Бүгін – батарея күні

0 14

Қарапайым мысалмен айтқанда, Сіз бүгінгі күніңізді қолыңыздағы смартфонсыз елестете аласыз ба? Бүгінгідей қарыштап дамыған ғылым мен ақпарат ғасырында олай елестете алмауыңыз да орынды шығар. Ал сол ұялы телефоныңыздан бастап, планшет, ноутбук, тіпті көлігіңізді оталдыратын аккумулятордың өзі екі ғасырдан астам уақыт бұрын дәл осы күні ашылған ғылыми жаңалықтан басталған еді.

Атап айтқанда, 1745 жылдың 18 ақпанында  итальяндық физик, электр теориясының негізін қалаушылардың бірі, химик және физиолог Алессандро Вольта дүниеге келді. Оның есімі электр кернеуінің халықаралық  вольт өлшемін ойлап табуы арқылы  ғылым әлеміне мықтап енген болатын.

Оның эксперименттерінің бір бөлігі әлемдегі алғашқы гальваникалық элементті құру болды, оны Вольта бағанасы деп атады. Іс жүзінде бұл жаңалық заманауи батареялардың прототипіне айналды.

Екі бірдей металды (мыс және мырыш тақтайшаларын) қышқылға орналастыру арқылы химиялық энергияны электр энергиясына айналдыруға негізделген бұл жаңалықты Вольта 1800 жылы жүзеге асырды.

Уақыт өте келе итальяндық физиктің өнертабысы әлемге кең таралды. Осылайша жыл сайын 18 ақпанда, яғни ғалымның туған күнінде Батарея күні мерекесі аталып өтілетін болды.

Ресми түрде болмаса да бұл күн әлемнің көптеген елдері үшін  мереке саналады. Дамыған елдердегі ғылыми конференциялар, көрмелер, дәрістер осы күнге орайластырылған.

Аталған ауқымды  іс-шараларға қатысушы ғалымдар  батареялар мен аккумуляторлардың біздің өміріміздегі рөлі, маңызы, яғни электр желісіне байланбай өмірдің көптеген артықшылықтарын алуға мүмкіндік беретін ең қолжетімді қуат көздері туралы адамзаттың есіне салады. Смартфондар, сағаттар, дрондар,фотоаппараттар, шамдар, ноутбуктар, сандық құрылғылар, компьютер тышқандары мен пернетақталар, робот шаңсорғыштар, айта берсек өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған технологиялардың барлығы осы батареяның пайда болуымен дамығаны жасырын емес.

Қазір тіпті су, жел екпінінен  ғана емес, сонымен қатар күн көзінен қуат алатын батареялар да қолданыста.

Әлемдік ғалымдар   батареялардың пайдалану мерзімін ұзарту, қуатын арттыру, қоршаған ортаға зиянсыздығы және зарядтау жылдамдығы  бойынша жұмысты әлі де жалғастыруда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.