Театр және кино

Әзілмен әспеттелген отбасы тағдыры

Жазушы-драматург Елен Әлімжанның бүгінгі күнге дейін облыстық қазақ драма театрының сахнасында «Тақталас», «Жанұран» комедиялары мен «Жанталас», «Төле би» атты драмалары қойылып, ұзақ уақыт түспей жүргеніне көзіміз куә. Мәселен, табаны күректей он бес жыл қатарынан қара шаңырақта орындалып келген «Бір қазаққа бір қатын!» комедиясы әлі күнге өз көрерменін жоғалтқан жоқ. Ал, күні кеше жазушының соңғы жылдары жазылған «Әйелдер бір іс бастады» атты комедиялық туындысының тұсауы кесілді. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов те қойылымды көппен бірге тамашалады.

«Отбасы – шағын мемлекет» дейміз. Ал, шағын мемлекеттің ішінде қандай саясат жүруі тиіс? Ерлі-зайыптының ортасындағы үйлесімділікті, сенімді сақтап қалу үшін не қажет? Ол үшін жанұяда рухани үйлесімділік те болуы керек. Рухани үйлесімділік жоғалған кезде екі адам екі жаққа кетеді. Міне, жазушы-драматургтің көтеріп отырған мәселесі осындай тақырыпты жан-жақты шиеленістіріп, жұрттың жүрегіне жеткізе білді. Аты адамзат баласы үшін аңызға айналған, қастерлі һәм қасиетті махаббат сезімінің өзі сенім мен түсіністіктен тұрады десек, шаңырақтың шайқалуына да себеп болатын дүниелер аз емес. Ер азамат өзінің сүйіп қосылған аяулы жарынан, бала-шағасының анасынан не себепті бас тартады? Ал, әйел баласы неліктен өзінің арқа сүйер отағасынан көңілі қалып, оны да, өзін де кінәлайды? Осындай салмақты сауалдарға әзіл-оспақпен сауатты жауап қайыра білген комедия көрермен көңілінен шықты.
Себебі, ондағы шиеленістер кез-келген отбасының басынан күнделікті өтіп жатыр. Оқиға желісі бойынша мұнда Еңлікгүл, Гүлбибі, Аяжан есімді үш әйел үйде бас қосып, өздерінің ер азаматтары жайлы әңгіме өрбітеді. Әзіл-сыры жарасқан құрбылардың мұңы бір болғанымен, олардың мінез-болмысы, көзқарастары, тағдырлары әр түрлі. Бірі кешегі Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовтерден бастап, қазақтың қаранар қаламгерлерінің барлығы суреттеп сөз тауысқан, еріне ғана бас ұратын, оның алдында өзін әрдайым төмен санайтын, пәк болмысты, инабатты, нағыз бабалар заманындағы қыз-келіншектерге тән болмысты болса, екіншісі кеңестік кезеңдегі өмірге еті әбден үйренген, саудамен айналысып, өзі би, өзі қожа болған кексе әйел. Оны отағасын сыйлау, жағдайын жасау, бір саты төмен болу деген түсінік мүлдем қызықтырмайды да. Кесе-шәйнегі сықырласа беттен алып, төске шабуға даяр тұрады. Ал, үшіншісі осы екеуінің де кемшілігін көріп, біліп, бетіне баса алғанымен, өзінің жайы олардан да мүшкіл. Оның Құдай қосқан күйеуі мұны тастап кеткен. Қазір ол өз қателігін әбден мойындаған жалғызбасты ана. Ол перзентін өзі асырап үйренген, ерсіз де өмір сүруге болатынын дәлелдегісі келеді.
Міне, осы үшеуі өз ер азаматтарының жан қалауларын, сыр-құпияларын білу мақсатында «Отана» клубын құрады. Және өздерін ол клубта күйеуінен жолы болмаған әйелдер емес, әрбір ер азаматты қызықтыратын, жапонның гейшаларындай болмыстағы сұлуларға айналдырады. Оған ең бірінші болып келген азамат – инабатты Аяжанның жолдасы. Оның алдынан шыққан жалғызбасты Еңлікгүл Аяжанның күйеуіне жер дүниедегі әрбір ұлттың сұлулары жайлы сыр бөлісіп, жан қалауын сұрайды. Ал, ол ешбір ұлттың өкілі