Ажары қашқан аквасаябақ ауруханаға айналады

Ал балалардың арман-тілегіне ешкімнің бас ауыртқысы келмейді

0 16

Кейінгі жылдары Тараз қаласында отбасылық демалыс орындарының қатары әлдеқайда көбейді. Мәселен «Avatariya», «Kids park», «Magic Town» секілді ойын-сауық орталықтары бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Алайда аталған және одан басқа да азды-көпті, саусақпен санап алуға болатын отбасылық демалыс орындары жамбылдықтардың сұранысын толықтай қанағаттандырып отыр деуге келмейді. Егер қанағаттандыратын болса, Жамбыл жұртшылығы қыс түссе қыр асып, жаз келгенде жанға жайлы жер іздеп, Алматыға, көршілес Шымкент қаласына ағылмас еді.

Әрине, Тараз қаласының әлеуетін мегаполис қалалармен салыстыруға мүлдем келмейді. Дейтұрғанмен күн санап тың тыныс алып, жаңа тұрпатта дамып келе жатқан облыс орталығында тұрғындардың қажеттілігіне сай отбасылық демалыс орындарының болмауы ұят-ақ.
Жуырда редакциямызға хабарласқан газетіміздің оқырмандары да шаһарда отбасылық демалыс орындарының тапшы екенін көтеріп, көптің көкейінде жүрген мәселеге байланысты өз ойларын жеткізді. Ендеше тұрғындар тарапынан көтерілген, біздің пайымымызша жұмысты ширатуға серпін беретін ұсыныс-тілектерге құлақ түріп көрсек…
– Соңғы үш-төрт жылдан бері Тараз қаласы жоғы бүтінделген, кем-кетігі түзелген әсем де көркем шаһарға айналды. Дегенмен осыдан бірнеше жыл бұрын қаладағы сәні кеткен саябақтар, ажары қашқан аллеялар ретке келтіріліп, тұрғындардың бір мезгіл сейіл құруына жағдай жасала бастағанда Төле би көшесінің бойында орналасқан аквасаябаққа да назар аударылса деп ойлаған едік. «Баласағұн» орталық концерт залының жанында орналасқан саябақ бұрын жас талғамайтын, үлкен-кіші деп бөлмейтін, айрықша демалыс орны болатын. Шынын айтқанда, бұрын жамбылдықтар жазғы демалыс маусымын осында өткізетін. Адам аяғы үзілмейтін. Ата-ана да риза, бала да мәз. Өкінішке қарай, бірнеше жылдан бері жұмысын тоқтатып, қазір арса-арсасы шығып жатыр. Білуімізше, нысан мемлекеттің емес, жеке кәсіпкердің иелігінде. Әрине, кәсіпкер өз меншігі болғандықтан қандай мақсатта пайдаланса да өзі біледі. Қазір нысанда шағын құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мүмкін аквасаябақты қайта жаңғыртқалы жатқан болар, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айгерім Ауғанбаева.
Ал өзін Ұлбала Серімбетова деп таныстырған тағы бір қала тұрғыны аквасаябақ жаңаша жасанып, жайлы демалыс орнына айналғанын қалайтынын жеткізді.
– Облыс орталығында ойын-сауық орталықтары, бассейндер баршылық. Шынын айтқанда, әсіресе жазда жұмысы қызатын бассейндерде бала-шағамызбен барып, алаңсыз демалып қайту мүмкін емес. Сол себепті де мереке күндері, кейде сенбі-жексенбіде отбасымызбен тынығу үшін Шымкент қаласына барамыз. Мегаполис қаладан қалтаңыз көтерсе, көңіліңіз қалағанның барлығын табуға болады.
