұмысын үкіметтік емес ұйымдардан бастаған азаматтардың бірі Айбек Әжібаев бұрынғы жүйенің тиімділігін алға тартып, қазіргі таңдағы ұйымдастырылып жатқан конкурстарға көңілі толмайтындығын жеткізді.

– Соңғы жылдардағы өзгерістер мемлекет­тік сатып алу саласында бәсекелестік бірдей деңгейде болсын, тәжірибесі жоқ ұйымдар қатысуға мүмкіндік алсын, мемлекет қаржысы үнемделсін деген секілді оймен жасалған болар. Алайда, оның кері әсерін де көріп отырмыз. Неге десеңіз, сол тәжірибесі жоқ ұйымдардың бағы жанса немесе ұсынылған бағаны 50-70 пайызға дейін төмендетіп жеңіп алса, ол жерде қандай сапа болмақ?! Сонымен қатар, уақыт талабына сай заманауи іс-шаралар ұйымдастыру жағын қарастыру керек. Бұл дегеніңіз конференция, дөңгелек үстел, семинар сияқты іс-шараларды жою емес, керісінше жетілдіру, жаңа форматта өткізу қажеттігін туындатып отыр. Сол секілді, жаңа форматта жастарға қызықты деңгейде болатын тың іс-шаралар ұйымдастыру жағын да қарастыру қажет, – дейді А.Әжібаев.

Қазіргі таңда қоғамды алға сүйрейді деген жастардың бас қатырар мәселесі де шаш етектен. Оның ішінде атап өтетіні, суицид. Бұл проблема бойынша Қазақстан әлемдегі көш бастаған 5 елдің қатарына кіреді екен. Сондай-ақ, ажырасу фактісі де көңіл көншітпейді. Мұндай мәселелердің ішінде астын сызып тұрып айта кететін жайт, мектеп жасында жүкті боп қалатын қаракөз қыздар санының артып келе жатқандығы. Бұдан өзге, жастар арасындағы қылмыстың өршіп бара жатқаны белгілі. Осындай мәселелерді жастар ұйымдары тек «ұрандатып» көтеріп қана қоймай, сала мамандарымен бірлесе жұмыс атқарса, түптің түбінде нәтиже беретіндігі сөзсіз. Сондықтан, жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері осы тақылеттес проблемаға тап болған жас азаматтар мен билік арасындағы «алтын көпірдің» ролін атқаруы тиіс.

Демократиялық даму бағытын ұстанған әр мемлекет азаматтық қоғам қалыптастыруға мүдделі. Бұл тұрғыда Тәуелсіз Қазақстанның да ұстанған бағыты айқын, мақсаты зор. Міне, сондықтан да үкіметтік емес ұйымдарға, оның ішінде жастар қоғамдық бірлестіктеріне барынша қолдау көрсетіп келеді. Ең бастысы, азаматтық сектор артылған сенімді ақтай алса болғаны.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР