Бүгін – Абай күні

0 9

Былтырдан бері 10 тамыз «Абай күні» деген атпен мерекелік дата ретінде аталып өтіп жүр. 

2020 жылдың 4 тамызында Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі «Абай күні – 10 тамыз» деген тармақпен толықтырылған болатын. ХХ ғасырдың басындағы қазақ пассионарлығы өз бастауын Абай ілімінен алған дейтін тұжырым бар. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлт көшбасшыларының Абайға арнап мақала жазып, оның ағартушылық күресін өздеріне үлгі тұтуы сол тұжырымының шындықтан алыс емес екенін көрсетеді. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың оянуы Абай мұрасымен сусындағанын осыдан көруге болады. Сол ғасырдың екінші жартысында ұлттың тарихи жадын жаңғыртқан жазба әдебиет те Абай тақырыбын айналып өткен жоқ. Мұхтар Әуезов алаш арыстарының үзілген жолын басқа сүрлеумен жалғап, бүгінге жеткізген өткел бола білді. Тәуелсіз Қазақстанның советтік идеологиядан сілкініп оянуы да Абайсыз өтпеді. Төл теңгеміздің алғашқы нұсқасына ұлы ақынның бейнесі басылып, 1995 жылы ойшылдың 150 жылдығына арналған тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды той өтті. Бүгінгі күннің биігінен қарап, сол тойдың қазақ руханиятының серпілуіне, еркіндіктің құдыретін сезініп, ұлт болып бірігуіне қосқан үлесі орасан болғанын айтуға болады. Абай әлемге қазақтың ақыны болуымен қызықты. Қазақ әлемге Абайдың мұрасымен өтімді. Қазақ әдебиетінің ресми теориясында жазба әдебиеттің негізін қалаушы Абай деп есептеледі. Күлтегін заманындағы тасқа қашалған әдеби мұра мен одан берідегі Әбу Насыр әл Фараби, Жүсіп Баласағұндардан қалған алтын арқауды қайта жалғаған Абай екеніне расымен де ешкім дау айтпайды. Абайтану қазақ әдебиетінің ең тынысты, ең танымал, ең тартымды саласы болып есептеледі. Оның өзі бүгінде түрлі тармаққа бөлініп, мәуелі ағаштай салаланып кеткен.

Ақынның азан шақырып қойған аты – Ибраһим. 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген. «Сегіз аяқ» дейтін толғауында өз айтқандай, Құнанбайдың Ұлжан атты әйелінен тараған төрт баланың екіншісі осы Ибраһим еді. Оның өз кіндігінен Ақылбай, Хакімбай, Əбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан, Турағұл, Мекаил, Ізкаил, Кенже есімді балалар тараған. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс Абай әулетінің де шаңырағын ортасына түсіріп кетті деуге болады. Қазақтың шежірені ұл баламен тарататынын ескерсек, ашық көздердегі дерек бойынша, ойшылдың тұңғыш ұлы Ақылбайдан тараған бесінші буындағы ұрпағы Данияр Ақылбаев қазір Алматыда тұрып жатыр. Бірақ одан ұл бала тарамаған, Дана, Кәмила, Меруерт деген перзенттері бар.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.