Азаттық қаҺарманы – Ағыбай батыр

0 1

Қазақ халқы ғасырлар бойы азаттықты уыстан шығармау үшін ел тәуелсіздігі жолында аянбай күресіп келген. Ұлан-ғайыр жерімізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қызғыштай қорғап өткен. Тарихтың талай бұралаңы мен қатаң сындарынан аман өткен халқымыз қай кезеңде де еркіндік пен азаттықты басты құндылыққа балаған.

Бір айта кетерлігі, азаттықтың жолында жанын құрбан еткен бабаларымыз бен кешегі Кеңес үкіметі тұсында қыршынынан қиылған өрімдей жастардың басын қауіпке тіккенін, жанын сала күрескенін қоғам шынайы сезіне алмай отырған секілді. Әсілінде қоғам, жас ұрпақ төл тарихын түгендеп, елдік жолында жасалған бабалар ерлігінің бағасын біліп, құрмет тұтуы тиіс. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі» атты өзінің халыққа арнаған Жолдауында өткен тарихқа әділ баға бере келе: «Ресей империясының құрамында болған кезіміз көшпеліліктің тарихтағы бағы баянды еместігіне көз жеткізді. Абылай ханның немересі Кенесарының қияпатты тұлғасы, тәуелсіздік үшін арпалысқан басқа да ерлердің бейнесі біздің жадымызда жатталып қалады. Бұл трагедияның түйіні ержүрек номадтардан уақыттың өзі бетін бұрып алғанында болатын.
Жиырмасыншы ғасырдың бас жағында біздің сан ғасырлық тарихымызда тұңғыш рет халықты әлемдік айдынға алып шығуға нақты мүмкіндік туды. Ол мүмкіндікті туғызғандар «Алаштың» ардақты азаматтары еді», – деп нақты атап көрсетті.
Әсіресе ХХІ ғасырдағы қазақ елінің тарихи-әлеуметтік, саяси жағдайы анағұрлым ауырлау болғаны белгілі. Өйткені бұл кезеңде Ресей патшалығы қазақ елінің ішкі саясатына араласа бастады. Қазақ елін қалай әлсіретіп, іштен ірітуге болатынын зерттеп білген Ресей үкіметі «Бөліп ал да, билей бер» саясатын қолдануға көшті. Қазақтың көптеген би-болыстарына шен беру тәсілі арқылы бір-біріне айдап салып, қарсы қоюға күш салды. Соның кесірінен ұлт-азаттық көтерілістің көсемі Кенесары Қасымұлына аға сұлтандар мен би-болыстар толық тірек бола алмады. Керісінше кейбір болыстар патша үкіметінің жақтаушысына айналды. Осындай қиын шақта Кенесары ханның әскері де, бар тірегі Ағыбай, Иман, Бұқарбай, Басықара секілді халық арасынан шыққан ержүрек батырлар еді. Кенесары ханның тірегі, ақылшысы болған айбынды батыр, көтерілістің бас қолбасшысы – Ағыбай Қоңырбайұлы.
Ағыбай батыр 1802 жылы Ұлытау өңірінде Қоңырбай шаңырағында дүниеге келген. Оның балалық шағы жеңіл өтпеді. Әкеден жастай айырылған бозбала қиыншылықты көп көрді. Жақынынан теперіш көрген Ағыбай ерте ержетуді армандайды. Ағыбай 13 жасынан бастап қабілеттілігі мен орасан күштілігімен маңайына таныла бастайды. Сөйтіп, батырлықты мақсат тұтқан жас бірте-бірте ел мақтанышына айналады.
– Он жетімде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп Құдай тілекке, – деп Ақтанберді жырау толғанғандай, Ағыбай да тұп-тура он жеті жасынан бастап ел үшін атқа мініп, ел тағдыры таразыға салынған тарихи оқиғаларға араласа бастайды. Жасы жиырмадан асқан шағында, яғни 1824 жылы патша өкіметі саясатына қарсы болған Қарқаралы округі қазақтарының көтерілісін басқарады. 1832 жылдан бастап Қасымның балалары Есенгелді мен Саржанның қасына ереді. Ағыбай батырдың Кенесарымен табысып-достасуы да ерекше жағдай. Көкшетауда Қасым ханның тоқалы босанып, сәбидің атын Наурызбай деп қояды. Ұлан-асыр той жасап, сол жиында Кенесары мен Ағыбай батырлар сайысында жекпе-жекке шығады. Сайыс үстінде Кенесарыдан бұрын қимылдап үлгерген Ағыбайдың мерейі үстем болса керек. Жас жігіттің ерлігіне сүйсіне қараған Қасымхан Ағыбайды шақырып алып: «Мен Кенесарыға тірек боларлықтай ержүрек батыр іздеп жүр едім, сені көріп, сол арманым орындалатынына қуанып отырмын. Кенесары екеуің айнымас дос болыңдар!», деп батасын береді. Сол табысқаннан Ағыбай Кенесарының өмірлік адал досына айналады. Осы тұрғыда тарихшы Е.Бекмахановтың «Ағыбай Кенесары ханның құрдасы әрі бірінші әскери кеңесшісі болды. Көтерілістің соңғы күндеріне дейін Кенесары ханға адал қызмет етті», деуінде үлкен шындық бар.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс өріс алған он жыл ішінде патша әскеріне қарсы шыққан талай-талай ірі шайқастардың барлығында да Ағыбай хан әскерінің дарынды да қабілетті қолбасшысы бола білді. Шындығында, Кенесары хан маңызды мәселелерді Ағыбаймен ақылдасып, содан соң шешім қабылдап отырған. Ағыбай көзінің тірісінде есімі ұранға айналған әруақты батыр. Әскердің бір шеті жауға «Абылайлап» шапса, екінші шеті «Ағыбайлап» шабатын болған. Атақты Нысанбай жыраудың «Әуелі «А, Құдайлап, Абылайлап, сосын әрең құтылдық Ағыбайлап», деп жырлауы осыдан қалса керек.
Көтеріліс аяқталғаннан кейін де Ағыбай Кенесарыға деген адалдығынан айныған емес. Омбы губернаторынан жер бекіттіріп алып, егіншілікпен айналысады. Ел ішіндегі дау-дамайға әділ билік айтып, аузы дуалы ел ақсақалына айналады. Батырдың кіндігінен тараған ұрпақтары Жезқазған өңірінде, Балқаш маңында өмір сүріп жатыр. Ақжолтай Ағыбай батыр 1885 жылы 83 жасында дүние салады. Зираты Сарыарқаның Бетпақдаламен шектескен жері – Тайатқан Шұнақ жайлауында жатыр. Осы эссені жазуыма келер жылы толатын Ағыбай батыр бабамыздың 220 жылдығы себеп болып отыр. Оның үстіне біздің білім мекемеміздің атауы Ағыбай батыр атында. Оған арнап ашылған арнайы мұражай да бар. Онда бабамыздың суреті қойылған. Ел ішінен жиналған жәдігерлермен толыққан. Қорыта айтқанда, Ағыбай батырдың азаттық үшін алысып өткен өмірі – ұрпаққа өнеге. Ел есінде мәңгі сақталады.

Айдын МҰРТАЗАЕВ,
Ағыбай батыр атындағы
орта мектептің директоры,
Қияқты ауылы,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.