Егер Тараз қаласында демалушылар үшін барлық жағдайы жасалған, ең бастысы қауіпсіз отбасылық демалыс орындары ашылып жатса, ешкім басқа қалаға сабылмайды. Мәселен бұрынғы аквасаябақ қайта пайдалануға берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Кезінде қаланың сәні болған саябақтың қаңырап бос тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қараусыз қалғандықтан қыс айында балалардың сырғанақтарында ойнап, асыр салып жүргенін де көзіміз көрді. Құдай бетін ары қылсын, ертеңгі күні ойын балалары жазатайым оқиғаға душар болса кім жауап береді? Сондықтан да кеш болмай тұрғанда кәдеге жаратудың жолын қарастыру керек, – деген Ұлбала Серімбетова тым болмаса қаланың басқа аумағынан болса да аквасаябақ ашылса деген ұсынысын ортаға салды.
Өз кезегінде жасөспірімдердің де арман-тілегіне құлақ түруді ұмытпадық.
– Қаламыздағы жар дегендегі жалғыз аквасаябақтың істемей тұрғаны өкінішті. Бұрын отбасымызбен, әсіресе достары­мыз­бен келіп, емін-еркін шомылатын­быз. Арнайы мамандар қадағалап тұратын. Сумен сырғанайтын «горкалары» өте жақсы еді. Соңғы екі-үш жылда жабылып қалды, – деген Нұрасыл Талғатұлының сөзін досы Дамир Жансейітұлы жалғады.
– Аквасаябақты қайтадан ашу керек. Тіпті төбесін жауып, қыста да шомыла­тын жер жасаса, балаларға үлкен сыйлық болар еді, – дейді кішкентай қала тұрғы­ны. Тұрғындар мен жас жеткіншектердің талап-тілегін тың­даған соң аталған аквасаябаққа арнайы барып, жағ­дай­ды көзбен көрдік. Айтса-айтқан­дай, қазір саябақ аумағында қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Өзін Дәурен деп таныс­тыр­ған азамат басшылардың рұқсатын алғаннан кейін ғана нақты жауап бере алатынын айтып, шығарып салды. «Жазған құлда шаршау жоқ», Дәуреннің жауабын күтуден басқа амал қалмады. Араға күн салып қайта хабарласқан Дәурен: «Қазіргі таңда саябақ аумағында тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуық уақытта аурухана құрылысы басталатын болады», деп қысқа қайырды.
Осылайша әбден тозығы жетіп, ажары қашқан акваясаябақтың алдағы уақытта ауруханаға айналатыны белгілі болды. Ал тұрғындардың үміті желге ұшты. Яғни жамбылдықтар әлі де Алматы мен Шымкенттің арасын жол қылып, табанынан таусылуға мәжбүр.
Қош, аквасаябақтың жайы белгілі болды. Енді не істемек керек?! Осы орайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұтымды ұсынысы ойға оралады. Аймақ басшысы бірнеше жиында Тараз қаласының және аудан әкімдеріне бюджетке иек артып отыра беруге болмайтынын, сондықтан кәсіпкерлермен, демеушілермен қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырған болатын. Бердібек Машбекұлының жергілікті атқарушы орган өкілдеріне миллиондаған қаржыға «ARAI-ELITЕ» жекеменшік мектеп-гимназиясын салып, пайдалануға берген Арман Еділбаевтың өнегелі ісін кәсіпкерлерге үлгі етуді баса айтқаны да есімізде.
Егер өңір басшысының тапсырмасы аясында тиянақты жұмыстар жүргізілсе, көптеген түйінді мәселенің түйіні өздігінен-ақ тарқатылар ма еді?! Тараз қаласының әкімдігі кәсіпкерлермен келісімге келіп, құрылысқа қажетті жерін беріп, қолдау жасаса, идеяны қос қолдап қолдайтындар табылатыны анық. Кім білсін, мүмкін шынымен Тараз қаласының әкімдігінің «жоспарында бар шығар», «жұмыс жасалып жатқан шығар», «кәсіпкерлерге ұсыныс беріліп, жауабы күтіліп отырған болар».

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.