немесе қаланың жеңіл жүрісті қыздары да емес, сезімге берілген, нәзік, мың бұралып, ерінің құшағында талықсыған аруға мұқтаждығын жеткізеді. Осылайша оның алдына бетін бүркеп, испанның аруларына тән болмыспен өзінің жұбайы Аяжан шыға келеді. Бірақ, ер азамат оның өз әйелі екенінен мүлдем бейхабар. Қарапайым, ибалы жары ерінің сырын білу үшін осындай қадамға барады. Ер қанша жерден ессіз ғашық болып, бейтаныс көрінген ару оған «әйеліңмен ажырас, мен сенің бақытың боламын» деп қанша жерден азғырса да ол өзінің әйел, бала-шағасын тастай алмайтындығын айтып және оның жеңілтектеу мінезінен тіксініп қалады. Ал, әйелінің мінезінен әбден жүрегі шайлыққан Гүлбибінің күйеуі керісінше Аяжандай инабатты, күйеуіне ғана бас ұратын келіншек іздеп келеді. Оның да сүйген, іздеген адамы бетін бүркеп, шығыстың биін билеп, аяғын ыстық суға малып қояды. Аңқау күйеу оның Гүлбибі екенін білместен, өзі де осындай әйелді армандайтынын айтып ағынан жарылады. Бірақ, соңғы келген екі ер азамат та өз жандарының қалауын бөгде әйелден емес, өздерінің жарларынан күтетіндігін жасырмайды.
Осылайша әйелдер клубы мүшелері бетперделерін шешіп, өз күйеулерін есінен тандыра жаздайды. Бірақ, соңында ол екеуі де өз қателіктерін мойындап, ерлерінің мойнына асыла кетеді. Ал, кейіннен бұл клубқа жалғызбасты Еңлікгүлдің бұрынғы күйеуі бас сұғады. Абдырап қалған Еңлікгүл балгер кемпірдің образына еніп кетеді. Ер азаматқа бал ашып отырған кейіп танытып, өзінің күйеуіне деген барлық өксігін, жан сырын, көкейіне сыймаған кінәлауларын жайып салады. Ал, оның күйеуі балгердің алдында өз кінәсін мойындайтынын, қанша елді аралап, түрлі қыз-келіншектермен көңіл жарастырса да, ешқайсысы өзінің бұрынғы Еңлікгүліне жетпейтінін, аяулы жары мен баласын әлі күнге сағынатынын, шексіз сезіммен сүйетінін айтады. Шынайы сөздерден кейін көзіне жас алған нәзік жанды әйел, бетін бүркеген орамалын шешіп, өзінің де кінәсін мойындап, әлі күнге кіршіксіз сезіммен сүйетінін жайып салады.
Қойылым барысында барлық кейіпкерлер адал махаббаттың алдында бас иіп, отбасының шаңырағын қызғаныштың отынан, сенімсіздіктің шоғынан, қателіктердің қақпанынан аман алып шығады. Көріністердің әрқайсысында астарлы шындықпен астасқан әдемі әзілдер де жақсы берілген. Үш келіншектің бейнесін жасаған Гауһар Сұлтанбекова, Индира Мұстафаева, Назым Ақылова мен олардың күйеулерінің рөлдерін сомдаған Мейірбек Есімбекұлы, Жасұлан Қамбатыров және Абзал Дәулетбақов өз кейіпкерлерінің шынайы әрекеттері мен психологиялық көңіл-күйлерін барынша сенімді көрсете білді. Халықтың құрмет-қошеметіне бөленді.
Қойылым соңында сахна төріне құрметпен шақырылған шығарма авторы Елен Әлімжан «Мен негізгі сөзімді комедияда айттым деп ойлаймын. Бұрындары ел бірлігіне, тағдырлы тарихына қатысты шығармалар жазып жүрдік. Сондағы бір аңғарғаным, отбасы мәселесі барлық проблеманың басы екен. Оны тарих талай мәрте дәлелдеп келеді. Сондықтан ең алдымен отбасыны түзесек, Отанымыздың өмірі де, мемлекетіміздің келешегі де түзеледі. Және сол арқылы үлкен биіктерден көрінеміз» деп театр әртістеріне һәм көпшілікке алғыс білдірді.
Ал, қойылым соңында комедия кейіпкерлерін сомдаған өнер ұжымына облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР