Sport

Азулы «Астананы» «алып ұрдық»

Written by Aray2005

Өткен сенбіде өткен кездесуге «Тараз» тағы кадрлық мәселелермен шықты. Қорғаушыларымыздың дені жарақаттарынан айығып үлгермегендіктен бас бапкер Вахид Масудов сенімді жастарға артты. Ойынның алғашқы минутынан қақпамызды Сейсен Мұхамеджан қорғаса, шабуыл шебінде Дінмұхамед Қараман мен Гавриил Кан сынды жалынды жастар өнер көрсетті.

Ал елордалықтар кездесуге өзінің оңтайлы құрамын қойды. Сондықтан күні кеше ғана Чемпиондар мен Еуропа лигаларында доп тепкен ойыншылардың шеберлігін тамашалауға стадионға жиналған жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Әрине, жерлестеріміз ең бірінші «тараздықтардың» тілеуін тілегені даусыз. Себебі жан-жақтан «Тараз! Тараз! Тараз, алға!» деп қиқулаған дауыстардан құлақ тұнды. Мұндай қолдауға жігерленген футболшыларымыз алаңда жанкешті ойын көрсетті. Оңтайлы құрамға қарамастан «астаналықтар» алғашқы минуттардан допқа иелік етіп, бірінші нөмірмен ойнауға тырысты. Және сәт сайын қақпамызды нысанаға алып, соққыларын үсті-үстіне үдете түсті. Дегенмен осы жолы қақпашы да, қорғаушылар да білгенінен жаңылған жоқ. Әуелете көтерілген допты баспен кері қайтарып отырса, бетпе-бет келген сәттерде қақпашы Сейсен Мұхамеджан шеберлігімен тәнті етті. Осылайша қорғаушылардың қырағы қимылдарының арқасында бірінші таймды 0:0 есебімен аяқтадық.
Екінші 45 минуттық бастала салысымен «Астана» бізді қайта қыспаққа алуға көшті. Алайда ұрымтал сәттердің бірінде Абзал Таубай елордалық клубтың айып алаңына ене кіріп, оны қорғаушы рұқсат етілмеген әдіс арқылы ғана тоқтата алды. Төреші көп ойланбастан он бір метрлік нүктені көрсетті. Пенальтиді Серж Ньюадзи сауатты орындап, допты торда тулатты. Талай соққыға тойтарыс берген Ненад Эричтің де қақпасы алынды. Жасырып қайтейік, алғашқы голды «Тараз» соғады дегенге «астаналықтар» түгілі, спорт мамандарының өздері де сенбеген еді. Бірақ таблодағы есеп – 1:0.
Бұдан кейін біздің жігіттер тайлы-тұяғымен қорғанысқа көшті. Қонақтар қос қапталдан шабуылдарын күшейтіп, Сейсеннің қақпасынан саңылау іздеумен болды. Алайда «сен соқпасаң, саған соғады» деген футбол қағидасымен айып алаңына ойқастай енген Еливелто дриблингі «астаналық» қорғаушыларды састырып, нәтижесінде доптың жанынан табылған Лобжанидзе екінші голды соқты. Есеп 2:0-ге жеткен кезде де елордалық клубтың кездесу тағдырын өзгертуге уақыты жеткілікті болатын. Сейсен Мұхамеджан сөзсіз ерлік жасап, қақпамызды «құрғақ» күйі сақтап қалды.
Осылайша «Тараз» сенсация жасап, ауадай қажет үш ұпайына қол жеткізді. «Астанадай» клубты екі доп айырмасымен ұту деген екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Кездесуден кейін «Астана» командасының бас бапкері Роман Григорчук те «Тараздың» бұл ойында мықты болғанын мойындады.
– Қарсыластарымызды жеңістерімен құттықтаймын. Бүгінгі ойынымызға көңілім толмады. Ұпай жоғалттық. Жеңілуіміздің себептерін командамен бірге талқылайтын боламыз. Қазір бізде жарақат алған ойыншылар бар. Сол жайт сәтсіздікке ұшырауымызға әсер етуде. Алдағы уақытта олқылықтардың орнын толтыру бағытында жұмыс жасаймыз, – деді бас бапкер.
Ал «Тараз» футбол клубының жаттықтырушысы Вахид Масудов кездесуде жұдырықша жұмылған команда жеңіске жеткенін тілге тиек етті.
– Біз «Астананың» қауқары мен әлеуетін жақсы білеміз. Сол себепті олармен ашық айқасқа шықпадық. Қорғанысқа көңіл бөліп, қарымта шабуылдарға иек арттық. Менің ойымша, біз бәрін дұрыс жасадық. Шабуыл шебіндегі ойыншыларымыз артылған сенімді ақтады.
Өкінішке қарай, әлі негізгі құрамдағы ойыншыларымыз жарақаттарынан айығып үлгермеді. Сондықтан қосалқы құрамымыздың «қолы қысқа» болып тұр.
Бүгінгі кездесуде жастардың арасынан Мұхамеджан, Караман мен Канды сынап көрдім. Олардың ойыны көңілімнен шықты. Бұлар «Тараз» ғана емес, ел футболының ертеңі деп ойлаймын. Аталған футболшылармен бапкерлер алдағы уақытта жіті жұмыс жүргізетін болады.
Жамбылдық жанкүйерлерді көптен күткен жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын! – деді В.Масудов.
Баспасөз мәслихатынан кейін кездесудің басты қаһармандарының бірі – «Тараздың» қақпашысы, жас талант Сейсен Мұхамеджанды сөзге тартқан едік.
– Қақпашы үшін ең басты міндет – ол өз қақпасын голдан аман алып қалу. Бүгін осы жауапкершілік жүгін ақтай алдым деп ойлаймын. Бұл – әрине, тек менің ғана емес, бүкіл команданың еңбегі. Және ерекше қолдау білдірген жанкүйерлерге деген алғысым шексіз! – деді голкипер.
Осылайша «Тараз» оныншы турда олжалаған үш ұпайынан кейін «Ертіс», «Атырау» және «Ақтөбені» артқа тастап, тоғызыншы орынға жайғасты. Көш басында «Астана», «Қайсар», «Тобыл» үштігі келеді. Әрине, үздіктер қатарынан көріну үшін бізге әлі көп тер төгу керек. Егер осы жексенбіде сырт алаңда «Ордабасыны» ұта алсақ, бұл турнир кестесіндегі жағдайымызды тағы жақсарта түсетіні анық. Ендеше, жігіттерге деген сенімді жоғалтпай, сүйікті командамызға жанкүйерлік етейік, ағайын!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР