Қазақстан халқы ассамблеясы

Азаттық туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз

Written by Aray2005

Өткен ғасырда көптеген ұлтты туған жерінен шығарып, босқындықтың қамытын кигізген кеңестік идеология­ның айдауымен күрді ұлты да Әзірбайжаннан жер аударылды. Содан бері талай су ақты, талай өзен сарқылды, талай пенде бақилық болды. Ел есінде қалғаны – айдаумен келген күрдтерге қолындағы барын бөліп беріп, қонысының бір бұрышына орналастырған қазақтың ақ сақалды қариясы мен ақ жаулықты анасының мейірімі мен қамқорлығы. Сол бір ауыр жылдарда келер ұрпағының болашағы жарқын болуын тілеген ақ жүректі, ақ пейілді қарттардың батасы бүгінде қабыл болып, Қазақстан Республикасы бейбітшіліктің, тыныштықтың, ынтымақтың ордасына айналды.

Өткеннен сыр шертер болсам, 1937 жылдың қараша айында күрді халқы Әзірбайжаннан жер аударылып, Талас ауданының Ойық ауылына барып пана табады. Алайда құмды, шөлейтті Ойық ауылының ауа райы жақпағандықтан, көп ұзамай өлім-жітім көбейіп, түрлі аурулар тарай бастайды. Негізі күрді халқы таулы аймақтарда өмір сүруге бейімделген. «Тау халқы» деп тегіннен-тегін айтылмайды. Сөйтіп, Ойық ауылының ақсақалдары жағдайдың ушығып бара жатқанын түйсініп, біздің қазіргі қонысымыз Қасқабұлақтың таулы-қыратты екенін айтып, осында өздері көшірісіп келеді.
Бала кезімізде үлкендер Ойық ауылында бір жыл қыстағанда ауыл тұрғындарынан көрген жақсылықтарын жыр қылып айтып отыратын. Шынымен-ақ тағдырымыз қыл үстінде тұрған шақта бір үзім нанымен бөлісіп, бауырына тартпағанда тұқымымызбен тұздай құрып кетер ме едік?! Көрер жарығымыз бар екен. Осы Қасқабұлақта өсіп-өніп, тамырымызды жайдық. Биыл ата-бабаларымыздың Қасқабұлаққа қоныс аударғанына 82 жыл толып отыр.
Қазір ауылда сол бір аумалы-төкпелі кезеңде, яғни 1935-1938 жылдары дүниеге келген санаулы адам ғана қалдық. Біздің балалық шағымыз тыңдаған адамның көзінен жас, жүрегінен қан тамызарлықтай естеліктерге толы. Қабырғамыз қатайып, буынымыз бекімей, еңбекке ерте араластық. Таңның атысы, күннің батысы үй бетін көрмедік. Әйтеуір, шама-шарқымыздың жеткенінше үлкендерге қолғабыс ете жүріп, еңбектің арқасында мұз болып қатып, су болып қайнап әбден шынықтық. Ауылымыздың әрбір үйінің кірпішінің қалай қаланғанына дейін есімде. Осында балалық шағымыз өтті, есейдік, шаңырақ көтердік, ұрпақ тәрбиеледік, аянбай еңбек еттік. Қазақ халқымен етене жақын араласып, судай сіңісіп кеттік. Сондықтан да күрділердің күнделікті өмірі қазақы салт-дәстүрмен біте қайнасып кеткен.
Кезінде бойымыздан әл кеткенше ауданымыздың, ауылымыздың дамуына үлесімізді қостық. Зұлматты жылдары құшағын ашқан қазақ халқының жақсылығын маңдай терімізбен ақтағымыз келді. Бірақ ешқашан істеген жұмысымызды айтып, міндетсінген емеспіз. Ал қазір зейнет жасына жеткенде көрген-білгенімізді, өмірден түйгенімізді ауыл жастарына айта отырып, саналы тәрбие беруге барымызды салудамыз.
Бүгінгі Қасқабұлақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын өткенімен еш салыстыруға келмейді. Себебі ынтымақ-бірлігі жарасқан Қасқабұлақтың қазіргі таңда тіршілігі тіктеліп, шаруасы шалқып, Талас ауданындағы алдыңғы қатарлы ауылдардың біріне айналған. Мұнда қазір 1 221 тұрғын бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Негізгі тіршілік көзі – мал және егін шаруашылығы.
Біз осы күнімізге мың да бір шүкір айтамыз. Болашағымыздың бұдан да жарқын боларына сенеміз. Мемлекеттік бағдарламалардың ықпалымен жоғымыз түгенделіп келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында ауылда атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Өткен жылы 120 орынды заманауи үлгідегі мектеп пайдалануға беріліп, ауылымызға үлкен тарту болды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, кәсіпке бет бұрушы азаматтардың қатары да жыл санап артып келеді. Осы уақытқа дейін жол мәселесі қасқабұлақтықтарды толғандырып келген болатын. Ағымдағы жылы ауыл тұрғындарының көптен күткен тілеулері орындалып, тасжолдың да қызығын көретін күндері алыс емес тәрізді. Тағы бір айта кетер жайт, осыдан бірнеше жыл бұрын жеті көшенің барлығының атауын қазақшаға ауыстырдық. Бұрынғы орысша көше аттарын «Бейбітшілік», «Тәуелсіздік», «Астана», «Бәйтерек», «Жүсіп Баласағұн», «Тамды әулие», «Жібек жолы» деп атауды жөн деп таптық.
Мұның барлығы ауыл тұрғындары мен жастарымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін біліп жүрсін деген мақсатпен жасалып жатқан жұмыстар. Алла тілегімізді беріп, бірлігі жарасқан қазақ халқы аман болсын!

Исмаил УСЕЙНОВ,
Қасқабұлақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Талас ауданы

ПІКІР