Азаматтық сектор: ашық пікір, асқақ мұрат

0 0

Тараз қаласындағы «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Азаматтық орталығында мемлекеттік мекеме басшылары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен азаматтық сектор мен мемлекеттік органдар және бизнес қауымдастығының арасындағы ашық диалогты дамыту мен серпін беруге бағытталған және Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты кең көлемді мақаласын талдауға арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Жиынды ашып, жүргізген «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Заир Юлдашев Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыруда үкіметтік емес ұйымдардың орны айрықша екенін атап өтті.
– Бүгінде бізге әлемдік өркениеттің бұлжымас бөлшегіндей болуы тиіс өзіміздің төл тарихымызға қатысты тың көзқарас ауадай қажет. Еліміздің бүгінгі жетістігі мен бағындырып отырған белестерін оның сан қилы өткенімен байланыстырмау мүмкін емес. Елбасы Н.Назарбаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», деген болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы өз мақаласында ұсынған жобалар өміршеңдігін дәлелдеп, тек ішкі қолданысқа ғана емес, сонымен қатар еліміздің бәсекеге қабілеттілігі мен танымалдылығын арттыруға бағытталуы тиіс. Осы орайда жобалардың жүзеге асуы үшін бүкіл қоғам болып атсалысатын үлкен орта қалыптастырып, оған әсіресе, жастарды көптеп қатыстыруымыз керек, – деді кіріспе сөзінде З.Юлдашев.
Модератордың кіріспе сөзінен кейін дөңгелек үстелге қатысушылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 28 қараша күні Астана қаласында «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында ‹өткен VIII Азаматтық форумның жалпы отырысында сөйлеген сөзінің бейнематериалын көрді. Онда Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бірлігін нығайту және елімізді орнықты дамыту жолында мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтіп, «Осы форум үкіметтік емес секторға тың серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына жол ашуға тиіс», деді.
Елбасының сөзін видеодан мұқият тыңдаған жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, Президенттің жуырда шыққан мақаласындағы ұрпақ тәрбиесіне таптырмас құрал болар басымдықтарына назар аударды. Қысқасы, дөңгелек үстелге келген азаматтық сектор өкілдері Елбасы мақаласынан және жоғарыда аталған форумда сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдар да атсалысатынын жеткізді.
– Бұл видеоны көрсетудегі мақсат – Елбасымыздың азаматтық секторға қаншалықты көңіл бөліп отырғанын осындағы қатысушылар білсе екен деген ниет еді. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ал негізгі ойымыз мақаланы талқылау, пікір айту. Менің ойымша, Елбасы мақаласы бізді сонау ықылым замандағы тарихқа жетелейді. Тереңірек үңілдіре түседі. Бүгінгі нәтижелі жұмыстар мемлекеттілік тарихымен, ұлттың тағдырымен тікелей байланысты. Мемлекет те, ұлт та тірі организм іспетті қозғалыс үстінде дами береді, – деп ойын Заир Юлдашев ортаға салды.
Өз кезегінде, жергілікті билік пен мемлекеттік мекемелер өкілдері де жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді. Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының мән-маңызына кеңінен тоқталып, пайымды пікірлерін ортаға салды.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы облыс жұртшылығы тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Қазір өңірімізде осы мақаладан туындаған міндеттерді іске асыруға байланысты нақты жоспарлар қабылдануда. Бұған мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар да үлесін қосуы тиіс. Осы мақсатта алдағы уақытта іске асырылатын жобаларын жинақтап, ұсыну керек. Елбасы өзінің Жолдауында атап өткендей, қазіргі уақытта тұтас республикамызда, тәуелсіз елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың барлығына әр азаматтың үлес қосуы – күн тәртібінде тұрған мәселе. Сондықтан да облыс көлеміндегі белсенді үкіметтік емес ұйымдардың осы мәселеге ден қойып атсалысуы маңызды. Республика бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру қазіргі уақытта мемлекеттік органдар есебінен ғана емес, сонымен қатар бизнес әлеуетті пайдалану тетіктері де қолға алынуда. Қысқасы, Елбасының биылғы Жолдауы мен жуырдағы мақаласына қатысты ұсыныстарыңызды, талап-тілектеріңіз бен мемлекеттік органдардың осы мәселеге қатысты жоспарлары болса, біз оларды сіздермен талқылауға әрқашанда дайынбыз, – деді облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.
Мемлекеттегі әлеуметтің бүгінгі жай-күйі мен оның азаматтық қоғам құрудағы ролі, сондай-ақ мемлекет, бизнес, азаматтық қоғамның күш біріктіре әрекет ету тетіктері талқыланған жиында облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасы мен «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі арасында меморандумға қол қойылды.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.