Азаматтың ажары – адал еңбек

0 14

«Еңбексүйгіштік – адамның адамдық қасиетінің ең негізгі өлшемдерінің бірі» дейді адамзаттың Шыңғыс Айтматовы. Әу бастан адамзат баласын бүгінгідей жоғары саналы тұлғаға, дамыған заманның басты кейіпкеріне, өнерлі, білімді, білікті һәм тәжірибелі, бір сөзбен айтқанда, толыққанды тіршілік иесі дәрежесіне жеткізген де адал еңбек екені өмір дәлелдеген шындық. Хакім Абайша айтқанда, кең дүниенің кем тұсының кетігіне бір кірпіш болып қаланып, елінің ілгерілеуіне ілкімді ісімен үлес қосу – әрбір азамат үшін шынайы бақыттың нышаны. Осындай өмірлік ұстанымдағы азаматтың бірі – Жамбыл журналистикасының қарашаңырағы саналатын баспасөз үйінде талай жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Нұрбай Қойшыбаев 64 жасқа аяқ басып, бейнетінің зейнетіне жеткелі отыр.

Өзін де, жанындағыларды да көркем көңіл күймен баурап алатын, ақкөңіл, ақжарқын, жүзіне қарағандарды бір-екі ауыз жылы сөзімен жадыратып жіберетін жандардың бірі Нұрбай Әбдашімұлы топырағы текті, даласы дастан Талас ауданының Ойық ауылында жарық дүниенің есігін ашып, тіршілікпен тыныстаған азамат. Өзі туып-өсіп, қаршадайынан еңбекке араласқан ауылының Көктөбе бөлімшесіндегі мектепте қара танып, алтын бесік ауылдың құрылыс саласында еңбек жолын бастайды. Қай салада тер төксе де адал еңбек пен жауапкершілікті перзенттік парыз санайтын Нұрбай Әбдашімұлы одан кейінгі жылдары Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде де, баспа қызметінде де сүбелі еңбек етті.
Тозды жастық желкілдетіп желегін,
Таба алмадым кәріліктің мен емін.
Есім кіріп,
Етегімді жиғалы,
Еңбегіме сиынумен келемін! – деп қазақтың қаранар ақыны Қадыр Мырза-Әлі жырлағандай, жалынды жастық шағын еңбексүйгіштікке баулыды. Кез келген жұмысты ауыр мен жеңіл деп бөле жарған жоқ. Барлығына бірдей үлкен жауапкершілікпен қарады. Бұл әрекеті әдетке, әдет мінезге, ал мінез азаматтық асыл қасиетіне айналды. 1977-79 жылдары әскерге барып, Отан алдындағы оғландық борышын өтеген бойда қойнауына құт дарыған қазыналы Қаратау қаласындағы тау-кен құрылыс техникумының құрылыс мамандығына оқуға түсіп, білімі мен біліктілігін жетілдіреді. Жиып-терген білімін кіндік қаны тамған Ойық ауылының игілігіне жаратып, сондағы су бөлімшесінде жас маман ретінде жұмыс істейді. Оның су таратушы болып жүрген кездегі еңбегінің риясыз игілігін ел де, жер де көрді, қанықты, қанағаттанды, төл перзентінің төккен теріне марқайды. Ел алғысын айтса, жер ырысын молайтты. Бұдан кейін ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары Жаңатас қаласындағы үлкен жолаушылар тасымалдайтын автопаркте гараж басшысы болып абыроймен еңбек етті. Ал 2001 жылы облыс орталығы Тараз қаласына отбасымен қоныс аударып, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің №14 «Жарқынай» балабақшасына күзет қызметіне орналасады. 2011 жылдан бастап облыстық аға басылым «Aq jol», ғасырлық тарихы бар «Знамя труда» газеттерінде күні бүгінге дейін жауапкершілікпен еңбек етіп келеді.
Қарап отырсақ, әр саланың өз бағыт-бағдары, қиыншылығы мен қызығы, еңбек тынысы, жүрек дүрсілі болады. Соның бәрін дер кезінде сезініп, атқарар міндетін алдын ала межелеп, соңына дейін жеткізе білудің өзі – үлкен қасиет.
Ер азамат қашанда еліне, жеріне жасап келе жатқан еңбегіне, ауылының қамын ойлап атқарған қоғамдық жұмысына қарап бағаланады. Халқына арнаған жұмысы, айналасындағыларға жасаған жақсылығы ер-азаматты қашанда абыройға бөлеп, мерейін асқақтатады. Ол қай істі қолға алмасын, жанын сала кіріседі. Атқарған жұмысының нәтижесін көрмей жаны байыз таппайды.
Өзіне жүктелген міндеттен бөлек, Нұрбай Әбдашімұлы редакцияда, қоғамдық көпшілік іс-шараларда белсенділік танытып, шарықтата ән шырқап, ұжымның құрметіне адал ісімен де, өнерімен де бөленіп келеді. Осы күнге дейін өзінің ізі қалған әр саладан алған марапаттары қай істе де адалдығының дәлелі.
Оның жаспын деп жасқанбай, жалынды шағынан бастап үнемі жауапкершілікті талап еткен, өзінің қажымас күш-жігерін жұмсаған еңбек жолы, мол тәжірибесі кімге де болсын үлгі-өнеге.
Ұжымдағы қызметкерлердің қай-қайсысының да тілін табатын, әзілі жарасқан, ағалық ақыл-кеңесін жастарға астарлап жеткізе білетін Нұрбай Қойшыбаев өмірлік жары Ұлдана Бостанқызы екеуі екі ұл-қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйіп отырған ұлағатты ата-әжелер.
Осы ретте ұжымның тәжірибелі қызметкері, абыройлы азамат Нұрбай Әбдашімұлын алты белден асып жеткен алдағы 64 жасымен шын жүректен құттықтап, жұмысына толағай табыс, деніне саулық, отбасына амандық, бақ-береке тілейміз.
Жан дүниесіне қарапайымдылықтың қамалын тұрғызған қажырлы еңбексүйгіш Нұрбай Әбдашімұлына деген ізгі лебізімізді қазақ әдебиетінің марғасқасы, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жырымен қорытындыласақ:
Еңбек,
Әр күн сайын қағылады мың шегең,
Мың шегеде – бір балғаның салмағы.
Мен де өзімше бір балуан, бір шебер,
Әкел бермен бес тонналық балғаны!
… Шеге, шеге! Жұрт не десе – о десін,
Сөз – жүйесін, өз иесін табады із.
Өткен күннің суырып ап шегесін,
Келер күннің тақасына қағамыз.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.