Астанаға 20 жыл

Азаттықтың алтын арқауы

Байтақ даланың төрінде бой көтерген Астана қаласы– қазақ елінің тұрақтылығы мен экономикалық дамуының нышаны. Бүгінде ол арман қуған жастардың мекеніне, ілім мен білімнің, өнердің ошағына айналды.

Бақытын бас қаладан іздеп барған әрбір қазақстандықты құшағына басқан көрікті де келбетті шаһар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміздің ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің алтын арқауына баланып отыр. Өткен күннен сыр суыртпақтасақ, әсем Астананың тәуелсіздік пен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің берік тұғыры бола білгендігіне көз жеткіземіз.
Қазақ елінің астанасы мәртебесіне ие болып, еліміздің бас қаласына айналғалы бері арада өткен 20 жыл ішінде Астана өзінің геосаяси орналасу ерекшелігіне қарай халықаралық диалогтарды дамыту мен жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды орталығына айналып келеді. Басқа форумдарды былай қойғанда, Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен 2010 жылдың маусым айында Қазақстан жағының ұйытқы болуымен Астанада шақырылған ЕҚЫҰ-ның толеранттылық және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары дәрежелі конференциясы, сол жылғы 1-2 желтоқсан күндері өткен Астана Саммиті, 2011 жылдың 14 қазанында ұйымдастырылған «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық форум әлемдік қауымдастық тарапынан жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының бағыт-бағдарын айқындаған басқосулар ретінде танылды.
Мыңжылдықтар тоғысының қарсаңында, ХХ ғасырдың соңына қарай Түркияның астанасы Стамбул қаласындағы басқосудан кейін, араға 11 жыл салып барып республикамыздың бас қаласында өткен Астана Саммитінде еліміз Еуразия құрлығының интеграциялық құрылымдары арасындағы жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде өзара іс-қимылдар орнатуға шақырды.
Әр уақытта да Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының құндылығы, оның Солтүстік жарты шардағы ұлан-ғайыр кеңістікте – Владивостоктан Ванкуверге дейінгі аралықта қауіпсіздікті ұстап тұрудың және нығайтудың әмбебап негізі болып қалуында деп есептейтін Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев Астана Саммитінің еліміз және халықаралық қауымдастық үшін мәні мен маңызын жоғары бағалады. «ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен Саммитінің Қазақстанға оң ықпалын тигізгенін де атап айтпасқа болмайды. Ол біздің халқымызды топтастырды, аса зор күрделі міндеттерді шешу және ең жоғары мақсаттарға жету қабілетіне деген сенімді нығайтты. Біз әлемдік қоғамдастық алдында жауапты, бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда тиянақты әрі белсенді екенімізді көрсеттік. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті ЕҚЫҰ тарихындағы күрделі кезеңге қорытынды жасады. Ол ұйым үшін болашаққа есік ашып, оның жаңғыруына тамаша мүмкіндік берді», – деді Ұлт көшбасшысы Астана Саммитінен кейін іле-шала бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Елбасы сондай-ақ, жаһан­данудың түрлі елдер мен халықтардың тағдырларын тығыз байланыстырып отырғандығын, олардың барлығының ортақ мақсаты жұмыр жердегі бейбітшілік пен келісімді, прогресс пен өркендеуді қамтамасыз ету екендігін, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының ХХI ғасырдағы жаһандық міндеті де дәл осы жоғары мақсаттарға қол жеткізу болып табылатындығын айтты. Астана Саммитінде қабылданған ЕҚЫҰ-ның «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» атты Астана декларациясының, жаһандық қауіпсіздікті мұрат тұтқан прогресшіл адамзат баласының бейбітшілік жолындағы қозғалысының бағыт-бағдарын айқындаған құндылығы талассыз тарихи құжат ретінде танылып отырғандығын атап көрсетті.
Еліміздің бас қаласында өткен жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғаламдық мәні бар диалогтардың бастыларының санатында, 2011 жылғы 14 қазанда Астана қаласында ұйымдасты­рылған «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумын атауға болады. Оның жұмысына қатысқан БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары, әлемдік саяси топтардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белгілі сарапшылар мен ғалымдар мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұжырымдағанындай «Қазақстанның ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану ісінде ең сенімді серіктес болғанын, болатынын және бола беретінін» бірауыздан қуаттады. Әлемдік деңгейдегі көрнекті саясатшылардың Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы өзіндік алар орны мен рөлі туралы берген бағалары, жас, тәуелсіз еліміздің халықаралық қауымдастықтың алдындағы беделінің қаншалықты артқандығын көрсетсе керек. Мұны өткен 2017 жылы еліміздің бас қаласының бүгінгі таңда төрткүл дүниені елеңдетіп отырған Сирия мәселесіне қатысты тараптардың диалог алаңына айналғандығы да айғақтай түседі.
Соңғы жылдардың бедерінде, сарапшылар дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес бірдей съезінің Астанада өтуін және аталған басқосулардың соңғысына әлемнің 40 елінен барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар жүзге тарта делегацияның атсалысуын Қазақстанның төрткүл дүниедегі танымалдылығымен және ықпалдылығының артуымен байланыстыруда. Әрі оның жөні де бар. Өйткені, 2003 жылғы қыркүйек айының 23, 24 күндері Астанада өткен дінбасылардың алғашқы съезінен кейінгі жерде осыған дейін радикалды діни ағымдар таратып келген әртүрлі діндер мен мәдениеттерге негізделген өркениеттер мен қоғамдар қайткенде де бір-бірімен қақтығыспай қоймайды деген идеяның негізсіз екендігі толық дәлелденді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2006 жылғы 12-13 қыркүйектегі II съезінде, 2009 жылғы 1-2 шілдедегі
III съезінде дүниежүзі бойынша конфессияаралық келісімнің мүмкін екендігі айқындала түсті. Оны Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Астанадағы дінаралық форумдарға қатысқан діни жетекшілер диалогтардың, өзара түсінік пен құрметтің барлық мәдени-діни қауымдар мен ұлттардың жарастығы мен қауіпсіздігін, берекесі мен бейбіт тіршілігін қамтамасыз ете алатын планетамыздағы тегеурінді күш екенін дүниеге паш етуде. Бүгінгі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің жаһандануы заманында Астана форумы діндер мен өркениеттер арасындағы ғаламдық диалогты ілгерілету саласындағы ізашарлардың бірі болып, өзара түсіністік пен құрмет мәдениетінің орнығуына сүбелі үлес қосты», – деп айтқан ой-пікірі толық айғақтайды.
Небәрі жиырма жылға жуық уақыт аралығында еліміздің бас қаласында дамушы, дамыған және өркениетті мемлекеттердің басын қосқан ондаған ғаламдық мәнге ие форумдардың ұйымдастырылуы, Астананың алдағы уақытта да халықаралық диалогты дамыту мен нығайтудағы геосаяси маңызы айшықтала түседі деп айтуға мүмкіндік береді.

Жанәділ ОСПАНОВ,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ұйымдастыру-бақылау
жұмысы бөлімінің меңгерушісі

ПІКІР