Қоғам

Азық-түлік қоры жеткілікті

Written by Aray2005

Елімізде пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай талаптарына сәйкес өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг онлайн режимде өтіп, қалыптасқан жағдайға байланысты қолға алынып жатқан шаралар жөніндегі соңғы мәліметтерді бөлісуге бұл жолы облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров келді.

Ол алдымен Президенттің төтенше жағдай енгізгені жөніндегі шұғыл Жарлығына сәйкес сауда объектілерінің жұмыс істеуі бойынша 5 негізгі бағыт айқындалғанын атап өтті.
– Облыста 138 сауда орталығына, 11 ойын-сауық орталығына келесі бағыттар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Біріншіден, облыс аумағында ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейту функцияларын толық орындай отырып шектеу қою. Яғни азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер және базарлар санитарлық және дезинфекциялық іс-шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істеуі тиіс.
Екіншіден, киім-кешек базарларының жұмысына сағат 11.00-ден сағат 17.00-ге дейін санитарлық және дезинфекциялық іс-шараларды күшейте отырып шектеу қойылады.
Үшіншіден, дәмхана мен мейрамхана­лардың жұмысын сағат 22.00-ге дейін келушілер саны 50 адамнан аспайтын санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, сондай-ақ, қолды тазалауға арналған санитайзерлер орната отырып шектеу қою.
Одан бөлек, Жарлықта көрермендердің қатысуымен өтетін спорттық іс-шараларды, сондай-ақ, жаппай отбасылық салтанаттар мен естелік салттарды өткізуге тыйым салу туралы нақты айқындалған.
Төртінші бағыт, сауда орталықтарында, кинотеатрларда, театрларда, көрмелерде, фитнес-орталықтар мен жаттығу залдарында, түнгі клубтарда, адамдар көп жиналатын басқа да объектілерде ойын-сауық аймақтарының жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Бесінші бағыт бойынша мектептен тыс қосымша білім беру нысандары жабылады, – деді Н.Календеров.
Сондай-ақ Нұржан Сәбитұлы облыстың азық-түлік қоры халықтың қажеттілігін 2-3 айға қамтамасыз ете алатынын жеткізді.
– Облыстың көкөніс сақтайтын және мен өзге де қоймаларында 16,1 мың тонна азық-түлік қоры бар. Сондай-ақ бөлшек сауда нысандарында 1,7 мың тоннадан астам көкөніс өнімдері, 350 тонна ет, 1008 тонна ұн, 488 тонна күріш, 254 тонна қарақұмық, 165 тонна макарон өнімдері, 300 тонна өсімдік майы және басқа да азық-түлік тауарлары бар.
Бұдан басқа, облыстың тұрақтандыру қорында 1,3 мың тонна көкөніс өнімдері, 2,6 мың тонна қант, 3 мың тонна ұн және басқа да бірінші қажеттіліктегі тауар қоры сақталған, – деді ол брифингте.
Одан бөлек күн сайын базарлар мен қоймаларға бірінші қажеттіліктегі өнімдердің қосымша легі түсіп жатқанын да айтып өтті. Айтуынша облыс әкімдігі жанындағы жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне күнделікті мониторинг жүргізуде. Тауарлардың құнын негізсіз өсіру фактілері тіркелмепті.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР